Махаббат оқиғасының мойындамаудан басталатыны, қызық ә?! Алғашында ұнатып тұрғанымен екі тарап та өзімшіл болатыны рас қой. Олар да бастапқыда осылай тілдескен. Қыршаңқы тілмен… Тағы бір жолы зілсіз әзілмен қағытып өткен. Жаратқанның жазуы болар, әйтеуір жақын таныс болмаса да, екеуі жолығып қала беретін…

Осыдан бес жыл бұрын шаңырақ көтерген Жомарттың әңгімесі ғой бұл. Үйдің үлкені де, кішісі де өзі болған соң, көп жағдайда еркін. Әсіресе басына «құрық түспеген» сәтте жан-жағына көп қарайлайтын. Сондай бір алаңсыз шақта болашақ жары Айшолпанды кезіктірген. Тәрбиелі, ұяң қыз мұның қағытпа әзілдеріне қарап, «осы баланың мінезі біртүрлі» деп ойлағаны да рас. Мектеп кезінде екеуі де белсенді болды. Әсіресе, Жомарт «Жас Ұлан» ұйымының мүшесі ретінде Айшолпан оқитын мектепке жиі бас сұғатын. Осындай кездейсоқ кездесулер олардың жақын араласуына әсер еткен.

Кешірім мен сабыр – берекенің бастауы

‒ Айшолпанның болмысы анама ұқсайды. Бастапқыда «әжесінің қызы» екенін білгенімде, қуанғанымды көрсеңіз?! Қазір әже тәрбиесін көрген қыздар аз ғой… Содан болар, келіншегімді одан бетер қатты жақсы көріп кеттім. Оның ең жақсы қасиеті ‒ кешірімшіл. Отбасын құрмай тұрып, жастық желікпен жиі серуендейтінмін. Соның бәріне түсіністік танытқан келіншегім менің байыпты болмысымды ұнатыпты. Шаңырақ көтермес бұрын екеумізде айтарлықтай қағида немесе ереже болған емес. Мүмкін, қыз-жігіт болып араласқан бес жылда бір-бірімізді тәрбиелеген болармыз. Ал үйленген соң, келіншегімнің ас әзірлеуде шебер екенін, маған қарағанда ортамен тез  тіл табысатынын байқадым. Сенесіз бе, кейде туған-туыстарыммен хабарласуға уақыт таппай қаламын. Ал Айшолпан менің барлық досым мен жақындарымның жағдайын біліп отырады. Үй тірлігі мен үш баланың күтімінен бөлек бәріне үлгеріп жүретін Айшолпанға қарап, өмірлік таңдаудан жаңылыспағаныма қуанамын. Біз осылай бір-бірімізді толықтырып тұратын тәріздіміз, ‒ дейді Жомарт Кенжебаев.

Кешірім мен сабыр – берекенің бастауы

       Марқұм журналист Бейсен Құранбек отбасында берік ұстанған келесі қағида жас отбасыға жақсы таныс. «Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз. Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды» деген отбасы ережелерін Жомарт пен Айшолпан үнемі естей ұстайтынын айтады.

Кешірім мен сабыр – берекенің бастауы

     ‒ Аруназ, Айару, Дінислам ‒ біздің отбасымыздың негізгі қуанышы. Олар жақсы тұлға болып өсуі үшін біз алдымен өзімізді тәрбиелеп жүрміз. Ал Жомарттың мен жақсы көретін ең жақсы қасиеті ‒ қандай жағдай болса да өзгермейтін сабырлылығы. Кейде бір пікірге келіспей қалсақ, ол үнсіз ойланып қалады немесе ештеңе деместен сыртқа шығып кетеді. Өзінің пікірін дәлелдеп, жанжалдасуға тырыспайды. Кейін барып, мән-жайды байыппын түсіндіреді. Сол кезде қатем болса, мен кешірім сұраймын (күліп). Мұның өзі отбасының берекесін нығайта түседі, ‒  дейді отанасы Айшолпан.

Кешірім мен сабыр – берекенің бастауы

      Бақытты сәттерге толы бес жылдықты атап өткен жас отбасыға «шаңырақта бәрі жақсы болу үшін ер адам әйел адамнан не күтеді? Ал әйел адам ше?» деген сауалымызды да қойған едік.

  ‒ Әйел адам отағасының мазасын ала бермегені дұрыс, ‒ деп әзілдей жауап берді Жомарт. ‒ Жалпы ер адамдар «қайда жүргенін», «қайда барғанын» сұрап, алаңдай бергенді ұнатпайды. Олар келіншегінің өзіне толықтай сенгенін қалайды. Ал әйел адамдар керісінше. Олар өздерін сағат сайын іздеп, еркелетіп отырғанды жақсы көреді. Менің келіншегім де сондай. Сондықтан менде оған барынша көңіл бөлуге тырысамын. Бірақ кейде қарбалас жұмыспен ұмытып кетіп те жатамыз, ‒ дейді ол. Осы орайда тағы да мына жазба еске түседі: «Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын»  дейтін еді ғой Бейсен аға. Расында Жомарт пен Айшолпанның отбасындағы татулық пен түсіністік осындай маңызды қағидаларды берік ұстағаннан жақсылыққа бастайтын болар… Бір білеріміз, көп балалы, ордалы отбасы болуға ұмтылған жастардың көпке үлгі екені ғана…

P.S. Үлкендер жиі айтатын мына сөзді сіз де естіген боларсыз: отбасын құру үшін ұнату жеткілікті. Ал оны сақтап үшін шыдамдылық, кешірім және өзара түсіністік, жауапкершілік керек… Жас отбасының әңгімесінен біз де осыны түсіндік.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!