Кейінгі жылдары әдебиет жайлы әңгіме қозғала қалса, алдымен «балалар әдебиеті әлсіреп кетті» деген қынжылысты естиміз. «Қазақ балалар әдебиеті өлді» деп ашына сөйлейтіндер көбейді. Бұған қарап бір ғана жанрдың емес, тұтас жас қаламгерлер буынының тынысы тарылып тұрғанын аңғару қиын емес. Өйткені балаға арналған кітап азайса, өскелең ұрпақ оқырмансыз қалады, ал оқырмансыз жазушы да өспейді.
Бұл – бүгінгі ғана емес, ертеңгі әдебиеттің тағдырына тікелей әсер ететін мәселе. Осы орайда жас әдебиетшілерді қолдау мәселесі қол бұлғайды. Елімізде қазіргі буын қаламгеріне қандай қолдау бар? Осы сауал төңірегінде аздаған ізденіс жасап, жас жазушылардан пікір алған едік.
«Халық кітап оқитын деңгейге көтерілу керек»
Қазақ әдебиетінің кеңістігінде жастарға арналған қолдау бұрынғыға қарағанда көбейгенімен, оның шынайы әсерін сезіну әлі де қиын. Мәдениет және спорт министрлігі мен түрлі мемлекеттік құрылымдар әр жылдары байқаулар, гранттар, жүлделер өткізіп келеді. Соның ішінде көп айтылып жүргені – «Дарын» республикалық жастар сыйлығы. 2020 жылдан бастап мәдениет пен өнерге бет бұрған жас таланттарды анықтап, оларға материалдық қолдау көрсетуді мақсат етті. Бұдан бөлек, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы қолға алынып, жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттауға күш салынды. Бұл жоба аясында жаңа кітаптар жарық көріп, жастарға шеберлік сабақтары, кездесу алаңдары ұйымдастырылды. 2022 жылы Алматыда өткен бірқатар басқосуда тәжірибелі ақын-жазушылар жастарға бағыт-бағдар беріп, пікір алмасты. Әрине мұның бәрі қуантарлық қадам.
Десе де бұл бастамалардың да олқылығы жоқ емес. Әсіресе олардың көбі республикалық деңгейде шоғырланып қалған. Ал аймақтарда, соның ішінде Қызылорда облысында, жас қаламгерлерге арналған жүйелі қолдау әлі де жетіспейді. Әдеби клубтар аз болғандықтан, жастардың бір-бірімен байланысуына мүмкіндік тар. Қала ішінде анда-санда шығармашылық кештер өтсе де, ауылдық жерлерге ол жетпей қалады. Мектептерде ақын-жазушылармен кездесу ұйымдастырылғанымен, ол жүйелі түрде емес, көбіне бір реттік шара күйінде қалып отыр. Сол себепті ауылдан шыққан талантты жастардың бойындағы қарым-қабілет ашылмай, өз жолын табуы қиындайды. «Ауылдағы қаламгерді қалай қолдау керек?» деген сұрақ осыдан туындайды.
Әдеби әлемде өз қолтаңбасын қалдырып, жазба өнермен айналысып жүрген жазушылардың бірі Есбол Нұрахмет бұл мәселелердің барлығын оқырман шешеді деген пікірде.
– Қазір жас қаламгерлерді қолдау мақсатында мемлекетте жақсы жобалар іске асырып келеді. 18-35 жасқа дейінгі замандастарға арналған «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық понаромасы» жобасы аясында әр облыстан іріктелген қаламгердің кітабын шығарып беріп жатыр. Оның үстіне оған 4-5 миллион теңге көлемінде қомақты қаламақы төлейді. Былтыр 4 миллион теңге болған. Одан бөлек те сыйлықтар бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында жастар шығармашалығына көңіл бөлінуі жақсы деңгейде. Тек бұл жердегі мәселе – солжұмысты жүргізуде ғой. Жылдың басында үкіметтен ақша бөлініп, жылдың аяғына қарай есебін алатын болса, онда сапалы дүние болып шығатын еді. Қазір осы айтылған дүниелер барлығы 2-3 айдың ішінде болған соң, мәселе болатыны жасырын емес.
