Қазіргі уақытта маңызды мәселелердің бірі-қоғамдағы діннің рөлі болып табылады. Өйткені елімізде дінаралық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымы. Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекетіміздің әрбір азаматының ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Конституцияның 22-бабының 2 тармағына сәйкес, ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру мемлекет алдындағы жалпы және азаматтық құқықтар мен міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.
Елімізде тіркеуден өткен 18 конфессияның өздерінің құлшылықтары мен рәсімдерін еш кедергісіз орындауы, олардың өзара татулықта болуы мемлекет саясатының жемісі. Алайда, қоғамда күмәнді діни ағымдар еліміздегі ар-ождан бостандығы құқығын өздеріне арқау етіп алып халық арасында лаң шығарып жүр. Бұл діни ағымдардың елдің рухани құндылығын дамыту емес, керісінше ұлттық және қоғам құндылықтарын теріске шығара отырып, мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қарсы екенін көруге болады. Олар мемлекетті мойындаймыз, басшыға бағынамыз дегенімен ұстанымында ондай түсінік жоқ. Өздерінің жолын ақиқат санап, қалғанын адасушылық деп білу еліміздегі дінаралық татулығымызға сызат түсіреді. Күмәнді діни ағымдардың басты мақсаттарының бірі-елдің ішінде тыныштықты бұзу болып табылады.
Түрлі діни ағымдардың көбеюі жастардың қай бағытта бой түзеуіне, діни көзқарасының қалыптасуына үлкен әсер етері даусыз. Мемлекеттің болашағы – жас ұрпақтың діни сауатты болуы діни бағыттағы теріс пиғылдарды болдырмауға септігін тигізбек. Аймақта толеранттылық пен дінаралық сұхбат арқылы жастардың өзара түсіністігін арттыру үшін діни сауаттылық бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді. Мұның бәрі түрлі мәдениет пен конфессия жастарының арасындағы толеранттылық пен өзара түсіністікті нығайтуға үлесі зор деп білемін.
Тәуелсіздік тұғырының мықты, ел іргесінің берік болуы, тұтастығымыздың сақталуының өзегі – этносаралық татулық пен мызғымас бірлікте, өзара түсінісушілікте, конфессияаралық келісімде жатыр. Еліміз халықтың ауызбіршілігі мен саяси тұрақтылығын сақтай отырып, этно-конфессияаралық келісімнің ордасы бола алады деп айта аламыз.
Жеңісбек ДӘРІБАЕВ,
Қызылорда облысының дін істері
басқармасының дін мәселелерін зерттеу
орталығының бөлім басшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!