Жер бетін жасыл желекке бөлеп, күн мен түнді теңестіретін, көзге ғана емес, көңілге де жылу әкелетін көктем мезгілі – көптің сүйікті маусымы.Ақын Ерлан Жүнісше айтсақ, «Көктем де махаббат сияқты, сенетіндерге келеді». Жанға жайлы мезгілдің алғашқы айы атаулы күндерімен, айтулы мерекелерімен де ерекше маңызға ие. Соның бірі 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі.
«Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – дейді Мұхтар Мағауин. Қазақ әйелінің, ананың орны отбасы – ошақ қасымен емес, ерінің беделі, ағайынның татулығы, сәбидің бақытты балалық шағымен, айналып келгенде, бүтін ауылдың бірлігімен өлшенетінін бағамдаса керек. Қай елде әйел бақытты болса, сол елдің қоғамы да алға жылжиды.
Ал ананың қасиетін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Данышпан мен дананы дүниеге әкеліп, балаларын дәретсіз емізбеген қазақ анасы – тазалық пен асқақ рухтың, нәзіктік пен парасатты болмыстың көрінісі. Пайғамбарымыздың хадистерінде де алдымен ананы құрметтеу керегі жиі айтылады. Мәселен, «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса» делінген. Енді бір хадисте «Егер әкең мен анаң бiр мезгілде үн қатып қалса, әуелi анаңа жауап бер» дейді. Мұның бәрі тіршілік атаулының тынысы, тамыр жайған адамзат баласының бастауы – анаға деген құрметтің алабөтен боларын дәлелдейді. Ендеше, аналар мен арулардың мерекесіне жүректен шыққан жылы лебіздер легін ұсынамыз. Бұл тілекті бар перзенттің нәзік жандыларға арнаған алғаусыз алғысы, ақ адал ниеті деп түсінген жөн.
Әли КЕҢЕСҰЛЫ, «Sapa Ka» жеңіл өнеркәсіп орталығының директоры:
– 8 – наурыз қыз баласы үшін, әйел заты үшін ерекше мереке. Ер азамат ретінде бұл мерекенің бізге де орны бөлек. Себебі осы күні ана, апа, қарындас, ұстаздың қадірін сезіне түсіп, айналамыз жақсы тілектер мен махаббатқа толады. Осы орайда мен өз анамды құттықтағым келеді.
Бар жақсысын беріп, ыстық алақанымен мәпелеген, анашым, сізді осы мерекемен құттықтаймын! Жабыққанда сағынышымыз, тарыққанда ақылшымыз бола білген асылым, әрдайым денсаулығыңыз мықты болсын! Құдай сіз бен әкеме, отбасымызға бірге өткізетін тек бақытты күндерді жазсын!
Қазақта «Ананың сүйген жері отқа күймейді, оған оқ та тимейді» деген қанатты сөз бар. Ана махаббатын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жер бетіндегі барлық жақсы сөз тек анаға ғана тиесілі. Үйдің берекесі де, қыз баланың өнегесі де өзіңіз. Түн ұйқысын төрт бөліп, балам аш, киімі жыртық болмасын, көңіліне қаяу түспесін деп алаңдаумен жүретін аяулы анам менің! «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайтынын» алға тартып, қартаймаңыз, мен де қартаймайын деп тілеймін. Өмір сыйлағаныңыз үшін рақмет!
Нұрила МӘДЕЛХАНҚЫЗЫ, № 25 мектептің 11-сынып оқушысы:
– Менің жаныма жақын жанашырым, ақылшым, аяулы әжетайым! Сізді 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Немерелеріңіз үшін жанымызда жүрген әр күн – атаулы мереке. Екі ғасырдың да сан қилы қызығы мен қиындығын көріп, еңбек етуден жалықпаған, ешкімге қол жаймаған, «қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген ұлы Абайдың сөзін алға тартқан өмір жолыңыз – үлкен өнеге.
Әже, сізге дүниенің бар жақсылығын, мағыналы ғұмырды, бірге өткізетін бақытты сәттерді тілеймін. Әр балаңыздың, немерелеріңіздің көз қуанышы болып, махаббатқа бөленіп жүре беріңіз. Сыр бөлісер досымыз да, еркелейтін ең жақын адамымыз да, ақылға бай «академиямыз» да өзіңіз, әже. Мейірім мен махаббаттан жаралған жүрегіңізден, тұла-бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, «айналайын» деп еміренген аяулы үніңізден артық ештеңе жоқ.
