Әдетте мемлекетті де, билікті де кінәлау оңай. Тәуел­сіз ел болса да жүйеден көп кемшілік табуға бо­лады. Бірақ күнде айтатын күйбең тірліктің бітпейтін мәселесі, көп балалы ананың шағымы, жемқорлықтың жанайқайы біз айтқалы отырған құндылықтың қасында түкке де тұрмайды. Жоқ, бұл мемлекеттік жүйені ақтау немесе шырылдаған халықты елеусіз қалдыру емес. Бар болғаны әлем Бейбітшіліктің қадірін білсе дейміз.

Елге коронавирус инфекциясы таралмаған уақыт­ты көзге елестетіңізші… Бейқам халықтың күн де, түні де тыныш болған соң тойы тойланып, бар тапқанын жарияға мақтана көрсеткені күні кеше ғана. Отыз жыл еркіндікті сезінген жұрт бір-бірімен бақталасып бақты сонда. Бірақ елді дүрбелеңге салуға бір вирустың жеткілікті болғаны шынымен таңқалдырды. Әлем әбігерге түскен тұста ел бейбіт күндегі тыныштыққа жылап көрісердей жағдайға жетті. Сонда ғана барып біз «қайғысыз қара су ішсем, ризамын» деген кешегі қазақтың халін түсіндік.

*     *     *

Берідегі босқындар жағ­да­йы да дүрбелең дүниені тағы  өзіне қаратты. Бәрі да­мы­ған, жетілген уақытта тұ­тас бір мемлекеттің қару асы­нып, соғыс бастауы, бейбіт халық­тың бір күнде босқынға айналуы қазақ жұртына қауіпті көрінсе де, олардың жағдайына қарап ел тәубе десті. Соғыс өрті толастамаған, қа­раң­ғылық пен надандық үстемдік құрған Ауған қоға­мындағы адам тағдыры мен әйелдер өмірін бей­­нелейтін «Жарқыраған мың күн» романын сіз де оқыған боларсыз, бәлкім?! Халед Хусейннің шығар­масындағы Саиб әл-Табри­зидің мына өлең жолдары Кабулдағы жағдайды күрсі­ніс­пен бейнелейтін еді ғой:

«Ай сәулесі шатырда, айдың санын кім білген,

Жарқыраған мың күн де қабырғадан көрінбес».

Шығарманың әр тарауына өткен сайын Кабулдың жарылысқа толы көшелерін кезіп жүргендей әсер береді… Кітап соңына жеткенде жылағың келеді: Ауған еліндегі жағдай үшін және өз еліңдегі Тәуелсіздік пен Тыныштықтың қадірін білмей жүргенің үшін…

*     *     *

Бір топ бала тақта алдында тізіліп тұр. Жанарлары­нан әлде алыс арманның ұшқыны әлде әлемге бақыт сұраған бала тілектің нышаны байқалады. Ал әлемге бейбітшілік тілеген «Ақ көгершін» әні көкке әуелеп ба­рады…

Тыныш – бейбіт өмірдің

Белгісі боп қанат қақ.

Әлемге ортақ көңілдің

Қайт шыңына қонақтап…

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!