Фото: Лаура Сабанбаева

Биыл – қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Әлкей Марғұлан Бүкiлодақтық география қоғамының толық мүшесi, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР-iнiң еңбек сiңірген ғылым қайраткерi атанған. Оның бастамасымен Шоқан Уәлиханов шығармаларының 5 томдық толық академиялық жинағы жарық көрді.

«Мен өзімді ең әуелі өнертанушы, одан кейін Шоқанды зерттеуші, сосын барып қана әдебиетшімін, этнографпын, археологпын деп санаймын», – деген еді Әлкей Марғұлан өз естелігінде.

Ғалым тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми-зерттеу жұмысын, 100-ден астам энциклопедиялық мақала жазды. Сондай-ақ қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын тәрбиеледі.

«Біздің заманымызға дейін» деректі фильмі әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы әрі қазақ археологиясының негізін салған Әлкей Марғұланға арналған. Жоба режиссері және сценарий авторы – Сапар Әуелбек. Режиссердің бас кеңесшілері: Әлкей Марғұланның қызы, ғалым Дәнел Марғұлан мен Әлкей Марғұланның шәкірті, тарихшы, археолог Жұман Смаиловтың туындыны дайындауға сіңіріп жатқан еңбегі зор екенін атап өту керек.

Оның басты тақырыптары – Шоқан Уәлиханов, Ер Едіге, Беғазы қорымы және Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі. Бұл тақырыптардың әрбірі құпияға толы деуге толық негіз бар.

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

«Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіретінімді бұрыннан білдім. 2023 жылы маған Әлкей Марғұланның шөбересі Едіге хабарласып, бір ұсыныс тастады.Археолог туралы ғалымдардан, туыстарынан, таныстарынан сұхбат алғанша, жолға шығып, оның зерттеген, көрген жерлерін түсіруді ұсындым. Едіге мені бірден қолдады. Осылайша, биыл түсілірімді бастап кеттік.

Басты мақсатым – ұлттық арналардағы деректі кинолардан алыстап, басқа классикалық деректі фильмдерді көрсету және қосымша ретінде YouTube желісіндегі өзгеше форматты қолдану. Travel блогерлердің әдісін алып, киноларды олардың үлгісімен көрсеткім келеді.

Фильмді көрерменге қызықты етіп жеткізу біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта жұмыстың нақты нәтижесін халық өзі береді»,деді Сапар Әуелбек, «Біздің заманымызға дейін» фильмінің режиссері және сценарий авторы.

Түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстанның бірнеше өңірін қамтиды. Кинотоп Әлкей Марғұланның шығармашылығын зерттеп, оның аяғы басқан жерлерге барады. Елді аралап, халық ауызында қалған тарих, дәстүр, әңгімелерді жинайды. Атап айтқанда, Алматыдан бастап, Қарағанды, Ұлытау аймақтарын зерттеп, Баянауыл, Жасыбайды жағалап, кейін Семей, Аягөз, Талдықорған маңайындағы ескерткіштерге соғып, еліміздің оңтүстігіндегі Бетпақдаладан асып, Сарайшыққа дейін жол жалғайды. Қазақстан бойынша 15 000 км-ден астам жерді жүріп өтеді.

Аталмыш туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан» қолдау тапты.

5 маусым басталған түсірілім жұмыстары 28 шілдеде аяқталады деп жоспарланған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!