Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы бойынша биылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Конституциялық реформа – Президенттің наурыз айындағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін қолға алынған маңызды іс-шара.

Конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұранысына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылмақ. Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын белгілі заңгер-құқықтанушылар және конституциялық құқық саласының мамандары әзірледі. Оған Конституциялық Кеңес оң бағасын берді.

Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған:

Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу;Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы республикалық баспасөзде 6 мамыр күні ресми түрде жарияланды.

Конституцияның қазіргі және жаңа нұсқаларының айырмашылығын түсіну, ұсынылып отырған көптеген түзетудің байыбына бару мұндай істен хабары аз адам үшін қиындық туғызатыны анық.

Сондықтан жұртқа ұғынықты болу үшін бұл түзетулер Ата Заңның нақты баптары мен тармақтары көрсетілген бірнеше бөлікке бөлінген.

Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу

Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастың тепе-теңдігін және оңтайлы болуын қалыптастырады. Сондай-ақ президенттік институттың барынша дербес болуын қамтамасыз етеді.

Ата Заңымыздың 43-бабына 3-тар­мақ қосылады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп көрсетіледі. Осы логикаға сәйкес Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары

мен мүшелеріне де осындай тыйым салынады (Конституцияның 23-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы). Соның нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасады, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылады.

Мемлекет басшысы барлық азаматқа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сол себепті Конституцияның 43-бабына 4-тармақ қосылады. Онда «Президенттің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға қақысы жоқ» деп көрсетіледі.

Жұмыс тобы мүшелерінің ұсынысы бойынша Тұңғыш Президенттің Президент лауазымына қатарынан екі реттен көп сайлануына мүмкіндік беретін бап­тың (Конституцияның 42-бабы 5-тармағының жаңа редак­циясы), сондай-ақ Тұңғыш Пре­зи­денттің мәртебесі мен өкілет­тіктері Конс­титуциямен және конс­титу­циялық заңмен айқында­ла­тыны туралы 46-баптың 4-тармағы Ата Заңнан алынып тасталмақ.

Конституцияның 91-бабынан Тұңғыш Прези­денттің тәуелсіз Қазақстанның негі­зін салушы деген мәртебесі туралы нор­ма алынып тасталады (Конституция­ның 91-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).

Конституциялық реформаның нәти­жесінде тиісті аумақтағы ахуал­ға жауапты жер­гілікті өкілді және атқарушы орган­дардың жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару өкілеттіктері кеңейеді.

Жобада Президенттің облыстар, рес­пуб­ликалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жоятыны не қол­данылуын толық немесе ішін­ара тоқтата тұратыны тура­лы құзыретін жою көзделген (Конс­титуцияның 44-бабы 3) тармақ­шасының жаңа редакциясы).

Сондай-ақ Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкім­дерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көзделген (Конституцияның 87-бабы 4-тар­мағының жаңа редакциясы).

Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерінің құзыретке ие болу тәртібі де едәуір өзгереді.

Конституцияның 87-бабы 4-тармағы­ның жаңа редакциясына сәйкес енді олар­ды Президент облыс аумағында орналас­қан мәслихат депутаттарының немесе респуб­ликалық маңызы бар қа­лалардың және астананың мәс­лихат депутаттарының келісі­мімен тағайындайды.

Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсы­нып, дауысқа салады. Дауыс беру­ге қатысқан депутаттардың көпші­лігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып саналады.

Осылайша, жергілікті билікке қатыс­ты Президенттің өкілеттігі азайып, ол мәслихаттардың рөлін айтарлықтай арттыру арқылы өңірлік деңгейдегі әкімдер­дің қолына жинақталады.

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу

Сенаттағы Президент квота­сы­ның саны 15-тен 10 депутатқа дейін азаяды. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассам­блея­сы ұсынады (Конституцияның 50-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы).

Сенаттың өкілеттігі бірқатар құқық­тармен толығады. Атап айтқан­да, Сенат Президент енгізетін Конститу­ция­лық Соттың және Жоғары Сот Кеңесі­нің төрағалары лауазымына канди­дат­тарды келісу құқығына ие болады (Конс­титу­цияның 44-бабы 4) тармақшасының, 55-бабы 2) тармақшасының және 82-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы).