Әже, өзіңіз «дүние тозбайды, адамның жаны тозады» деуші едіңіз. Жаныңыз тозбасын! Біз сізді барлық жерде, үнемі жақсы көреміз. Көңіліңізден көктем кетпесін!
Нұрымжан САЛАЙДЫН, «Қайсар» футбол клубының қақпашысы:
– Көктем мезгілінің көрнекті мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен барша қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге баянды бақ, берекелі ғұмыр, отбасыларыңызға шаттық пен қуаныш тілеймін!
Біздің шаңырағымыздың қыз баласына деген құрметі ерекше. Себебі жыл сайын отбасымызда анамызды құттықтап, көктемнің жылы лебі келгенін сезінеміз. Сондықтан биылғы құттықтауымды да анама арнағанды құп көріп отырмын.
Аяулы анашым! Ашық-жарқын көңіліңіз, үйдегі жылу мен жайлылық, өтеміне ештеңе талап етпейтін балаларыңызға деген шексіз махаббатыңыз үшін мың рақмет! Мені жаңа шыңдарды бағындыруға шабыттандыратын да, бір ауыз сөзіңізбен мейірімге бөлейтін де өзіңіз! Жылдың әрбір күні сіз үшін қуанышқа, бақытқа және жағымды тосынсыйларға толы болсын деп тілеймін. Мерекеңіз құтты болсын, анашым! Сізді бәріміз жақсы көреміз, жер бетіндегі жақыным!
Сәния ЖАҚЫП, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті журналистика факультетінің студенті:
– Мерейлі мерекеде сүюге лайықты, көңілінде көктем орнаған, сұлулықтың символы – барлық қыз баласын, жүрген жерінде жұмақтың ізі қалған, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін ана атаулыны құттықтағым келеді. Мен үшін осы жылғы мерекенің ерекшелігі – алғаш рет қызыммен бірге қарсы алуымда.
Алғашқы мейрамың құтты болсын, қызым! Көңілімнің көктемі, өмірімнің қызғалдағы болғаның үшін бақыттымын. Дүниенің дидарын көрген сәтіңнен менің кеудемдегі жұмыр ет сен үшін тілектес болған. Әрі қарайда солай болмақ. Тәтті қылықтарыңмен жанымды баурап, жүрегімді нұрға толтырған, гүлім, осы өмірдің мәнін ұқтырып, әр сәтімнің мағынасын молайтқаның үшін шүкіршілік. Берекелі балалық шақ пен мағыналы ғұмыр тілеймін.
Менің күллі армандарым сенің бір жаялығыңа татымайтыны даусыз. Адам болғаныңды, адал болғаныңды жаныммен қалаймын. Екеуміздің сана биігінде бірге сырласатын күнді асыға күтемін. Саған жақсы ана болу үшін барымды саламын. Мұңның сыртында күліп, думанның ішінде жүріп, ғұмырлы бол, алтыным. Бар бақыттың баяндысын тілеймін, Күн-Айымым!
Үкітай ЕРНИЯЗОВ, сазгер, Қазанғап атындағы музыкалық колледждің оқытушысы:
– Дәл осындай атаулы, жылына бір келетін 8 наурыз – нәзіктік мерекесінің кез келген ер азамат пен отбасы үшін маңызы зор. Себебі отбасы шағын мемлекет болса, әйел, ана, ару – сол мемлекеттің көркі, құты, қуанышы.
Осы орайда алдымен үш ұл, үш қызды өмірге әкеліп, адамдық жолына сілтеген, мейірімін аямай мәпелеп, осы дәрежеге жеткізген ардақты анамды құттықтағым келеді. Анашым, ғұмыр-дарияңыз тек жақсылыққа толсын! Аналық махаббатың үшін алғысымыз шексіз. Бақытты күндеріміз көп болғай. «Адамда ана жалғыз» екенін мойындаймыз. Қандай сәтте болса да қолдаудан танбайтын, «баламның аяғына кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін де – ана. Қанша жырға қосып, қанша ән арнасам да, мейірімге толған алақаныңа татымайды.
