«Газет-журналға жазылып, ақша шығарып не керегі бар? Тіпті болмаса, сол газеттің электронды нұсқасын оқуға болмай ма?» Осындай пікірді жиі естиміз. Сол кезде бұрындары ата-әжеміздің қолына газет алып, керемет көңіл-күймен демалып отырғаны көз алдымызға келеді. Ностальгия емес пе?!

Бүгінде көбіміздің ата-анамыз да басылымдарды оқып отырады. Бұл дана Ахмет Байтұрсынов қалдырған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тәмсіл бүгін де өзектілігін жоймағанын көрсетеді. Иә, ақпарат алмасудың заманауи тәсілдері өмірімізге дендеп кетті. Қазір айтылған ақпарат көзді ашып-жұмғанша сол мезетте-ақ ғаламтор, түрлі сайттар мен әлеуметтік желілер арқылы жаһанға тарап жатыр. Әйтсе де үнемі мониторға, смартфонға үңіле берудің де зияны бар. Интернет сайттан оқығаныңды тез ұмытып қаласың. Сонымен бірге ол көзді тым шаршатып жібереді. Монитордан оқыған мақаламен бояу иісі ісіңген қағаздан оқыған материалдардың әсері екі бөлек екені де даусыз.

Бұл ретте технология жағынан дамыған елдердің өзінде күніне миллиондаған тиражбен шығатын газеттер барын ескеру керек. Сол мемлекеттер газеттерін неге жауып тастамайды? Олар оған бармайды. Өйткені оларда газет оқу мәдениеті қалыптасқан. Біз де осы газет оқу мәдениетін жоғалтып алмауымыз қажет. Мұнда қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі бар. Ел азаматтарының ізгі істері, қоғамдағы өзекті мәселелер жайын тарқатқан журналистердің өткір сөзін газет бетінен табуға болады. Әсіресе, жастар, жерлестер осы үрдістен алыстамаса деген тілегіміз бар.

Бауыржан МАСТЕКОВ,

Облыстық «Жастар ресурстық орталығының директоры»