Қазақстан туралы әңгіме айтқанда, ең алдымен елге танымал тұлғалар жайлы сөз қозғалады. Мәселен, тарихи тұлғалар, жазушылар, әншілер мен жыршылар, ақындар ауыздан түспейді. Соның ішінде Мұқағали Мақатаевты ерекшелеп айтуға болады. Себебі ақынның өлендері өте танымал. Аз ғана ғұмырында елге баға жетпес мұра қалдырды. Ол мұра әр жастың, әр жеткіншектің жүрегінде жаттаулы. Мәселен, “Фариза! Фаризажан, Фариза-қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз. Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, бірімізден біріміз арылармыз. Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз” деген өлеңі қаншама ақындарға шабыт сыйлағаны анық. Осыдан-ақ ақынның әр өлеңі қалам ұстаған жасқа өзгеше шабыт сыйлайтыны анық.

Өзім балалық шақтан бері Мұқағали Мақатаевтың поэзиясымен сусындап өстім. Жата-жастана өлеңдерін жаттадым. Бүгінде кі­тап сөремде ақынның кітаптары әлі бар. Ал мына шумақтары ту­ған жердің құдыретін, қасиетін ұғындырады. Өзіме де осы өлеңі қатты ұнайды. Елін, туған жерін сағынған қазақ осы өлеңмен сағы­ны­шын басады. “Туған елім, көрмесем сағынамын. Кетсем ізім өзің­нен табылады. Жасыра алмай, ініңнің отауынан, ыстық маған ата­ның шаңырағы” деп жырлайды ақын. Иә, биыл ақиық ақынның туға­ны­на – 90 жыл. Мағыналы өлеңдері қазақтың жадынан өшпейді. Әрқайсы­сының астарында үлкен мән бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл. Мұқағали поэ­зиясы – күллі қазақтың болмыс-бітімі. Оның сырлы сезімге толы жыр­лары қалың оқырманның жүрегінен орын алды” деді мерекелік құттықтауында. 

Ақынның өмір жолын айтудың қажеті болмас. Себебі Мұқағалиды білмейтін адам кемде-кем. Ютуб каналдарында да өлеңдері жетерлік. Ал ең алғашқы өлеңі қайда жарық көргені оқырманды қызықтыратыны рас. “Қырман басында”, “Қойшы бала – Әкітай” 1949 жылы “Советтік шекара” газетінде жарияланған. Сондай-ақ “Шебер”, “Інімнің ойы” өлеңдері “Жастық жыры” атты жинаққа енген. Жазушы Әбділда Тәжібаев – ақынның алғашқы талантын бағалаған тұлға. Ол Мұқағалиды былайша бағалаған. “Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!” деген екен. Ақынның бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандары бар. Онымен қоса Шекспирдің сонеттерін, Дантенің “Құдіретті комедиясын” қазақшалады. “Саржайлау”, “Сөнбейді әже, шырағың”, т.б. өлеңдеріне сазгер Н.Тілендиев ән шығарған.

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы – әр қазақ үшін мерейлі мереке.

Ләззат РАХМЕТОВА,

Еркін Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп интернат кураторы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!