Облыстық жастар ресурстық орталығы «Тату отбасы» отбасылық онлайн марафонын өткізді. Мақсат – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, отбасы мүшелерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік беру, отбасы құндылығын арттыру, татулығын, беріктігін сақтап қалуға ықпал ету.
Дәстүрлі марафонға қатысуға 50-ге жуық отбасы ниет білдірді. Алайда тек 19 отбасы ғана тиісті тапсырмаларды орындап, марафонды ойдағыдай аяқтады. Оның ішінде 12 жас отбасы болса, 7 көпбалалы отбасы болды. Отбасылар «Whatsapp» әлеуметтік желісінен арнайы ашылған топқа қосылып, күнделікті тапсырмаларды орындады. Марафон барысында олар өз отбасыларының ережесін құрды, смартфонсыз күн өткізді, бірге театрлық қойылым қойды, отбасы шежіресін айтып, балаларын 7 атасымен таныстырды, отбасы мүшелері журналист болып, балалары ата-аналарынан, ата-аналары балаларынан маңызды сұрақтар бойынша сұхбат алды, тәттілер пісірді, бірге көбірек серуендеді. Қатысушылар тапсырмалардың нәтижесін бейнежазба немесе фотосурет түрінде күнделікті жіберіп, ол ұйымдастырушылар тарапынан бағаланды.
Отбасы тақырыбы қоғамда қашанда маңызды. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта жалғасатынын айтады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!