Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақа­таев есімі бүгінде күллі қазаққа мәшһүр. Ақиық ақын – халқының сүйіспеншілігіне бөленген перзент. Қазақ халқын талантымен баурап алған Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысының қазіргі Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Қарасаздың сұлулығы Мұқағалидың ақындық талантының қайнар көзі болды десек қате айтқанымыз емес. Шынайы поэзия өкілінің өмір мен өлім, туған жер, адам тағдыры, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс қасіреті тақырыбындағы өлеңдері ұлттық реңмен зерделенген қайталанбас лирикалық шығармалар екені анық.
Биыл ақынның туғанына 92 жыл толды. Осы ретте Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Есіңе мені алғайсың» атты дәстүрлі қалалық байқау өтті. Өскелең ұрпақ, жастар арасында Мұқағали шығармаларын насихаттап, мектеп қабырғасындағы оқушылардың шығармашылыққа деген айрықша қабілетін, тұлғалық сезім мәдениетін қалыптастыру мақса­тын­да өткізілген байқау жоғары деңгейде ұйымдас­тырылды. 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан дәстүрлі байқаудың жыл өткен сайын көркемдік деңгейі жоға­рылай түсіп, оқушылардың да шығармашы­лыққа де­ген қызығушылығы артуда. Биыл бай­қауға қаланың білім бөлімдеріне қарасты мектеп оқушыларынан 90-ға жуық талапкер бақ сынады.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. «Қазақтың қара өлеңі – құдіретім» деп аталатын кезеңде талапкерлер ақын өлеңін жатқа айтса, келесі кезеңде ақынның поэмаларынан үзінділер оқыды.
Шығарманың табиғатын, жанрын, оқиға легін түсініп, сол арқылы дауыс мүмкіндіктерін жетілдіре отырып, стильдік жағынан өзгеше орындағандар арасынан №175 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Нұрлыхан Айтжанов, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Аруна Әбілхан, 5 сынып оқушысы Ақнұр Орынбек, Абылайхан атындағы №140 қазақ орта мектебінің 8 сынып оқушысы Талшын Оспан, Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Ақнұр Еламан және 6 сынып оқушысы Бану Жамбылқызының өнері жоғары бағаланып, байқаудың бас жүлдесін иеленді. Жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иелері анықталып, бағалы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Байқаудың жоғары деңгейде өтуіне бірден-бір себепші болып жүрген М.Ералиева атындағы мәдениет Үйінің директоры, белгілі ақын Нұрмат Мансұр шығармашыл жастардың ізденісін, келешек ұрпақтың қазақ поэзиясына деген ерекше құштарлығын атап өтіп, балалардың шеберлігін шыңдауда мол еңбек еткен ұстаздар қауымына, ата-аналарға алғаусыз алғысын білдірді.

Ұлбосын ҚЫЛЫШБАЕВА,
Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!