Жалпы, Конституциялық Сот (қазіргі Конституциялық Кеңестің орнына) құру арқылы конституциялық бақылау жасау институты жаңғыртылады.

Конституциялық Сот 11 судьядан тұрады (қазіргі Консти­туциялық Кеңестің 7 мүшесі бар).

Конституциялық Соттың құрамы мы­на­дай тәсілмен жасақ­тала­ды: 6 судьяны Пар­ламент (Мәжі­ліс пен Сенаттың әр­қай­сы­сы 3 судьядан), 4 судьяны Пре­зидент тағайындайды. Консти­ту­ция­­лық Сот­тың төрағасын жоға­ры­­да айтыл­ған­дай Сенат­тың келісі­мі­мен Президент таға­­­йын­­дайды (Конс­титуцияның 57-бабы 1) тар­мақшасының, 58-бабы 3-тар­мағы 7-тармақшасының және 71-бабының жаңа редакциясы).

Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгере­ді. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп береді (Конс­титуцияның 53-бабы 2) тармақ­шасы­ның жаңа редакциясы, 56-бабы 1-тар­мағындағы 3-1) жаңа тармақшасы).

«Мемлекеттік хатшы» 

инс­титуты «Мемлекеттік кеңесші» инс­титуты болып өзгереді (Конс­титуцияның 44-бабы 19-тар­мақшасының жаңа редакциясы). Ол Мемлекет басшысына ұсы­ныстар мен ұсынымдар әзір­леумен айналысады.

Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыруКонституцияға енгізілетін түзетулер бойынша бағыт-бағдар

Конституциялық реформаның нәти­жесінде биліктің заң шығару­шы тармағы айтарлықтай өзгереді. Соның арқасында Парламенттің және оның палаталарының рөлі едәуір күшейіп, мәртебесі артады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Пре­зи­дент Конституциялық Сот­тың және Жоғары сот Кеңесінің төр­ағаларын таға­йын­дау үшін Сенат­тың келісімін ала­ды. Сондай-ақ Президент Сенатқа 15 емес, 10 де­путат тағайындайтынын айт­тық. Оның 5-еуі Қазақстан халқы Ассам­блея­сы­ның ұсынысы бо­йын­­ша тағайын­далады (Конс­ти­туцияның 50-бабы 2-тар­мағының жаңа редакциясы).

Осы орайда Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Мәжілістегі кво­тасы Сенатқа беріледі. Оның саны 9-дан 5 депу­татқа қысқа­рады. Соған сәйкес Мәжіліс депутат­тары­­ның жалпы саны 107-ден 98-ге азаяды (Конституцияның 50-бабы 3-тармағының жаңа редакциясы).

Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни про­по­р­­ционалды және мажоритар­лы жүйе бойынша сайланады (Конс­титуцияның 50-бабы 3-тар­мағының жаңа редакциясы). Аралас сайлау жүйесі барлық азамат­тың құқықтарын толық сақ­­тауға, сайлаушылардың мүдде­сін қор­ғауға мүмкіндік береді.

Сайлаушылардың бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутат­тарынан мандатты кері қайтарып алу құқығы енгізіледі (Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакция­сы). Соның нәтижесінде демократия дәстүрлері нығая түседі, депутаттар мен сайлаушылардың арасында өзара жауапкершілік пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасады.

Мәжілістің құзыреті кеңейіп,

рес­публикалық бюджеттің ат­қарылу сапасына парламенттік бақылау күшейеді. Ол үшін, бұған дейін айтқанымыздай, Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті Жо­ғары аудиторлық палата болып қайта құры­лады. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының ал­дын­да есеп береді (Конституцияның 53-бабы 2-тармақшасының жаңа редакция­сы, 56-бабы 1-тармағының 3-1) жаңа тар­мақ­шасы). Бұл Мәжі­лістің және жалпы Парла­менттің мәртебесін одан әрі күшейте түседі.

