фото: ЖИ

Газеттің өткен сандарының бірінде «Бала ата-анаға қарыз ба?» деген мақала жарық көрді. Оқырманға ой салғаны анық. Мен де осы мақаладан кейін бұл тақырыпта ойланып, қолыма қалам алуды жөн көрдім. Өйткені, мен де ата-анасына қарыз перзенттің бірімін.

Таяуда ата-анам отбасылық дастарқан басында маған «болашақта кім болғың келеді?» деп сұрақ қойды. Бір деммен жауап беретін сауал емес екені анық. Өйткені, менің алдымда әпкем мектеп бітірерде өзінің қалаған мамандығына тапсырған еді. Төрт жыл университет қабырғасында табан тоздырып жүріп, алған дипломы түкке аспай қалды. Қайда барса да, жұмыс жоқ. Ол қарап жүрмей, өзі асханада еңбек ете жүріп, екінші жоғары білім алды да, сол бойынша жұмыс істеп жүр. Енді мен ойланамын, оң-солын танымаған балада не тәжірибе болсын?! Еңбек нарығын зерттеп, көзбен көріп, қолмен ұстаған үлкендердің ақылы бізге сеп болатыны анық.

Қазақтың туысқандықты алға тартатын дағдысы бағзы заманнан бар. Бірақ оны өз жөнімен қолданса жақсы. Баласының кім болуы керегін алысқа көз тастап ойланатын жанның бірі – әкем. Таяуда ол осы бағытта шешіліп әңгіме айтты.

– Балам, – деді ол бір жөткірініп алып. – Болашақта әпкең тәрізді қиналып, өзің маңдай теріңмен білім алып, қиындықтың астында қалғың келмейтін шығар… Біз бір мәрте оқытамыз, кейін айнып қалып жатсаң, оған шама жоқ. Ізіңнен еріп келе жатқан іні-қарындастарың да сенен кейін дайын тұрады. Қорадағы күрең байталды сатамын, сөйтіп, оқуға түсіремін, ары қарай сәтін салып, жұмысқа да тұрғызамын.

Әкемнің сөзі – оқ. Көкемнің қайынағасы сотта беделді жұмыс істейді. Егер заңгерлікті таңдасам, жұмысқа тұруыма сол кісінің алдына бұйымтайлап барайын дегенін де ішім сезеді. Сол тәрізді әжем жағынан туысқандарымыз прокуратурада, ішкі істер басқармасында да бар. Түптеп келгенде, құқық қорғау органдарында еңбек етуіме болады. Ал мен оқу бітіре сала әскерге кетуге дайындалып жатырмын. Неліктен?

Өйткені, әскерде өткен уақытым текке кетпейді. Ол жақта әбден ысыламын, өмір мектебінен өтемін. Елге келген соң жоғары білім алмастан, әскерден өтіп келгеніме байланысты қызметке орналасамын. Тым құрыса, әскерде қайда болсам, сол жаққа келісімшартпен қаламын десем, ешкім менің қолымнан қақпайтыны анық.

Жоғарыда айтып өткен туысқандардың септігі тиер-тимес. Бірақ мен болашағымның іргетасын өз қолыммен қалағым келеді. Бұл ата-ана сөзіне түбегейлі қарсы шығу емес, оларға тиімді нұсқа ұсыну. Біздің үйде баланың да пікірі маңызды. «Сен мына салаға барасың» деп мойынға қиып салу дағдысы кезікпейді. Араға біраз уақыт салып, дастарқан басында бұл әңгімені өзім бастадым.

– Мен кім болатынымды айқындадым.

Газет оқып отырған әкем көзілдірігінің үстімен маған көз тастады да, иегімен «жалғастыр» дегендей нұсқады. Әкемнің пәрменінсіз ләм-мим демейтін шешем де бір ауыз жауап бергісі келген. Тыйып тастады. Біздің үйде патриархаттың әлі де күші бар.

– Мен әскерге барамын.

– Неге олай шештің? Оқымайсың ба сонда?

– Әскерге барып келген адамның алдында мүмкіндік көп. Оның үстіне өзім де спортқа бір табан жақынмын. Жазу-сызуға қабілетім бар екені рас, қай мамандыққа барсам да, қолымнан қаламымды ешкім тартып алған жоқ. Сондықтан, әскери өмір маған үлкен мүмкіндіктер сыйлайтынына сенемін. Сол жақта келісімшартпен қалсам да болады. Қарашаңырақтың тізгіні Еркошқа тимей ме?! Мені бәрібір бөлек шығарасыңдар. Ал оқу керек болса, әскерден соң еңбек етіп жүріп те оқып аламын. Қазірше мен, біріншіден, сіздерді шығынға батырғым келмейді. Екіншіден, өзім де әскери салаға барғым келетін. Үшіншіден, жұмыс іздеп, басымды тауға да, тасқа да ұрғым келмейді. Сіздер қалай ойлайсыздар? – деп, бір-ақ тоқтадым.

Зайырлы қоғам, зайырлы мемлекет деген ұғым ойға оралса, ең әуелі менің отбасым еске түседі. Неге? Біздің үйде баланы кішкентайынан ойын именбей еркін айтуға баулиды. Соның ықпалы болар, көп жағдайда біздің көп мәселеге көзқарасымыз қалыптасқан. Әкем мұндайда «менің тәрбием» деп арқамнан қағады. Ал анам «нағашыларына тартқан» деп маңдайымнан сүйеді. Әлгіндегі ойымды бөліп-жармай, ұйып тыңдағаны да біздің сөзімізге құлақ асатынынан ғой.

– Балам, ойың дұрыс. Мен сенің дене жаттығуыңның да жақсы екенін білемін. Сол себепті мен саған сенемін. Әскерде өз басыңды алып жүре алсаң, жақсы жетістікке жететініңе де сенемін. Білектің күші ғана емес, жүректің түктілігі де маңызды, – деді әкем.

Анам менің білім деңгейімді біледі. Содан соң жақ ашпады. Ол – қолдағаны. Әйтпесе, анау айтқандай, білімдар емеспін. Мен тегін оқу грантын ұтып ала алмайтын тәріздімін. Жылына жарты миллионды университетке төлеп, ақылы оқуға ынта да, мұрша да жоқ.

Сондықтан, әңгіменің әу бастағы тақырыбына оралайық. Ата-ана ешқашан баласына жамандық ойламайды. Өйткені, бала – оның ізі. Сондықтан, ізі жарқын болуы үшін баланың мықты болуына күш салады. Баланың өзінен де асып түскенін қалайды. Ал ондай ата-ананың сен туралы жоспарына неге қайшы келуің керек?! Ата-ана сен үшін шешім қабылдап жатса, оған қуануың керек. Өйткені, сенің шамаң келмейтін жерде олар міндетті түрде қолтығыңнан демейді. Ал жұрттың, жұрт болғанда әлгі психологтар мен коучтардың дәрістеріне «тойып алып», ата-ананың сөзіне қарсы шығып, «мен саған қарыз емеспін» деу – ата-анасымен бір дастарқан басында отырмайтын кей жастардың тірлігіне парапар ғой.

Ертеңгі күні мен қай мамандықты таңдасам да, болашақта жұмыс таба алатын, еңбек нарығында сұранысқа ие саланы таңдаймын. Бұл – ата-анамның ақылы. Түптеп келгенде, ата-ананың айтқанын істеу – қарызың ғана емес, парызың да.

Жантөре ТҰРСЫНХАН,
Қызылорда қаласы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!