«Барлық ұлы істер кішкентай істерден бастау алады» дейді Питер Сенге. Осы мақсатта жапондық ірі компаниялар еңбек сапасын жоғарылатып, жетістікке тез жету үшін қарқынды түрде кайдзен әдістерін қолданады. Бұл стратегия сіз бен біздің армандарымыздың нақтылануына көмектеседі. Нәтижеге жету үшін жасалатын кішкентай қадам пәлсапасы алғаш рет Жапонияда соғыстан кейін генерал Дуглас Макартураның оккупациялық күштері қираған елді қалпына келтіруге кіріскен кезде енгізілген.

Кайдзен – дамуға апаратын үздіксіз, шағын қадамдар стратегиясы. Кайдзен сіздің назарыңызды басқару арқылы энергияңызды да басқаруға негізделген жоспарлау жүйесі десек қателеспейміз. Өзгерістің барлық түрі, тіпті, оң өзгеріс болса да кейде бізді қорқытады. Түбегейлі немесе революциялық әдістер арқылы алға қойған мақсаттарға жете алмайтын сәттер болады, өйткені олар санадағы қорқынышты күшейтеді. Бірақ кайдзен стиліндегі кішкентай қадамдар мидың реакциясын жеңілдетіп, ұтымды ойлау мен шығармашылықты ынталандырады. Кайдзеннің жеке қолданылуы алты түрлі стратегияны қамтиды. Олар:

– қор­қыныш­ты басып, шығар­машы­лықты ша­быт­тан­ды­ратын шағын сұрақ­тар;
– жаңа дағдылар мен әдеттерді қалыптастыруға арналған шағын ойлар;
– табысқа кепілдік беретін шағын әрекеттер;
– жойқын дағдарыс жағдайында да кішігірім мәселелерді шешу;
– өзіңіз үшін нәтижелердің жақсаруын ынталандыратын шағын сыйақылар;
– басқалардан асып түсетін кішкентай, бірақ шешуші сәттерді танып, мойындау.
Миды «бағдарламалаудың» ең тиімді әдістерінің бірі – кайдзеннің жоғарыда аталған шағын сұрақ қою әдісі. Олар шығармашылық пен еркіндікке қолайлы жағдай жасайды. Басқаларға шағын сұрақ қою арқылы сіз шығар­машылық ағынды бүкіл коман­­даның ортақ мақса­тына бағыт­тайсыз. Өзіңізге шағын сұрақ­тар қою арқылы өзгерістерге арналған кайдзен бағ­дар­лама­сының негізін қалай­сыз.
Адам миы сұрақтарды жақсы көреді. Қаласаңыз, осы экспериментті жасап көріңіз. Досыңыздан жанында тұрған көліктің түсін сұраңыз. Сіздің досыңыз баста не сұрап тұрғаныңызды түсінбеуі мүмкін. Келесі күні сұрақты қайталаңыз, содан кейін тағы бір рет сұрап көріңіз. Төртінші күні досыңызда таңдау қалмайды. Ол тұраққа көлігін қоярда міндетті түрде жанындағы көліктің түсіне қарайды. Себебі оның миы сіздің оғаш сұрағыңызға жауап беруге дайын тұрады. Сондықтан ол көліктің түсін қысқа мерзімді жадқа енгізеді. Бұл нәтиже үшін біз есте сақтау механизміне қатысатын гиппокампқа қарыздармыз. Ол қандай ақпаратты сақтауды және қайсысын қалпына келтіру керегін шешеді. Есте сақтауға арналған гиппокамптың негізгі критерийі – қайталау. Яғни бір сұрақты жиі қою арқылы ми оған назар аударып, жауап іздеуге кіріседі.

Шаһизада ИСА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!