Өркениетке өрлеу бір бөлек, ал жаһандануға жұтылу қауіпті. Сырттан енген мәдениетті қалыпты қабылдау ұлттық дәстүрдің ұмыт болуына түрткі. Оған мысалдар да жоқ емес. Бұл жөнінде әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Мақпал Сыздықовамен тілдестік.

Батыстың бүлдіргі мәдениетіне бейімделу белең алды. Сіздіңше, ұлттық құндылықты ұлықтау үшін қандай әрекет-қадам маңызды?
– Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастардың алды 30-дан асып жатыр. Бұл кезеңде жастар білім алып, тәжірибе жинақтап, ақыл тоқтатып, отбасын құрып үлгерді. Олар дәстүрлі құндылықтарды көріп өсті. Ал қазір батыстан келген қазақ қоғамына жат дәстүрлер көзге үйреншікті, құлаққа сіңісті болып барады. Қазақы болмысқа тән әдетғұрып, салт-дәстүр ұмыт болмау керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана халқымыз бала тәрбиесінің бесіктен басталатынын меңзеген. Сондықтан отбасында құндылық жайында жиі айтылу қажет. Дәстүрлі құндылықты дәріптеу дінтанушы, теолог, мәдениеттанушы мамандардың ісі деп бей-жай қарау қате. Иә, жаһандық кезеңдегі қоғамның өзгеруі, дәстүрлі құндылықтың заманауи сипат алуы табиғи құбылыс. Дегенмен ұлтты айшықтайтын салт-дәстүр болғандықтан, оны сақтау өте маңызды. Көрсетілімге шыққан «Дәстүр» фильмі көпке мәлім. Бұл қоғамда резонанс тудырғаны жасырын емес. Күнделікті
өмірде болатын жайттың дәстүрге айналғанын көрсеткендей. Жемқорлық, қылмыстан сытылып кету сынды күрделі дүниені дәстүр ұғымына ұйыстырады. Бұл дұрыс емес. Ұлттық дәстүр құндылықпен астасады. Оның мазмұны мен мәні тереңде. Әлеуметтік желіде дәстүрді насихаттайтын парақшалар санын көбейтуге болады. Ұлттық салтдәстүрді жаңғыртып, қазақтың қолөнерін әлемге танытып жүрген жас суретші, зергер, шеберлерді мемлекет тарапынан марапаттап, ынталандыру жұмыстарын жүргізу де артық етпейді. Тойды да салт-дәстүрге сай өткізу үлкен сеп болмақ.
– Жастар арасындағы жария жүктілік көпке мәлім. Бала жынысын “гендер патимен” білуге әуес. Айтыңызшы, қоғамда құрсақ шашу дәстүрі қаншалықты сақталған?
– Соңғы жылдары лексиконымызда «Гендер пати» сөзі пайда болды. Әсіресе жас отбасын құрғандар үшін таптырмайтын басқосу кешіне айналды. «Гендер пати» – америкалықтардың жақыны және досқұрбыларымен атап өтетін отбасылық мереке. Ал халқымыз баланы өмірге әкелу барысында ешқандай жоспар енгізбеген. Тоғыз ай, тоғыз күн перзентінің жарық дүниеге дені сау болып келуін сабырлықпен күткен. Бала санын да санамаған халықпыз ғой. Ескілікті көрген кісілер әлі күнге баласының да, немересінің де санын айтпайды. Айтқан күнде де «Құдайдың бергендері» дейді. «Гендер патидан» бұрын қазақы дәстүрмен құрсақ тәрбиесіне мән берген абзал. Ол біздің халқымызда бұрыннан бар. «Құрсақ шашу» тойы да мереке іспеттес. Бұл үрдіс бойынша жүкті келіншектің енесі абысын-ажындарын, келін-кепшіктерді шақырып, «құрсақ шашу» тойын атап өтеді. Онда сауық-сайран құрып, ән шырқалып, би де биленіп, келіннің аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алуына тілектес болады. Бұған ер адам қатыспайды. Бүгінде іші білінер білінбестен келіндер жағы «гендер пати» тойын дүрілдетіп өткізсе, енелер сол сауық кешінің сыйлы қонағы ретінде төрде отырады. Ал бұрын көпті көрген, алтын құрсақты аналар келіннің жүкті екенін жалпақ жұртқа жария етіп, бірден сүйіншілемеген. Бала құрсаққа әбден орнығып алғанша ешкімге тіс жармаған. Қазақы болмысқа жат дүниені жақын көрмегеніміз жөн.
Халқымыз «шырағың сөнбесін» дейді. Ал қазір туған күн иесіне шырақ үрлетіп, тілек айтады. Бұл қайшылықты қалай қалыпқа келтіруге болады?
– Торт бетіне шырақ жағып, оны үрлеп сөндіру үрдіске айналды. Онсыз туған күн өтпейтін тәрізді. Үрлемесе тілегі қабыл болмайтындай көрінеді. Мұны университет қабырғасында студенттердің әрекетінен байқап жүрміз. Қазақта «отыңды өшірме» деген сөз бар. Отбасы дегеннің өзі оттан басталады. Жаңа түскен келіннің отқа май құюы жас шаңырақтың оты өшпесін деген қазақ даналығының бір үзігі. Отты үрлеу, іштей соған сеніп тілек тілеу дұрыс емес.
– «Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі дәстүрлі және инновациялық құндылықтар үдерістерін мәдени талдау» жобасымен айналысып жүрсіз. Мұның мазмұны мен зерттеу нәтижесіне тоқталсаңыз…
– Жобаның мақсаты еліміздің қазіргі мәдениетіндегі дәстүрлі және инновациялық құндылықтар үдерісін зерттеу. Оңтүстік өңірлердегі ұлттық мәдениет әлі де басымдық танытып, мәдени доминанталық рөл атқарады. Себебі бұл заңдылықтар оңтүстіктегі қоғамның өмір сүру салтының ерекше сипатын анықтайды. Ал қақтығыс туындатпайтын жаңашыл құндылықтар да байланыстардан шеттеп қалмауы керек. Мұны аксиологиялық және семиотикалық тұрғыда талдап, қақтығыстың алдын алуға ұсыныстар береміз. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастықтағы мемлекеттердің өзара тәуелділігі артып, жалпыға ортақ мәдени ережелері бір жүйеге тартылған. Біз де бұл интеграциядан тыс қала алмаймыз. Тек ғаламдастыру негізінде жергілікті ұлттық дәстүрлер мен ерекшелікті сақтай отырып, өзге мәдениеттен талғап-таңдап, керегін алу қажет. Өйткені түрлі түсті кештер балабақша, мектеп және отбасы арасында трендке айналғанымен өміршең емес. Керісінше ұмыт қалған салтдәстүрiмiздi қайта жаңғыртқан жөн.
Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!