Балалар көз дәрігері Зағипа апайдың еңбек жолы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске түсіреді. Бір қызығы, бұл отбасыны «дәрігерлер династиясы» деп атауға әбден болады. Себебі Зағипа апайдың жолдасы Мұхтар Фазылов инфекционист болып қызмет атқарады, ал ұлы Ербол стоматолог, келіні педиатр болып еңбек етуде. Денсаулық сақшысы атанған Зағипа апаймен осы аптада емен-жарқын әңгімелесіп, сала үздігінің ойын оқырманмен бөлісуді жөн көрдік.

Зағипа апайдың денсаулық саласына келуі кездейсоқ емес. Себебі бала күнінде туысқан аға-әпкесі Қармақшыға келген сайын өз мамандығын кішкентай қызға жиі насихаттайтын. Әрине, терапевт болып қызмет ететін үлкендердің сөзі Зағипа апайды қызықтырмай қоймады. Ал мектепте оқып жүргенде көрші Сағымбек ағай мен Кенже апайдың дәрігер болуы оқушы қыздың осы саланы таңдауына жетелей түсті. Бірақ бұл таңдауға келгенде Зағипа апай кедергілер  болғанын жасырмайды.

‒ Мектепті бітірген жылы пойызға билет аз болатын. Содан анам «Қызылордада қала берсеңші, мұғалім боласың» деп біраз айтты. Бірақ мен дәрігер боламын деген шешімімнен қайтпадым. Осылайша 1981 жылы Алматы қаласындағы медицина институтына оқуға түстім. Оқуды тәмамдаған соң Қызылордадағы №1 емханаға аймақтық дәрігер болып жұмысқа орналастым. Қосымша балалар ауруханасында пульмонология бөлімінде жұмыс істедім. №1 емхананың бас дәрігері Иван Тәжиев: «Зағипа, сен осында қал, саған үй алып беруге жәрдемесемін» деп ұсыныс айтты. Бірақ 1990 жылдары тоқырау басталып, үй алу қиындай бастады. Мен ауылға қайтамын деп шешім қабылдадым. 1991 жылдардан бастап аймақта балалардың көз дәрігері болып қызмет етіп келемін, ‒ дейді З.Қайыпқызы.

Зағипа апай жолдасы Мұхтармен институт қабырғасында танысқанын айтады. Бірге оқуды тәмамдаған соң елге оралып, қызмет жолын бастапты.

‒ Отбасымыз­дың басты құндылығы ‒ ата-анаға деген құрмет пен ауызбіршілік. Бір-бірімізге арқа сүйеп, еңбек жолында адал қызмет етуге демеп жүреміз. Ұлым Ербол стоматолог боламын деп өзі шешім қабылдады, ал қыздарым бұл салаға келе қоймады. Немерелерім де өскенде «дәрігер боламыз» деп қуантып қояды. Мен оған қарсы емеспін. Өйткені дәрігер жақсы мамандық деп ойлаймын, ‒ дейді ол.

Әңгіме барысында Тәуелсіздік жылдарындағы сәттерді еске түсірген Зағипа апай сөз соңында оқырманға жылы лебіз білдіруді де ұмытпады.

‒ Тәуелсіздікке дейінгі медицина мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. Біз көп нәрсені ішкі түйсік арқылы білетін едік. Әсіресе, балалар дәрігерінде ішкі түйсік жақсы дамыған. Баланың жүзіне, іс-әрекетіне қарап диагноз қоятынбыз. Өйткені кішкентай бала сөйлей алмайды. Ал қазір бәрі дамыған. Емдеу жолы да жақсарды. Бұл ‒ үлкен жетістік. Енді тәуелсіз заманда адамдардың көңілі де түзелсе деп тілеймін, ‒ дейді Зағипа апай.

Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!