Кітапхана. Осы бір сөзге қаншама тарих, уақыт, ұлылық пен өркениет сы­йып тұр. Аристотель мен әл-Фарабидің әлем ұстазы атануына, Шекспирден бас­тап Абайға дейінгі данышпандардың ұлы тұлғаға айналуына мектеп болған да осы кітапхана еді.

Табалдырығын аттаған адамзат баласының ақылы мен ойын тереңдетіп, санасына сәуле түсірген жүрегі бар үйді үнемі баратын мекені еткендердің жерде қалғаны жоқ. Борхестің «Мен жұмақты кітапхана кейіпінде елестетемін» дегені мен Альберт Эйнштейннің «Сізге білуге тиісті жалғыз орын – кітапханалардың орналасқан жері болуы керек» деген даналығы осы өркениет ошағының қадірін одан әрі асырмаса, кемітпейді.

Осы орайда біздің ұлы даламызда кітапхана болды ма деген заңды сұрақ туындайды. Болғанда қандай? Басқасын айтпағанда, Шыңғыс қағанның сарбаздары алты күн бойы өртеді деген Отырар кітапханасын дәлел етуге болады. Мейлі, бұны аңыз дерсіз. Бірақ аңыздың да төркіні бар екені шындық. Егер шынымен солай болса, алты күн өртенген кітапхананың қаншама үлкен болғанын, оның ішінде қандай құнды мұралар сақталғанын елестетудің өзі көңілді құздан құлатқандай әсер береді. Кітапхана туралы сөз болғанда, әрине, оқырман туралы да айта кеткен дұрыс. Әр мемлекетте, әр ұлтта әртүрлі оқырман бар. Олардың руха­ни әлемге деген көзқарасы мен танымы да басқаша. Бір елдің оқырмандары өмір бойы Шекспирдің шығармаларын тамсанып оқыса, енді бір елде Данте мен Гомердің жұлдызы жарық екені даусыз. Бұл оқырманның сапасына байланысты мәселенің ұшығы. Біз оқырманның сапасын сөз етуге лайық бір суреттің тарихы туралы сөйлемекпіз. Оқиға былай басталған еді:

1944 жылы 23 ақпанда Лондон кітап­ханасына фашистер бомба тастады. Нәтижесінде, кітапхана қирады. Өрке­ниеттің, мәдени мұралардың бетін күйік шалды, оқырманның, қаламгерлердің жүрегіне жара түсті.  Аталған кітапхана үлкен соғыстың басындағы әуе шабуыл­да­ры кезінде бірнеше рет сәтсіздікке ұшырады, бірақ ақпан айында көздел­ген жарылыстан аман қалмады. Гитлер армиясы ұша­ғынан тасталған жоғары жарылғышты 500 фунт бомбалардың нысаны  бірінші кітапханаға тиді, сосын Әулие Джеймс сарайының сыртындағы жолда жа­рылып, Король капелласының тере­зелерін қиратты. Сарапшылардың айтуынша, шығын өте ауыр болды. 16 000-нан астам кітап өртке оранып, кітапхана қызметкерлері мен мүшелері жаңбыр мен өрт сөндіру түтіктерін алып,  қолдан келгенін жасап, өркениет ошағын апаттан құтқаруға тырысты. Сол кездегі танымал жазушылар Джеймс Лис-Милн және Джон Поп Хеннесси құтқару операциясына көмектесті, кі­тап­­ханашының көмекшісі Фредерик Коксқа: «Біз дінімізді жоғалттық», деп айқайлады.

Гитлер тағы да ұлылық әліппесі атан­ған кітаптарды өртеп жіберуге құл­шын­ды. Әйтпесе, ол екі кештің ортасында 22 бомба лақтырмас еді. Жарылғыш бомбалар мен алапат өрт Лондондағы тарихи орынның бірі Голланд үйін шығынға ұшыратты. Кітапханашы Джеймс Пурнелл: «Үстіңгі қабаттағы көне ба­сы­­­лымдар, әсіресе алфавиттің екінші жар­­тысындағы әріп­тер­ден басталатын мұ­ралар көп зардап шекті. Сондай-ақ Ғ-дан Ж-ға дейін және С-дан Я-ға дейінгі әріптерден бас­та­латын қаламгерлердің биографиялық шығармалары да жанып кетті» деп түсі­нік­теме берген.

Осы шабуылдан бірнеше аптадан кейін Британ үкіметі оқиға болған жер­дің­ суретін жариялады. Аталған суретте жақсы киінген үш адам Лондонның ашық аспан астындағы кітапхана сөре­ле­рін ақтарып, айналада болып жатқан даңғазаны мүлде елемегендей күй кешуде. Яғни таза ойдың, кіршіксіз ниеттің иелері бомба құлап жатса да оқуын жалғастыра беретініне куә болдық. Осы оқиға туралы Уинстон С.Черчилль «Екін­ші дүниежүзілік соғыс» атты шығар­ма­сында: «Өркениет орталығының қа­быр­ға­ларының ар жағында біздің ел «жаңа қараңғы дәуірдің тұңғиығына» түсіп бара жатты», деп жазады. Немістердің шабуылына төтеп берген британдық өркениеттің бейнесін түсіру үшін осы жолдан өтіп бара жатқан оқырмандар немесе министрлік қызметкерлері жі­бе­­рілді ме деген сұрақ әлі де өзекті. Тазалау операциясына Ұлыбритания мен АҚШ әскери қызметшілері қосылды және мыңдаған кітап Ұлттық галереяға орналастырылу үшін арбамен тасымалданды. Қалай десек те, кітапхананың ғұмыры – мәңгілік. Оған оқ тисе де, бомба түссе де, оның құндылығы жо­йылмайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!