Қазір кітаптың түрі көп. Қалағаныңа кез келген уақытта тапсырыс беруге болады, бағасы да аса қымбат емес. Бірақ жастардың көбі блогерлер мен психологтардың жарнамасы жоғары кітаптарын оқудан аспай жатқаны жасырын емес. Бүгінгі буынның көркем әдебиет оқуға деген құлшынысы неге төмендеді? Кітап оқымайтын адамнан рухани биіктік күте аламыз ба?
«Кітап оқитын уақыт жоқ» деген жаттанды сөзге өзімізді де, басқаларды сендіруге болады. Дегенмен рухани құндылықты жоғары қоятын тұлғалар кітап парақтауға уақыт тапса керек. Осы оймен жұмысы қауырт мемлекеттік қызметкерлерге, сала мамандарына хабарласып, қазіргі уақытта қандай кітап оқып жүргенін, жастарға қандай кітап оқуды ұсынатынын сұрап көрдік.
Жұмысын жүйелей алатын жандар көркем әдебиет оқуға да уақыт табады екен. Ендеше жастарға үлгі болсын деген ниетпен пікірлерді жинақтауды жөн көрдік.
Олжас ЫСҚАҚОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Денсаулық сақтау саласында еңбек еткендіктен ең алдымен медициналық бағыттағы кітаптарды оқитынымыз белгілі. Себебі уақыт алмасқан сайын ғылыми зерттеулер де, сала мамандарының көзқарастары да жаңара түседі.
Мұнан кейін тарихи, әдеби, мәдени туындыларға қызығушылықпен назар аударамын. Бұрын кітапты көп оқитынмын, ал қазір уақыт жетіспеушілігі бар екені рас.
Кітап – ойыңды жинақтап, өткен мен бүгінді салыстыруға, ой түюге және сол арқылы рухани дамуға бастайтын керемет құндылық. Бір мезет өткен уақытқа сапар шегесің, кейіпкерлермен сырлас болып, түрлі эмоцияны бастан кешесің.
Соңғы оқып аяқтаған кiтабым – Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы. Ал дәл қазіргi уақытта Дiнмұхамед Қонаевтың «От Сталина до Горбачева» шығармасын оқып жүрмiн.
Кітап оқуға келгенде өзіндік тәртібім бар. Қазақша кітапты оқып болғаннан кейін орысша кітапты таңдаймын. Сондай-ақ көркем-әдеби шығармалардан соң тарихи жанрдағы романдарды оқуға мән беремін. Алғашқысында көркемдеу тәсілдері, ойдан шығарылған оқиғалар көбірек болса, тарихи бағытта негізінен нақтылық пен жүйелілік бар.
Кітап оқу адам баласының жеке тұлға ретінде қалыптасуына, адамгершілігі мол, мәдениетті маман болуына ықпал етеді. Сондықтан жастарға «ойым ұшқыр, сөзім нық, болашағым жарқын болсын» десеңіздер кітап оқыңыздар дегім келеді.
Талғат ДҮЙСЕБАЕВ, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
– Тұлға ретінде үздіксіз даму үшін тарихи кітаптарды оқығанды ұнатамын.
Соңғы оқыған кітаптарым – Ілияс Есенберлиннің қазақ тарихынан мол мағлұмат беретін «Көшпенділер» трилогиясы және Санжар Керімбайдың «Қаныш. Ғылыми майдан» еңбегі.
«Көшпенділер» трилогиясында қазақ елінің мемлекет болып құрылуы көркем бейнеленген. Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар мен Наурызбай, Қобыланды, Бөгенбай батырлар, Төле би секілді даналарымыздың қазақ халқының ел болып қалыптасуына зор үлес қосып, ерекше батылдық танытып, аянбай күш-қайрат жұмсағаны айтылады.
Кітапта Әбілхайыр ұлысының екіге бөліну жағдайы, қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.
