Бұған дейін шаһар басшысы Ғанибек Қазантаев Сыр журналистерімен кездесуде айтылған ұсыныстарды қабыл алып, «Қаламгерлер аллеясын» ашуды жоспарлаған болатын. Оның орны Сыр алыптары – Қалтай Мұхамеджанов, Әбділдә Тәжібаев және Зейнолла Шүкіровтердің ескерткіші орналасқан аумақ болып белгіленді.
Ардагер журналистер Жолдасбек Ақсақалов және Игорь Титенок «Қаламгерлер аллеясының» салтанатты түрде лентасын қиды. Ашылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов сөз сөйледі.
«Еліміз тәуелсіздік алған тұста қазақ журналистикасы да ерекше қарқынмен дамып, жас мемлекетімізбен бірге түледі. Сіздер тәуелсіз еліміздің даму тарихындағы небір қиын-қыстау кезеңдерде қоғамда орнықты ой-пікір қалыптастырып, халық пен билік арасында алтын көпір бола білдіңіздер. Қоғамның тынысын дөп басып, көптің көкейіндегісін билікке жеткізу, ортақ мекеніміздің жетістігін насихаттау жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген баршаңызды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын. Мерейлі мереке аясында ашылған аллея игілікке жарасын», – деді қала әкімінің орынбасары.
Жаңа аллея алдағы уақытта абаттандырылмақ және шығармашылыққа жақын жандардың, әсіресе, жастардың бас қосар алаңына айналып, түрлі шараларды өткізетін рухани орынға айналары сөзсіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!