Тағы бір айта кететіні, бүгінде естеп-септеп кітап бизнесі де жақсы жүріп келе жатыр. Баспалар да өзіне тиімді жол арқылы авторларға қаламақы төлеп, кітабын сатылымға шығарып жатыр. Бірақ оны барлығы көңіл толарлықтай емес. Өйткені нарықта шығармашылықпен айналысатын автордың өмір сүруіне жететін гонорар төленбейді. Бұл жағдайды реттейтін – оқырман ғой. Халық кітап оқитын деңгейге көтерілу керек. Әлі де кітап оқу көрсеткішіміз төмен, – деді Есбол мырза.
«Мәселенің барлығын түбінде оқырман өзі реттейді»
Иә, жазушының сөзінше, әдебиетке қатысты тағы бір түйткілдің бірі – қаржы мен байқаулардың деңгейі. Шығармашылыққа қанат бітіретін басты құралдың бірі – тұрақты қолдау мен материалдық демеу. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекет тарапынан жас қаламгерлер үшін бөлінетін қаражаттың көлемі әлі де аз. Бұл бағытта жақсы бастамалар жоқ емес. Мәселен, Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың тағайындалуы қуантады. Оның мәртебесі биік, әдеби ортада беделді марапат екені сөзсіз. Дегенмен жас авторлардың арасында «бұл сыйлық жаңа бастағандарды емес, аты шыққан, тәжірибелі тұлғаларды көбірек қамтып жүр» деген пікірлер жиі айтылады. Яғни ол да жас буын үшін қол жетпес арманның бірі болып қала беруде.
Сол сияқты республикалық «Дарын» сыйлығы да бар. Қағаз жүзінде бұл – мәдениет пен өнер саласындағы ең үлкен жастар марапаты. Бірақ іс жүзінде жүздеген, тіпті мыңдаған жас талапкердің бәрін қамту мүмкін емес. Байқауға қатысу үшін белгілі бір деңгейде танымал болуың қажет, ал ауылдағы қаламын енді ғана ұштап жүрген жас үшін бұл үлкен кедергі. Сөйтіп, әдебиетке енді қадам басқан жас дарынның жолы алғашқы кезеңнен-ақ тұйыққа тіреледі. Осының өзінде қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге қалам тартып жүргендер некен-саяқ. Десе де осының өзін қолдау мұң болып отыр.
– Замандастарымның арасында аяқ алысы жақсы, қалам ұстауы сауатты жастар баршылық. Баспаханаларға кітабын жарнамалап сатып жатқандар бар. Қазірде қоғамның дертін дөп басып тауып, соны шығармаға айналдырып жүргендер жоқ емес. Оны көп деп те айтпаймыз. Жиырма миллион халыққа шаққанды тым аз деуге болады. Кітабы жақсы сатылып жүргендердің өзі саусақпен санаулы ғана ғой. Осы айтқан мәселенің барлығын түбінде оқырман реттейді. Айтқым келгені – осы, – деп пікір білдірді Есбол Нұрахмет.
«Жас қалам» байқауы – жас қаламгерлерді шыңдайды
Міне, осы тұста республикалық гранттар мен сыйлықтардан гөрі аймақтық деңгейдегі қолдаудың маңызы артады. Жергілікті байқаулар мен шағын гранттар жастарды қанаттандыруда әлдеқайда тиімді болар еді. Бұған нақты мысал бар. Жезқазған мен Ақтөбеде белгілі қаламгерлердің бастамасымен жас ақындарға арналған жыр бәйгелері ұйымдастырылып келеді. Бұл бәйгелердің құндылығы – демеушілікті жергілікті азаматтар көтереді, ал жеңімпаздар бірден өз өңірінде танылып, шығармашылығын жалғастыруға мотивация алады. Осындай тәжірибені Қызылордада да қолға алуға әбден болады. Аймақтық бюджеттен арнайы шағын грант бөлу немесе тұрақты түрде «Жас қалам» байқауын өткізу – өңірдегі жас таланттарды баулудың жақсы жолы. Бұл бір жағынан жастардың өз өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттырса, екінші жағынан әдебиеттің өңірлік ортасын қалыптастырады.
