Мереке қарсаңында мерекелік көңіл-күй болғаны қандай жақсы! Бірақ үнемі олай бола бермейді ғой.
Әдетте нөмір алдында әлеуметтік желілерді парақтап шығамыз. Смартфонның сенсорында сырғыған саусақ ұшында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қыз-келіншектер статистикасын көріп, көңіл деген нілдей бұзылды. Еліміздің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күніне бір әйел өлтірілсе, төрт әйел зорлықшының құрбаны болады екен. Күніне екі әйел өзіне қол салса, бесеуі сондай шешім қабылдайды, ал айына тоғыз әйелді өлімге итермелейтін жағдайлар болады. Мұнымен қоса айына он сегіз әйелге қоқан-лоққы көрсетіледі. Бұл –тіркелгені. Ал бізде күйеуінен таяқ жеуді қалыпты жағдай көретін, үндемейтін әйелдер өте көп. Зорлықшы алыстан келмейді, бұл оның күйеуі не бұрынғы күйеуі не серіктесі болып шығады. Қыз-келіншектердің осы ғаріп күйіне қарап, бүгінгі дертті қоғамның бет-бейнесін бағамдауға болады. Өйткені қоғамның ау-жайы әйелге көзқарасы арқылы көрінеді. Әйел – қоғамның айнасы. «Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылықты тоқтатайық» деген ұранның аясында петицияға қол жинау да содан.
Ел еңсесін тіктеген 29 жылда құқықтық Қазақстанды құру үшін әлі де заңды күшейту талабын дәлел мен дәйек арқылы уақыт өзі алға шығарып отыр. Балалардың халі де осындай. «Ұрсам – өз балам» деген көзқарас өзгермейінше, ештеңе де әл-әзір өзгере қоймас. Бізге еркек не әйел не бала демей АДАМ деп қарайтын, дені сау көзқарастың жетпей тұрғанының көрінісі бұл. Меніңше, бір бірімізге адам ретінде құрметпен қарамайынша заңды қатайтқан үстіне қатайта түсу керек. Қорыққанын сыйлайтын бұл қоғам сонда да ғана өзгерер бәлкім.
Мен Қазақстанымды дүниені не арзан атақты емес, Адамды құрмет тұтатын мемлекет ретінде көргім келеді. Мерекелік тілегім де осы.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!