(Болат пен Айнұр, Марлен мен Әнел)
Бір ертегіде кестелі орамалға салынған қыздың суретіне ғашық болған Сандыбат деген ер ғажайып жанды табамын деп кемеге мініп әлемді шарлап кететін еді. Сол сорлы теңіздің таудай толқындарына көміліп, одан кейін небір жабайылар мен жаналғыштарға жолығып, сан азапты бастан кешетін.
Біздің бүгінгі тақырыбымыздағы екі оқиға да – осы замандыкі. Бірақ, оларды ертегі елімен жалғайтын бір нәзік тін бар. Ол – сүю, ол – махаббат мұғжизасы.
Ақтөбелік Айнұр Сүлейменова мен тараздық Болат Кәрентаев Лондондағы Кардиф университетінің магистратурасында бірге оқитын.
2005 жылдың желтоқсанында Англиядағы Рождество мерекесіне байланысты демалыс беріліп, екеуі елге қарай бет түзейді. Олардың отбасын құруға қатысты жоспарларын ата-аналары да білетін.
Лондоннан шыққан әуе кемесі Бакуге келіп қонады. Сол жерден екеуі Ақтауды бетке алған келесі ұшаққа отырады. Әуежайдан көтерілген ұшақ жарты сағаттан соң апатқа ұшырап, Каспий теңізіне құлап түседі. SOS дабыл қағып, сүңгуірлер теңіз астынан жолаушыларды алып шыға бастайды. Олар құшақтары ажырамаған күйі қатып қалған қыз бен жігіттің мәйітін көргенде жағаларын ұстайды. Өмірдің ақырғы сәті таянғанын сезген екі жас бір-бірінен ажырамау үшін құшақтасып, өздерін орындық белбеуімен шешілместей байлап тастаған екен. Бұл қос мұңлық Айнұр мен Болат еді.
Не деген ерлік! Ақыретке, Аллаға, екінші өмірге сенудің ерен үлгісі! Олардың жаны да, ары да кіршіксіз еді. Ғазиз жандар сол сәтте күллі ғашықтарға ақыретте де ажырамауды өсиеттеп кетті. Биік, абзал армандардың иесі болатын. Бейкүнә жандардың өлім сәті де ғажайып! Аспаннан көз ілеспес жылдамдықпен құлап келе жатқанда олармен бірге көк жүзінде періштелер де жарыса қанат қағып, қос ғашықтың пәк жанын көкке қайта алып ұшты. Оларды ұрпақ мың жылда да ұмытпауы керек. Өйткені қос ғашық сүюдің қандай болатынын паш етті.
Екеуі екі әулеттің жанбай жатып сөнген үміті еді, қапиядағы қазаға оларды ешқашан көрмеген, білмеген мыңдаған жандардың қабырғасы қайысты. Содан бері 15 жылдан астам уақыт өтті. Армандары бұл дүниеде орындалмаған ғашықтардың ата-аналары өздерін Құдай қосқан құдамыз деп санады.
2006 жылы Болаттың ата-анасы жөн-жоралғыларымен Ақтөбеге барып, қыз жағы Таразға келді. Өмірде балалары болмаса да, қазақтың құда түсу дәстүрі түгел орындалды.
Арулап ақыреттік рәсімін жасағанда да құшақтары ажырамай кеткен жастарды бірге жерлейік деген ортақ ой болыпты. Ал, имамдар тірі кезінде некесі қиылмағандықтан оларды бірге жерлеу шариғат заңына қайшы келеді депті. Есесіне, Ақтөбеде Айнұрды, Таразда Болатты жерлеу рәсімі бір күнде, бір сағатта өткізіліп, ысырат сапарына бірге аттанады.
Саф сезімнің символына айналған қос мұңлықтың есімдерін есте қалдыруға қатысты көп істер қолға алыныпты. Солардың алды болып екі жас білім алған Ұлыбританиядағы жоғары оқу орны қыршын кеткен қос ғашықтың құрметіне орай үздік тәлімгерлерге арнап «Айнұр мен Болат» атындағы стипендия тағайындаған. 2007 жылы Айнұр мен Болаттың есімдерін есте қалдыру мақсатында Тараз қаласында олардың атымен «Ғашықтар аллеясы» ашылып, осы аллеяда «Махаббат символы» монументі бой көтерген. Оның тас тұғырына Абайдың, Мұқағалидың махаббат туралы өлеңдерінен алынған шумақтар қашалып жазылған.
Жасыратыны жоқ, біраз жас әлі күнге дейін 14 ақпанды «Валентин күні» деп атайды. Ал, Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде оқитын жастар бұл күнді жыл сайын «Болат пен Айнұрды еске алу күні» деп түрлі шаралар ұйымдастырып, атап өтеді. Сондай-ақ бұл оқу орнында да үздік оқушыларға Болат Кәрентаев және Айнұр Сүлейменова атындағы стипендиялар беріледі.