Алайда жас әдебиетшілерді қолдау тек байқаумен немесе сыйлық берумен шектелмеуі керек. Қазақ әдебиетінің жаңа толқынын қалыптастыру үшін нақты стратегия қажет. Жастарға тек «патриоттық өлең жаз» немесе «ұлттық құндылықты көтер» деп талап қою жеткіліксіз. Шығармашылық еркіндік – әдебиеттің басты шарты. Бүгінгі жас қаламгерлердің бойында батыл ой айтуға, қоғамдағы өткір мәселелерді қозғауға дайындық бар. Бірақ қолдау жүйесі әлсіз болғандықтан, көпшілігі ойын ашық жеткізе алмайды. Соның салдарынан жастар жазған шығармаларда дайын штамп, бос ұран жиі кездеседі. Ал шынайы ой мен креатив көлеңкеде қалып жатады. Бұл – қазіргі әдеби ортадағы ең үлкен қауіптің бірі.
Халықаралық тәжірибеге үңілсек, жағдай басқаша. Көптеген елде жас жазушыларға нақты қаржылық және моральдық қолдау жолға қойылған. Мысалы, Францияда Мәдениет министрлігі арнайы бағдарлама арқылы жас қаламгерлердің алғашқы кітабын шығаруға көмектеседі. Бұл – кез келген жас автор үшін үлкен қолдау. Өйткені ең қиын қадам – бірінші кітапты жарыққа шығару. Ал мемлекет соған демеу беріп отыр. Ұлыбритания мен АҚШ-та әдебиетке қолдау көрсетудің одан да терең жүйесі бар. «Ұлттық өнер қоры» (National Endowment for the Arts) арқылы қаламгерлерге стипендиялар бөлінеді. Жазушы сол арқылы күнделікті тұрмыстық мәселеден арылып, шығармашылыққа толықтай ден қоя алады. Әсіресе балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлінеді, онда арнайы марапаттар, гранттар, резиденциялар бар.
Жапонияда әдебиет ұлттық мақтаныштың бір бөлігі. Сондықтан әр жастағы оқырманға арналған байқаулар, фестивальдер үзбей өткізіледі. Мектеп оқушысы жазған шағын әңгіме де республикалық деңгейде жарияланып, жасөспірімнің өзіне сенім ұялатады. Түркияда да осы үрдіс бар, «Жас жазушылар шеберханасы» атты бағдарлама арқылы жас қаламгерлерді тәжірибелі ұстаздар баулиды. Мұндай жүйе бізге де ауадай қажет. Өйткені жас авторға сенім арту, оның алғашқы туындысын қолдау – әдебиеттің болашағына инвестиция жасау деген сөз.
Сондықтан Қазақстан үшін басты дүние жас қаламгерлерге берілетін қолдауды жүйелі әрі әділетті ету. Сыйлықтар тек белгілі адамдарға емес, жаңа бастағандарға да ашық болуы шарт. Аймақтық деңгейде гранттар мен байқауларды жиі өткізу керек. Сонда ғана әдебиетке жаңа толқын келіп, ол қоғаммен үндесіп, өз үнімен сөйлей алады.
Шетелдік шығармашылық өкілдерінің ахуалы қандай?
Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жас қаламгерлерді қолдау дегеніміз тек сыйлық берумен шектелмейді, ең әуелі орта қалыптастыру. Әдеби ортасыз таланттың бағы жанбайды. Мысалы, АҚШ-та әрбір мектеп пен кітапхана жанында арнайы «жазба шеберханалар» бар. Оқушының жазған әңгімесі немесе өлеңі шағын болса да мерекелік жәрмеңкеде оқылады, қолына алғашқы кітапша болып тиеді. Ал «Young Writers Program» деген мемлекеттік бағдарлама жас авторды жазушы ағалардың қарамағына қосып, біртіндеп үлкен әдебиетке жетелейді. Францияда мектеп оқушылары ертегісін суреттеп, «Le Livre Pop-up» атты шығармашылық шеберханада шағын кітап шығарады. Түркияда «Genç Yazarlar Atölyesi» – «Жас жазушылар шеберханасы» ашылып, өңірлерде талант іздеу жүйелі жолға қойылған. Жапонияда тіпті балабақша жасынан бастап әдеби клубтарға тартылып, «Шиосай» секілді орталықтарда балалар да, студенттер де қатар отырады. Мұның бәрі – жас қаламгердің алғашқы шығармасын қоғамға көрсету, ал кәсіби мамандардың сол туындыны түзетіп, кеңес беру дәстүрі.
Бізге де осы тәжірибе ауадай қажет. Президенттік әдеби сыйлық пен республикалық жобалар – жақсы бастама. Бірақ сонымен тоқтап қалмай, жас авторға күнделікті демеу болатын шәкіртақылар, шағын гранттар жүйесін енгізсек, осы деңгейге жетіп қалуымыз әбден мүмкін. Әсіресе бұл мәселе аймақтарда өте өзекті. Өйткені мұнда әдебиетке ынтық жас көп, бірақ олардың бас қосатын ортасы жоқ. Шашырап жүрген шығармашылық энергияны топтау үшін қалада да, ауылда да шағын әдеби клуб ашу маңызды. Ол клубтың мәні – жастардың бас қосып, кітап оқуы, өз жазғандарын талқылауы, пікір алмасуы.
Қарап отырсаң, мұндай қадамның өзі әдебиетке серпін береді. Жапониядағыдай мектеп оқушылары мен студенттерді бір клубқа жинап, жылына бірнеше рет шығарма конкурсын өткізсе, қазынаға тең құнды шығармалар табылатыны сөзсіз. «Әдеби орта» атты шағын клуб Қызылордада да құрылса, ол жергілікті таланттың жаңа толқынын қалыптастырар еді.Өйткені бір шеберлік сабағы, бір реткі марапат жас жазушыны ұзағынан сүйреп әкете алмайды. Жүйелі қолдау ғана жас қаламгердің бойындағы жалынды сөндірмей, өрге жетелейді. Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының да рөлі ерекше. Газет-журнал бетінде жастардың туындыларын жариялау, олардың есімін оқырманға таныстыру – үлкен демеушілік. Көп жағдайда бір шумақ өлеңінің газетке басылғанын көрген жас ақынның жүрегіне сенім ұялайды. Осы сенім арқылы қаламгерді әдебиеттен алыстатпай ұстауға болады…
Сондықтан Қазақстанда жас әдебиетшілерге арналған қолдауды күшейту арқылы тұрмыс билеген санаға сәуле сеуіп, шын шығармашыл жандардың қанатын қайтатар едік. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тек республикалық деңгейдегі сыйлықтармен шектелмеуі керек, әр облыс өз деңгейінде жүйелі шаралар атқаруы тиіс. Тиісінше, сырбойылық жас қаламгерлерге арнайы грант бөлу, тұрақты байқау ұйымдастыру, «Жас қаламгер» атты жыл сайынғы облыстық әдеби бәйге өткізу – өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің болашағына инвестиция болары сөзсіз. Әдебиет – тек өткеннің мұрасы емес, бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың рухани тірегі. Ал ол тіректі жас жазушылардың қаламы ұстап тұрады.
Е.ҚАЛИЕВ,
журналист
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!