Кітап – руханияттың мәйегі, ұлттың жады мен зердесін сақтайтын шежіре. Биыл елімізде алғаш рет Ұлттық кітап күні атап өтілуде. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жүрегі бар үйлер, яғни кітапханалар дәл осы датада бір серпіліп қалған секілді. Кітап оқу мәдениетін көтеруді мақсат еткен орталықтар түрлі кештер мен іс-шараларды ұйымдастырып, оқырмандарымен байланысын нығайта түсті. Көңіл қуантарлық жайт. Десе де кітапханалардағы тіршілік тап осы күндердей үнемі қайнап жатпайтыны тағы бар.

Кітап жайын қозғағанда баспа ісі де бас көтеретіні жасырын емес. Баспа саласының бүгінгі жай-күйі көңіл көншітпейді. Қазақстанда кітап шығару ісі негізінен коммерциялық сипатқа ие. Мемлекеттік тапсырыспен жарық көретін кітаптар саны шектеулі, ал жеке баспалар көбіне өз қаржысына жұмыс істегендіктен сапалы кітап шығаруға кедергі келтіріп отыр.

Бүгінде қазақ тіліндегі кітаптардың таралымы әдетте 500-1000 дана шамасынан аспайтын көрінеді. Мұндай аз таралымдағы еңбек тек қалалық кітап дүкендерінде ғана кездеседі. Ал ауыл оқырманына жету «арман» дерсің.

Сонымен қатар кітап ұрлығы, яғни плагиат, рұқсатсыз басып шығару мен көшіру сияқты құқықбұзушылықтар әлі де жиі кездесетін түйткіл. Сатылымға кеше шыққан кітаптың электронды нұсқасын бүгін әлеуметтік желіде саудаға салып отыратындар тіпті көбейген.Бұл авторлық құқықты қорғау тетіктері толыққанды жұмыс істемейтінінің дәлелі. Мұның салдары жазушының еңбегіне деген құрметтің төмендеуіне әкеледі.

Айта кетейік, сәуір айының басында өткен фракцияның кеңейтілген отырысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге бірнеше сауал жолдаған болатын. Онда депутат отандық кітап баспаларын салықтан босату жөнінде мәселе көтерді. Айтуынша, соңғы үш жылда қағаздың, бояу мен логистикалық шығындардың күрт өсуі отандық баспагерлерді тығырыққа тіреп отырған көрінеді.

– Кейінгі 4-5 жылда отандық кітап баспасының индустриясы жақсы дамыды. Алайда отандық кітап баспагерлері күнде хабарласып жатыр. Қағаздың бағасы кейінгі жылдары екі есеге жуық көлемде қымбаттаған. Елімізге қағаз сырттан импортталады. Осыған байланысты бұл сала, яки қағаз нарығы әлемдік нарықтағы өзгерістерге қатты тәуелді. Екіншіден бояу және полиграфиялық материалдар бағасы да өскен. Үшіншіден логистикалық шығындар, әсіресе шалғай өңірлерге жеткізу құны бірнеше есе көбейіп отыр. Отандық көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік, балалар және оқу әдебиеттері баспасымен айналысатын отандық баспагерлерді қосымша құн салығынан толық босату немесе 0 (нөл) %-дық мөлшерлеме енгізу керек, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат, сонымен қатар, келесі ұсынысында қағаз, бояу, баспа жабдықтары секілді негізгі материалдарға қатысты импорттық салықтар мен ҚҚС бойынша жеңілдіктер енгізуді сұрады. Министр Серік Жұманғарин айтылған ұсыныстармен келісетінін білдірді. Алайда толығымен босатуды құптамаса да, екінші оқылымға дейін қайта талқылау қажеттігін атап өтті.

Иә, кітап баспасы – шешілмеген шиеленісі көп, жауапкершілігінің жүгі ауыр сала. Баспаға байланысты бұл мәселелер бір ғана қаламгердің емес, бүтін ұлттың мәдени мүддесіне қатысты. Мемлекет тарапынан кешенді қолдау, саланы цифрландыру, жас авторларға жағдай жасау – уақыт талабы. Әдебиетке жанашырлық – ұлт болашағына жасалған инвестиция. Ал кітаптың қадірін білген елдің қашанда руханияты биік болмақ.

