Қашан да құндылықтың құны жоғары болатыны сөзсіз. Олай болса, отбасының қоғамдағы орнын айшықтауда бұл байқаудың маңызы зор. Байқауда қатысушы отбасылар кезеңнің кедергісінен кідірмей, жүлделі болу жолында жігерлілік танытты. Байқауға қатысуға өңірден 304 отбасы өтінім білдіріп, облыстық кезеңге 16 отбасы іріктелген. Даналық дараланатын, сыйластық сараланатын, жетістік таразыланатын тұста асықтың алшысынан түсуі абырой.
Иә, бірнеше әулеттің басын қосқан байқау да өз мәресіне жетті. Ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты «Достық үйінде» өткізілді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде түп-тамырын ұлттық құндылықтардан алатын отбасы институтының орны ерекше екенін айтты.
– Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды, – деген болатын. Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір облыста 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде», – деді аймақ басшысы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Облыс әкімі жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады. Сонымен қатар бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары республикалық кезеңге жолданбақ.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!