Жыраулықтың туын тіккен Қармақшы өңірі ақ күріштен тау тұрғызған еңбеккерлер мен дала дихандарының да тер төккен қасиетті мекені. Аты аңызға айналған Еңбек Ері, ғасырдың батыр анасы атанған Сәлима Жұмабекованың, данқты тракторшы, «қазақтың Мересьеві» атанған Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтың ерен еңбектерінің өзі тарихта қалған ұлы еңбек.

Бүгін ала жаздай ақеден еңбек етіп, Сыр маржанын төкпей-шашпай жинау үшін күні-түні тер төгетін Қармақшылық дихандардың еңбегі айшықталған күн болды. «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Ақжар ауылында егінжай ерлерімен кездесу өтті. Ақ күріші жайқалған, қызу еңбек қайнаған дала қосында өткен шара нағыз еңбек пен берекенің көрінісіндей болды.

Кездесуге арнайы қатысқан аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел Үкіметі қабылдаған маңызды тапсырмаларға сәйкес облыс әкімінің тікелей қолдауымен ауданымызда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды атап өтті.

Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының «Тұрғындарды картоп, көкөніс және бақша өнімдерімен қамтамасыз етуін қалыптастыру» туралы және азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту үшін әр аудан, қаладағы ауылдарда егін егуге арнайы жер дайындау және бақша дақылдарын егу» тапсырмасы аясындағы жан-жақты жұмыстар жөнінде баяндады.

Одан соң, шаруашылық басшыларымен, еңбеккерлермен күріш жинау науқанын оңтайлы мерзім ішінде аяқтау және алдағы міндеттер жөнінде пікірлесті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!