Қазақтың басынан дүрбелең жылдары небір қиындық өтті. Дархан даланың ұланғайырлығы қай елді болмасын қызықтырғаны хақ.
Сол үшін қазақтың сағын сындырып, рухын құлатуға талай дұшпандар көзін алартып, басып алу үшін тырысып бақты. Бірақ батырлығы ананың ақ сүтімен, тектілігі әкенің қанымен келген ұлтжандылық ешбір жауды басындырып, басқа шығарған емес.
Әр заманының ұлылары өз әрекетімен қазақ жерін қасық қаны қалғанша шайқасып жеңе отырып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттып жеткізіп отырған. Мағжан Жұмабаев та ұрпағына өшпес мұра қалдырып өз дәуірінің ұлтжанды ұлы тұлғасы бола білді. Қазақтың өміршең өлеңдерімен намысын қорғап, жастардың жігерін қайрап, сол дәуірдің әділетсіз әрекеттерін туындыларымен барынша халықтың жүрегіне жеткізіп, құлағына құя білген болатын. Абайдың ізін жалғастырушы, Абайдан кейінгі барлық тақырыпты қамтыған, өлеңдерінде өзекті мәселелер қозғалған ақын.
Мағжан еңбектерінің тәрбиелік мәні зор. Ұрпақтан ұрпаққа адамгершілікті, еңбекті, сауаттылықты ту ету жолында жастардың намысын оятып, халқын, елін сүюге, яғни патриот болуға шақырып отырған.
Сол дәуірдің ең бір өзекті мәселелерінің бірі – әйелдер теңсіздігін жырлай білген жалынды ақын еді. Бай мен кедейдің бет-бейнесі ерекше бедерленген заманның зарын еңбегінің тақырыптарына арқау ете білді.
Мағжан жырламаған жыр, жазбаған жазба қалмаған болар әсте. Қаламының ұшқырлығы қашанда халықтың жадынан жоғалған емес. «Мен жастарға сенемін» деп жырлай отырып, жазбаларынан көп ой мен тамаша сырларды көруге болады.
Мағжан өз заманының бет-бейнесімен тыныс-тіршілігін сипаттай білген көреген де, ұлтжанды тұлға деп толғап айтуымызда үлкен негіз бар. Қазақтың ертеңі үшін аянбай, тер төге отырып жастардан зор үміт күткен болатын. Жастардың елдің ертеңі екендігін баса айта білген. Сондықтан да еңбектерінің басым көпшілігін жастарға арнаған. Қазақтың қанына біткен тектілігі қашанда жарқ етіп, өшпейтіндігі анық. Елдің теңсіздігі, халықтың сауатсыздығы, небір зұлматтардың басынан өтіп, қалжыратса да еш мұқалмай, алға қарай зор сенім арта білгендігін өлең жолдарынан көре аламыз.
Қазақтың қамы үшін Алаш ардалары өз жанын қиып, жау қолынан қысым көрсе де, еш мұқалмай халыққа демеу бола білген еді. Соңғы ақтық демі қалғанша қазақ деп жүректері соғып ұрандап кетті. Сол жолда жасаған ерліктері мен халыққа рух берген туындыларын бүгінде қадірлеп, қастерлеп, сары майдай сақтағанымыз, ұрпақтың ұлыға құрметі болар деп білемін.
Аида АМАНЖОЛ,
№7 мектеп лицейдің
11 сынып окушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!