Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі мен «Бақытты отбасы» орталығы бірлесіп «Сыр Аналар» Альянсы кеңесінің MEN BAQYTTY ANAMYN атты кездесуін өткізді.

«Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының жанынан құрылған «Сыр Аналар» Альянсы кеңесінде 32 ерікті ана жұмыс істейді. Ерікті аналар қала аумағындағы 18 мөлтек ауданға бөлініп,  өз аймақтары бойынша тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы, аз қамтылған және мүгедек азаматтарды анықтап, оларға көмек қолын созумен айналысады. Белсенді аналар қоғамдағы қолдауды қажет ететін жандардың мәселесіне бей-жай қарамай, демеушілердің  қолдауымен әлеуметтік-гуманитарлық көмектер ұсынып, білім, медицина, және тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелерді шешуге атсалысып келеді.

Кездесуде белсенді аналар өздерінің жыл көлемінде мұқтаж жандарға көрсеткен көмегін, атқарған жұмыстарын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.  Шарада жақсылық жасап жарысып жүрген кең жүрек, ақ пейіл, дархан көңіл жандарға қала әкімінің орынбасары Б.Нұридинов өз алғысын жетікізіп, игі істеріне сәттілік тіледі.

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Индира Сансызбаева қоғамдық кеңес құрамындағы әрбір ананың қоғамға үлгі болу керегін айтты. Сонымен қатар бөлім тарапынан белсенді аналарды кәсіпкерлікке бейімдеу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Басқосуға арнайы келген «Мағжан и К» ЖШС директоры  Мағжан Ералиев, «Еларай» қоғамдық қорының басшысы Асхат Байдәулетов пен республикалық «Харекет» қайырымдылық қорының ресми өкілі Азамат Каренеев те ерікті аналарға өз ризашылығын жеткізіп, қам көңіл жандарға қамқор болып, сүрінгенді сүйеп, жығылғанды демеп жүрген белсенді жандардың қайырымды ісіне қашан да қолдау білдіретінін жеткізді.

Шара соңында  кеңес құрамындағы аналарға алғыс хаттар мен қаладағы «Мұз айдыны», «Евразия» кешендеріне арнайы таллондар беріліп, кәсіпкерлердің қолдауымен сый-құрмет көрсетілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!