Сонымен бірге апа, қарындас, келіншегім, жеңге-келіндерімді, барша әйел қауымын, халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әлемді, айналаны сұлулыққа бөлеп, өмірімізге мән сыйлап жүре беріңіздер! Сіздер барда жанымызда үнемі көктем мезгілі орнайды. Сүюге лайықты кіршіксіз сезімдеріңіз, ақ қардай адалдықтарыңызға дақ түспесін!
Әнел АЛТАЕВА, филолог:
– Айналаны сұлулыққа бөлеген, көп күткен көктем келді. Ал мен үшін Көктем – сенсің, Ана! Сен осы құлпырған мезгілдей жылысың, сондай жайлысың. Сенің жан дүниеңе үңілген адамның бәрі одан әрі бойлай бергісі келеді, себебі ол тым терең.
Сенің үйіңе келген адамның ол жерден ешқашан кеткісі келмейді. Онда талғам бар, үйлесімділік бар, жарық бар. Сен істеген әрбір істе әйел қолының іздері байқалып тұрады, көркем шығармашылықтың иісі шығады. Сол үшін де мен саған ана ретінде ғана емес, алдымен Әйел ретінде тамсанамын. Тірі жанға тіліңмен де, қолыңмен де жамандық жасай алмайтын болмысыңды мендегі ізгіліктің бастауы деп білемін. Жер бетіндегі ешбір зұлымдық, ешбір қатігездік, күйбең тіршілік сендегі жақсылыққа титтей де көлеңке түсіре алмаған. Мен де өзіңнен үлгі алып, әйелдік болмысымды таза да нәзік, терең де сырлы қалпында сақтауға тырысып келемін. Осы сөздерді мерекеде ғана емес, күн сайын жалықпай айтуға дайынмын.
Көктемнің ең сұлу мерекесімен, халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын, аяулы Ана! Жаныңның көктем-бағы құлпыра түссін!
Ердәулет КӘКІМЖАНОВ, облыстық дін істері басқармасының маманы:
– Анаға арналған әдемі ән, жүректі жарып шыққан жыр, ізгі тілек, жылы лебіз қаншама?! Бабадан қалған «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөздің астарында қандай мағына, тереңдік жатыр десеңізші… Демек анаға арналған жырымыз, әніміз, тілегіміз ешқашан таусылмауға тиісті, таусылмайтыны да анық. Мен үшін аналар мерекесі 8-наурызбен шектелмейді. Себебі ата-анамыз аман, жанымызда шаттықтан шалқып жүрген әрбір күн – атаулы мейрам.
Жан анашым, сіздің мейірбан жүзіңіздей көктемнің алғашқы мерекесінің бірі, сұлулық мейрамы 8-наурыз халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Жаныңызға тыныштық, көңіліңізге көктем, өміріңізге ең әдемі кездесулерді, ерекше сәттерді тілеймін.
Бесік жырың ғұмырымды күй қылған,
Есіл нұрың ойыма ақыл құйдырған.
Асыл ана, құтты болсын мерекең,
Құшағына күллі әлемді сыйдырған!
Сағатбек ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Әйел заты үшін ең сүйікті мерекемен қарындасымды құттықтағым келеді. Өмірде тағдыр таланыма қарай қандай қиындық келсе де, сөзбен, іспен қолдау көрсетіп, жеке көмекшім де, рухани тірегім де болған – сенсің. Өйткені біраз уақыт бұрын жол көлік апатына түскен кезде өзге адамның көмегіне зәру болып қалған едім. Осындай қысылтаяң кезде бауыр етім, жан қарындасым Ләззатым жанымнан табылды. Сондықтан сенің орның мен үшін бәрінен биік. Бауыр ретінде бар мейіріміңді сезініп, бір-бірімізге деген махаббатымызды үнемі білдіріп, қай істе де қолдаудан танбай жүре берейік.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, қарлығашыма жақсылық пен деніне саулық тілеймін. Елдің ықыласына бөленіп, үйіміздің мерекесі, ең ғажап көңіл-күйі боп жүре бергейсің. Жаның жабырқамасын. Жүрегің кірлемесін, біздің үйдің көктемі!
Шын мәнінде, бүкіл әлем – әйелмен көрікті. Сондықтан әйел затын, табанында жұмақ жасырынған аналарды, әпке-қарындастарды, қазақтың барша қыз-келіншегін мерекемен құттықтаймын! Өмірімізді мерекеге айналдырып жүре беріңіздер!
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!