«Қаныш. Ғылыми майдан» кітабында Қаныш Сәтбаевтың болмысы, өмір жолы, ғылыми жолы тереңінен талданып, оның тарихшы, ағартушы және ең бастысы ұлтқа жанашыр тұлға ретіндегі еселі еңбегі айтылған.
Қазақ мәдениеті мен танымына еңбек сіңірген ұлтшыл тұлға, ғалым Қаныш Сәтбаевтың кейбір шешімі мен іс-әрекеті көркем суреттелген. Сондай-ақ 1946 жылы ашылған Қазақ ғылым академиясының тарихы мен жетістігі кеңірек баяндалады.
Жалпы кемел келешекті қалыптастырып, таңбалы тарихты түсіну үшін кітаптың берері мол. Баршамызға белгілі, кітап жан азығы мен рухани байлықты бере алады. Осы тұрғыда еліміздің келешегі – жастардың ұлтжанды, патриот болуы үшін елдің тарихын жете білгендері дұрыс деп білемін.
Жұлдызхан ЕРҚОСАЕВ, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Мемлекеттік қызметкер жауапкершілігі жоғары мамандық болғандықтан, онда қызмет ету де оңай емес. Себебі халық сенімін арқалаған мемлекеттік қызметкерлер қай кезде де уақытпен санаспай, әр жұмысын мінсіз атқаруға тырысады. Дегенмен қызмет арасында бір сәт уақыт тауып, кітап оқып, жаңа танымдық ақпарат алуға тырысамын. Әсіресе, қазақ әдебиеті мен тарихын оқығанды жаным сүйеді. Өйткені тарих пен әдебиет егіз ұғым іспеттес. Тарихи жанрдағы кітаптар қазақ халқының ұлт болып қалыптасудағы әр кезеңінен сыр шертетін болса, ал әдебиет сол заманның тұрмыс-тіршілігін, біте қайнасқан салт-дәстүрін, тұрмыс тауқыметін боямасыз жеткізетін қазынамыз.
Сондай-ақ өзім спорт саласында қызмет еткендіктен ұлттық спорт туралы еңбектерді оқып, тарихы мен әдебін, қыр-сырын жетік білу қажет деп ойлаймын.
Кітап оқығаннан бөлек, жаһандық және еліміздегі жаңалықтарды да қалт жібермеуге тырысамын.
Нұрлан КӨПТІЛЕУОВ, Арал ауданы, №82 орта мектептің директоры:
– Кітап оқу интеллектуалдық біліміңді арттырып, дүниетанымыңды кеңейтетіні рас. Шыны керек, кітап оқуға уақыт тапшылығы да әсер етеді.
Қазіргі уақытта Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» роман-дилогиясын қайта оқудамын. Ертеректе осы кітап бойынша мектеп мұғалімдерімен бірге облыстық дебатқа да қатысқан болатынмын.
Биыл Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай, мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жиын барысында оқушыларға кітаптағы ақпарат, деректерді жеткізіп, олардың да кітап оқуға деген қызығушылығын арттырудамыз.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» роман-дилогиясы «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі кітаптан құралады. Яғни бұл шығармада Арал теңізінің тартылуы, адамзат мейірімінің азаюы, ертеде дүниежүзіне әйгілі болған, бір өңірді өзінің байлығымен асыраған теңіздің жай-күйі сипатталады. Сондай-ақ «Соңғы парыз» «Қан мен тер» кітабының заңды жалғасы болып саналады.
Қазір қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – бала тәрбиесі. Сондықтан жастарға тәрбиелік мәні бар, ұлттық құндылық, салт-дәстүрімізді насихаттайтын кітаптарды оқуға кеңес берер едім. Ата-бабаларымыздың бұрынғы салт-дәстүрлерін, өзіндік мәдениетімізді қайта жаңғыртуымыз керек. Осы бағыттағы оқулықтардың тізімі дайындалса, соны оқуға жастарға кеңес берілсе деймін.
Айдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!