Саяси жүйеде тепе-теңдік және теже­мелік тетіктерді нығайту және заң шығару жұ­мы­сын оң­тайландыру мақ­сатында Мәжі­ліске заңдарды қабыл­­дау (бұрын заң жобаларын қара­ған және мақұлдаған), ал Сенатқа заң­дарды мақұлдау не мақұл­дамау (бұрын заңдарды қабылдаған) құзы­реті бері­леді (Конституцияның 61-бабы 4 және 5-тар­мақтарының және 62-бабы 5-тар­мағының жаңа редакциясы).

Парламент конституциялық заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында, кемінде екі оқы­лым­да қабылдайтын болады (Конс­титуцияның 53-бабының жаңа редакциясы).

Айрықша қажеттілік туындаса, заң­дарды жедел қабылдау тәртібі енгізіледі. Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағ­дайларға жедел ден қою мақ­сатында Үкіметтің заң шығару баста­масы арқылы енгізілетін заң жобалары Парламент Палата­ларының бірлескен отырысында шұғыл қаралады. Бұл заң жобаларын қарау кезінде Үкімет заң күші бар уақытша құқықтық-нормативтік актілер қабылдай алады (Конституцияның 61-бабы 2 және 3-тармақтарын толықтыру).

Бұл тәсіл елге төнген қауіп-қатердің бетін қайтару үшін билік тармақтарының бірлес­кен әрі шұғыл жұмысын үйлес­тіруге қажет. Оны қалыпты, күн­де­лікті жұмыс барысында қол­дану­ға болмайды. Бұл үдеріс Пар­ламент депутаттары мен Үкі­мет мүшелерінің өзара жауапкер­шілікке негізделген қарым-қаты­насы арқылы іске асады.

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту

Негізгі Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жан­уарлар дүниесі, басқа да таби­ғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Мен­шік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады (Конс­титуцияның 1-бабы 2-тар­мағының жаңа редакциясы).

Жоғарыда айтылғандай, Мәжі­ліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылады (Конституцияның 50-бабы 3-тармағының және 51-бабы 1-тармағының жаңа редакциясы). Сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжі­ліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады (Конституцияның 52-бабы 5-тармағының жаңа редакциясы).

Облыстардың, республикалық маңы­зы бар қалалардың және астананың әкім­дерін Прези­дент өңірдің (қаланың) мәс­ли­хат­тарының барлық депутаттың келі­сі­мімен және баламалы негіз­де (кемін­де екі кандидатура ұсыны­лады) тағайын­дайтын болады (Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Осылайша, белгілі бір өңірдің дамуына жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару ісіне берілетін кепілдік нығая түседі.

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру

Жоғарыда баяндағанымыздай, Конс­ти­туциялық Кеңес Консти­туция­­лық Сот болып қайта құры­лады. Конституциялық Сот аза­мат­тардың өтініштері бойынша олардың Конституцияда бекі­тіл­ген құқықтары мен бостан­дық­тарына тікелей қатысты Қазақ­стан Республикасының нор­­мативтік-құқықтық актілерінің Рес­пуб­­лика Конституциясына сәйкес­тігін қарай­тын болады (Конс­титуцияның 71-74-бап­тарының жаңа редакциясы).

Өлім жазасын жою туралы шешім конституциялық дең­гейде түпкілікті бекі­тіледі (Конс­титу­цияның 15-бабы 2-тар­­мағының жаңа редакциясы).

Прокуратураның құзыреті, оның жасақталуы мен қызмет тәртібі Конс­титуциялық заңмен белгіленеді (Конс­титуцияның 83-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы). Бұл құқық қорғау қызметінің жүйелі жұмыс істеуін және заңда белгіленген тәртіпке сәйкес мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қада­ғалауды күшейтуге тиіс.

Конституцияның жаңа 83-1-бабы­ның нормалары Адам құқық­­тары жөнін­дегі уәкілге иммунитет береді. Ол азамат­тардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мем­лекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сот­қа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқық­тық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады.

Осылайша, конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүм­кіндігін арттырады және саяси үдеріс­терді шын мәнінде демократияландырады деп толық сеніммен айта аламыз.

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

egemen.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!