Енді Марлен Нұрғасенов пен Әнел Мұратованың әңгімесіне келейік. Олардың достығы 16 жастан басталған екен. Екеуі Құлсары қаласындағы бір мектепте оқыған. Марлен тоғызыншы сыныптан соң Ақтөбе қаласындағы колледжге оқуға түседі де, Әнел мектептегі оқуын жалғастырады. Аралары алыстағанмен албырт сезімдері суымайды.
2009 жылы Әнелдің өкпесіне салқын тиіп, осыған сай оған Қарағандыда ота жасалатын болады. Бойжеткен өз дерті жайында Марленге айтпай тұра алмайды. Белгіленген уақытта Әнел мен анасы пойызбен Қарағандыға қарай аттанады. Пойыз Ақтөбе облысының Қандыағаш стансасына тоқтағанда, купеге Марлен кіріп келеді. Ол Әнелдің анасына сабағынан қашып кеткенін айтады, қандай жағдайда да Әнелдің жанында болайын дейді. Балаң жігіттің жанарындағы қайтпас қайсарлықты көрген қыздың анасы рұқсатын береді, сөйтіп, ол да сол пойызбен кетеді. Оқуын тастаған Марлен Қарағандыда уақытша жұмысқа орналасады. Жұмыстан шыға салысымен ауруханаға барып, ғашығының жанынан табылады. Сол кезде оны медқызметкерлер ауруханаға кіргізбей әурелеген. Олардың бәрі орыстар екен. Ал, Марлен солардың тілін табу үшін бір аптада орысша судай сөйлеп кеткен. Ақырында, ауруханаға түнеп қалған кездері де болған.
Әнел отадан соң ауруханадан шығады, бірақ оған әлі ұзақ емделу қажет болатын. Тіпті, Мәскеуден келген дәрігер қыздың өмір сүруге отыз пайыз ғана мүмкіндігі бар деп кесіп айтыпты. Себебі, бір өкпесі ота арқылы алынып тасталғандықтан, Әнелге оттегі баллонынсыз жүру мүмкін емес-ті. Соны білетін Марлен арқа қапшығына оттегі құтысын салып жүреді. Әнелге өмір сүру үшін талпыну, күресу қажеттігін айтып, үнемі жылы сөздерімен қуат береді. Осылай жеті жыл бойы ол сүйгенінен бір елі ажырамайды.
О, құдіреті күшті Құдай, барлық жақсылық сенің рахымыңда! Жеті жылдан соң Әнел өкпе дертін жеңіп, жаңа бір өмір бастайды!
Бір журналист Әнелден тірі қалуыңа не көмектесті деп сұрапты. Біздің тілшілер де қызық, сол сөзін «дертті жеңіп шығуыңа» деп ауыстырса да болар еді, сонда ол былай депті: «Ұйқымнан оянып кетсем, Марлен тізерлеп сөйлеп отыр екен. «Сынап жатқаныңды білемін. Тек бұлай қатты сынамашы. Әнелдің ауырғанына шыдай алмаймын…». Әуелде біреумен сөйлесіп отыр ма дегенмін. Сөйтсем, Құдаймен сөйлесіп отыр! Тура көріп тұрғандай. Марлен осылай Жаратқанға жалбарынып жүргенде мен неге өмір үшін күреспеймін дедім, өзіме өзім сенімді бола бастадым».
Бірақ, бірақ… дәл осы сұлу сөйлемнен кейін келген «бірақтың» қандай сұрықсыз екенін білесіз бе?
«Алла құсты сүйгесiн орман жасап, құсты сүйген адамдар тор жасады» деп ақындар айтпақшы, бірақ дәл осы уақытта бір кісінің белгісіз өліміне Марленді кінәлаған құқық қорғау орындары оны қудалауға түсіреді. Жеті жыл бойы иығына ғана емес, жүрегіне салмақ салып, ғашығының бір жұтым ауасын арқалап жүрген Марленнің кімге кегі кетті?!
Әнші Ернар Айдар «Күнім, сен сөнбеші» деп аталатын бейнебаянына осы қос ғашықты кейіпкер етіп алыпты. Сол хикаятты көріп отырып, жаның жылайды, ал, әлгі бір оқиғаны естігенде есіңнен тана жаздайсың.
Жеті жыл бойы құлшылық жасап, бір жанның өмірін тілеген бейкүнә махаббат иесінің біреуге қастандық қылуы мүмкін бе? Мұның әділдігін қазыларға қалдырамыз. Бізді бұл екі жастың ғашықтығы мен күрескерлігі тәнті етті. Мүмкін, бұларға да Сандыбад секілді талай сұмдықты жеңіп өту жолы бұйырып тұрған шығар.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!