Кітап – уақыттың үні, тарихтың ізі, білімнің шырағы. Ол – адамның ой-санасын кеңейтетін, жүрегіне жылу сыйлайтын, жанын байытатын рухани азық. Кітаптың құдіреті – оның шексіздігінде, бір адамның ғұмыры жетпейтін білімді бір ғана параққа сыйғыза алуында. Әрбір кітап өзінше ерекше. Бірі өмірдің мәнін ұғындырады, бірі жүрекке үміт ұялатады, енді бірі сананы сергітіп, жаңа ойларға жетелейді. Кітап – мың сан тағдырды тоғыстыратын алтын көпір, өмірдің қыр-сырын үйрететін ақыл ұстазы десек болады.
Уақыт өзгерер, ұрпақ ауысар, бірақ кітаптың құндылығы ешқашан жойылмайды. Қанша технология дамып, ақпарат тасқыны күшейгенімен, нағыз даналық – терең ой мен парасаттылық кітаптың әр жолында жасырылған. Ол – адам баласының ең асыл қазынасы, ақыл мен сезімнің тұңғиық теңізі. Кітапты қолға алған әрбір жан өзін жаңа бір әлемнің есігін ашқандай сезінеді. Ол әр бетінде сыр шертіп, әр сөйлемінде ойландырып, әрбір сөзімен адамды өзгертуге қабілетті. Дегенмен бүгінде адамзаттың басым бөлігі кітапты шаң басқан сөреде қалдырып, санасының да сол шаңға көміліп жатқанын ескермейді. Себебі кітап оқыған адам өзгелерден ерекше болады. Ол өмірді басқаша қабылдайды, кез келген жағдайға тереңірек үңіледі, ең бастысы – ойлануға үйренеді.
– Сіз «яндекстен» такси шақырған кезде, өзіңіздің қайда тұрғаныңызды білу үшін картаны үлкейту керек. Кітап та дәл сондай күшке ие. Кітап оқымасаңыз, қуыс көшені ғана көре аласыз. Ал кітап оқыған адам көкжиегі кеңейіп, әлемді таниды. Бұдан кітап оқыған адам адаспайды. Өмірдегі түрлі мәселенің шешім табу сапасы көбейеді, – деді автор, аудармашы Шразаддин Каниязов.
Кейінгі уақытта кітап оқитындар емес, кітап жазатындар көбейді. Бұрын қалам ұстаған жазушы жылдар бойы ізденіп, ой елегінен өткізіп, терең мағыналы шығармалар жазатын. Ал қазір кітап шығару технологиясы жеңілдеді, электронды басылымдар көбейді, өзін жазушы деп санайтындар артты. Біреулер өмірлік тәжірибесін баяндап, мотивациялық кітаптар шығарады. Енді біреулер көркем әдебиетке қалам тербеп, өзінің жазушылық шеберлігін танытуға тырысады. Алайда осылардың бәрі оқырманға қажет пе? Бұл шығармалардың шынайы құндылығы бар ма? Үлкен сұрақ.
Қазіргі қазақ әдебиетіне қатысты сын айтқан тұлғалардың бірі – ақын, жазушы және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов. Ол өзінің шығармаларында және сұхбаттарында қазіргі әдебиеттегі кейбір мәселелерге назар аударып, жас жазушылардың шығармашылық деңгейіне сын көзбен қарайды. Мысалы, бір сұхбатында ол: «Қазіргі кезде көптеген жас жазушының шығармаларында тереңдік пен мазмұн жетіспейді, олар көбінесе жеңіл тақырыптарға әуес» деген пікір білдірген. Бұл сын қазіргі әдебиеттегі сапа мәселесіне назар аударуға шақырады.
Бүгінгі кітап нарығының негізгі тенденциясы – коммерция. Әдебиеттің негізгі мақсаты оқырманға рухани байлық сыйлау, ойландыру, жаңа көзқарастар ұсыну болса, қазіргі көптеген кітап тек сатылым үшін жазылады. Блогерлер, вайнерлер, танымал тұлғалар «өз тәжірибесі» негізінде мотивациялық кітаптар жазып, оларды үлкен маркетингтік жобаларға айналдыруда. Олардың арасында шын мәнінде құнды еңбектер де бар. Бірақ көпшілігі – танымалдығын пайдаланып, кітапты тауарға айналдырудың айқын мысалы. «Табысты бол», «Өміріңді өзгерт», «Кедейліктен құтыл» деген секілді жалпылама кеңестер беретін кітаптар мазмұны жағынан бірін- бірі қайталайды. Және олардың көпшілігі – шетелдік бестселлерлердің қазақша немесе орысша нұсқалары ғана.
Қазіргі уақытта көркем әдебиет те сапалы туындылардан гөрі жылдам сатылатын, жеңіл оқылатын шығармаларға ауысып барады. Әлем әдебиетінде де бұл үрдіс байқалады: жеңіл тілмен жазылған, қарапайым сюжетке құрылған шығармалар үлкен сұранысқа ие. Бұл оқырманның кітапқа деген көзқарасын өзгертіп жатыр.
Бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кітап авторларына қатысты сыни пікірлер көп кездесетін. Мәселен, Нәзір Төреқұлов Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» жинағына сын мақаласын жазып, кейбір өлеңдерінің поэзиялық қуатының төмендігін атап өткен. Бұл мақала өз уақытында әдебиетшілер арасында үлкен пікірталас тудырды. Қазіргі таңда қолында қаламы бардың бәрі жазушы, бәрі қаламгер. Тіпті сыни пікір де аз айтылады. Тек қазақ кітап оқыса болды деген мотив болып тұрған сыңайлы. Одан классикалық әдебиет, философиялық ойға құрылған шығармалар көп оқылмайды. Өйткені оларды оқу үшін ойлану, сараптау, түсіну керек. Қазіргі кітаптардың көбі оқырманға дайын жауап ұсынып, өмірдің қарапайым формуласын түсіндіргендей әсер қалдырады. Бірақ өмір бұлай жұмыс істемейді. Сонда оқырманның ақысын кім береді?
Бүгінгі әдебиеттің басты мәселесі – сан мен сапаның арасындағы теңгерімсіздік. Кітап көп, бірақ нағыз құнды дүние аз. Көркем әдебиет әлсіреп, коммерциялық жобалар күшейіп келеді. Бұл әдебиеттің болашағына қауіп төндіреді. Жазушы атанғысы келген адам бір сұраққа жауап беруі керек: «Мен не үшін жазамын? Ақша үшін бе, әлде болашақ ұрпаққа ой қалдыру үшін бе?» Егер жауап бірінші нұсқа болса, онда ол автор емес, жай ғана кәсіпкер. Ал екінші нұсқа болса, оның шығармасы уақыт сынынан өтіп, шынайы әдеби құндылыққа айналады.
Әдебиетті коммерциядан құтқаратын бір ғана күш бар, ол – оқырман. Егер оқырман сапалы кітапты талап етсе, мазмұнсыз дүниелердің ғұмыры қысқа болмақ. Сондықтан оқырман да талғампаз болуы керек. Әдебиет – тек жазушылардың емес, оны тұтынатындардың да қолында. Бұрындары қазақ кітабының оқырманға жетейін десе жолын кесіп, көрінейін десе көлегейлеп отырған тас-табан тосқауылдар, халықтың рухани тыныстауына жасалынып отырған жасанды кедергілер көп еді. Ал қазір кітап әлеміне қадам басқандардың қатары қалыңдағанымен, олардың ішінде сөзге жан бітіріп, ойдың биігіне ұмтылатын нағыз жазушылар аз.
Азамат АБИМОЛДА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!