qurmet
«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жан, асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» – дейді ұлғатты тұлға Әбу Насыр Әл-Фараби. Осындай қасиеттерді бойына жинай білген тұлғаның бірі ғалым – ұстаз, филология ғылымдарының докторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар Жеңіс Сәдуақасұлы биыл 75 жасын тойлауда.
Ж.Сәдуақасұлы 1946 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ол жастайынан білімге құштар болып, Қазалы стансасындағы №420 мектепті бітірген бойда «Қызылқұм» сегізжылдық мектепке мұғалім ретінде қызметке тұрады. 1967 жылы Қызылорда қаласында Н.В.Гоголь атындағы пединститутқа оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады. Жасынан еңбекке жақын Жеңіс ағамыз орта мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, педагогика және психология кафедрасының оқытушысы, қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, меңгерушісі, доценті, «Болашақ» университетінің проректоры, Қорқыт ата атындағы ҚМУ Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, академиялық профессоры қызметтерін абыроймен атқарған.
Ғылым көкжиегіне талпынып, бет бұрған Ж.Сәдуақасұлы филология ғылымдарының докторы, профессор М.Томановтың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі етістіктің жақ категориясы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Сондай-ақ ғылым да өз бағыты бар ол 1997 жылы «Қазақ тіліндегі бір құрамды сөйлемдердің құрылымдық типтері» диссертациясын қорғап, өзін ғылыми ортада таныта білді. Оның жүзден астам ғылыми және публицистикалық мақалалары, он монографиясы және бірнеше оқу құралдары жарық көрген.
Осындай айтулы күнді Қорқыт ата атындағы университет ұйымдастырып, Ж.Сәдуақасұлының мерейін үстем етті. Шараға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, университет ғалымдары, аймағымыздағы оқу орындар мен мекеме басшылары, ұлағатты ұстаздың шәкірттері және отбасы қатысты. Салтанатты жиынның алғы сөзін университет ректоры Б.Каримова айтып, ғалымға қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, өзінің жылы лебізін білдірді. Жиында ғибратты ғұмыр иесінің өнегелі өмірімен ұстаздық, ғалымдық қызметі, тұлғалық бейнесі жан-жақты ашылып, мерейтой иесіне деген ізгі тілектер айтылып, сый құрмет көрсетілді. Сондай-ақ мерекелік шара барысында Қызылорда облысы әкімінің құрмет грамотасымен марапатталды.
«Осы залда барлығымыздың басымызды қосып отырған жиынның басты себебі тек Ж.Сәдуақасұлы деген фамилия емес, бізді қосып отырған Жеңіс ағамыздың ғылым мен білім саласындағы майталмандық үлгі болар тәжірбелік тәлімгерлік үлкен әріптермен жазылатын ұстаз тұлғасы…» – дейді облыстық маслихат хатшысы Н.Байқадамов.
Өнегелі отбасы иесі, саналы ғұмырын қазақ тіл білімі мен ғылымына арнаған ұстаз Ж.Сәдуақасұлы жайында айтылар ғибратты, тәлімді әңгімелер жетерлік. Оны ұстаз деген ардақты атқа ие қылып тұрған – табиғи болмысы, ғылымға деген құштарлығы мен мамандығына деген сүйіспеншілігі.
Жансая УӘЛИҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!