26 сәуір күні Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ұзақ жылдар білім саласында қажырлы еңбек еткен математик, ғасыр ұстазы Қадыр Әмзеевтің 85 жас мерейтойына арналған салтанатты шарасы өтті.
Салтанатты шараға Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысты. Мерейтой кешінде Наурызбай Сейітқалиұлы ардагер ұстазға Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.
Қадыр Әмзеұлы 1961 жылы Қызылорда пединститутының физмат бөлімін бітіріп, Ақмола облысының «Сабынды» орта мектебінде мұғалім болған. 1963 жылы өз облысымызға келіп, А.С.Пушкин атындағы орталау мектепте және №143, №147 мектептерде мұғалім және директордың оқу істері жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. Оның оқыту әдістерін, педагогикалық жұмыстарды басқару тәжірибелерін үлгі етіп, бірнеше рет аудандық, облыстық семинарлар өткізілген.
Озат тәжірибелері облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институты тарапынан зерттеліп, 1965 жылы «Озат тәжірибе көпке ортақ», 1972 жылы «Толық үлгірімге жету жолында», 1987 жылы «Сабақтарға ЭВМ қолдану-өмір талабы» деген плакаттар шығару арқылы, 1990 жылы «Компьютерлік сауаттылық-білімділіктің негізгі шарты» тақырыбымен екі тілде кітапша шығару арқылы облыс мектептеріне таратылған. Ол кісінің оқыту-әдістері жайлы зерттеу мақалалары «Қазақстан мектебі» журналының 1986, 1988, 1989 жылдардағы, «ИФМ» журналының 1992, 1995, 1996 жылдардағы бірнеше сандарында жарық көрді. Республикалық физика-математикалық журнал «Алгорифмнің» әр жылдардағы сандарында оқырмандар үшін тартымды әрі қызғылықты еңбектері жарық көріп отырды.
Мерелік шара Қадыр Әмзеұлының сөзіне жазылған әсем әндермен жалғасын тапты. Сонымен қатар эстарада жұлдызы Қыдырәлі Болманов ардагер ұстазды мерейтойымен құттықтап арнайы келді. Шара жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен жалғасын тапты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!