ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошановтың бұйрығымен Президент Баспасөз қызметінің Сектор меңгерушісі, белгілі журналист Ержан Байтілес бүгіннен бастап ҚР Мемлекеттік хатшысының Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары (саяси қызмет) болып тағайындалды.
Бұл туралы ҚР Президентінің Баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
«Ержан Байтілес «Ақ жол Қазақстан», «Алматы ақшамы», «Алты Алаш», «Ана тілі», «Егемен Қазақстан» секілді еліміздің іргелі басылымдарында тілшіліктен бастап журналистиканың барлық сатысынан өткен тәжірибелі қаламгер. Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмысқа да белсенді араласқан азамат. Осыдан екі жыл бұрын ҚР Президентінің Баспасөз қызметіне арнайы шақырдық. Солайша мемлекеттік қызметтің қыр-сырына үйреніп, үлкен мектептен өтіп, шыңдалды. Енді қанаты қатайып, тәжірибесі толысып тағы бір баспалдаққа көтеріліп жатыр», дейді Берік Уәли әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!