ӘДЕБИЕТ ПЕН ӘЛЕУМЕТ

Бүгінде қазақ әдебиетінде түрлі жанрда қалам тербеп жүрген жастар қатары жыл санап артып келеді. Жаңа буынның жан-жақты ізденіспен келуі көңіл қуантады. Десе де бүгінде кейбір жазушылар мен ақындар ұлттық дәстүрді заманауи стильмен ұштастырып, жаңа форма, жаңа мазмұн тудыруға талпыныс жасауда. Әдебиеттегі ұлттық және жаһандық құндылықтар қақтығысы – қазіргі қазақ әдебиетінде жиі көтерілетін, терең әрі күрделі тақырыптардың бірі екені даусыз. Мәдениеті қазақы таныммен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын елдерге еліктеу ұлттық құндылықтың ұстынын құлатпай ма деген қорқыныш тудырады. Бұл қақтығыс негізінен дәстүрлі қазақ болмысы мен заманауи, жаһандық мәдениет арасындағы қайшылықтан туындап отыр.

– Қазақтың жақсы сөздері күн сайын азайып жатыр. Біз «өркениетке еліктеген осылай болады » деп күн сайын ақымақтық жасап отырмыз. Шетелдің жазушысы қанша данышпан болса да, дүниеге қазақтың көзімен қарай алмайды, қазақтың жүрегімен сезіне алмайды.

Жастар көп нәрсені оқиды. Бірақ, сол өзге жұрттың дүниесіне барады да қайта алмай қалады. Қазақтың сөзін олай сындыруға келмейді, қазақтың тілі – оның ішкі дүниесі. Оны сындырып не жасайсың? Жастар қайтып келеді бәрібір. Қазіргі болып жатқан процесс – американизация – өзің үшін өмір сүру. Бір күні бір балам қарындасына: «Ол сенің проблемаң, өз проблемаңды өзің шешуің керек» деп ұрсып жатыр екен, алдым да ұрдым. «Ей, сен не айтып тұрсың, мынау сенің бауырың емес пе?» Біз шетел деп есіміз кетеді, оларда бауыр жоқ, оларда тек адамның жалғыздығы бар, оны одан сайын күшейтіп жатыр.

Жастардың оқитыны шетел әдебиеті, тыңдайтыны шетел музыкасы, өйткені, ол – байдың баласы. Бірақ, кім айтты ағылшыннан қазақтың ақыл-ойы, танымы төмен деп. Олар өздерінің қазағын танымайды, бұрынғы қазақтың үйлесімді ішкі гармониясын, қуатты әлемін білмейді, – дейді ақын Мейірхан Ақдәулетұлы «Қаламгер» порталына берген сұхбатында.

Расында да қазақ әдебиеті ежелден ұжымдық дүниетанымға – ру, ел, ұлт мүддесіне бағынған санаға негізделсе, қазіргі жаһандық әдебиетте даралық, өзін-өзі табу, еркіндік құндылықтары басым. Бүгінде жас қаламгерлер осы екі жүйені үйлестіруге тырысады – бір жағынан ұлттық түп-тамырынан ажырағысы келмейді, екінші жағынан заманның рухына ілескісі келеді. Жаһандану тіл арқылы да көрініс табатын құбылыс. Қазақ әдебиеті бұрынғы бейнелі, салмақты тілден алыстап, жеңіл, жалпылама тілмен жазуға бейімделіп келеді. Бұл оқырман санын арттырғанымен зардабы ауыр шешім. Себебі әдебиетіміз тілдік тереңдік пен ұлттық реңкті жоғалтып алуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ бүгінде қаламгерлер шығармашылығында отбасылық қарым-қатынас, гендерлік теңдік, урбанизация, көші-қон, жалғыздық сияқты жаһандық тақырыптар жиі көтеріледі. Бұлар бұрынғы әдебиетке жат еді. Дәл осы мәселелердің ұлттық санада қалай қабылданатыны – күрделі сұрақ. Жас буын көбіне батыстық құндылықтармен тәрбиеленгенімен, жүрегінде ұлттық түбір бар. Олар әдебиеттен өз ішкі қайшылығына жауап іздейді. Бұл қақтығыс әдебиетті күйретпейді, керісінше оны түрлендіріп, жаңа бағыттарға жетелейді деп сенейік.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!