Фото: ru.freepik.com
Музыка – өнердің ішіндегі ең ерекше, сұлу сала. Өнердің ең сезімтал түрі жүрегімізде сақталады. Адам музыканы тек жан дүниесімен қабылдап сезінеді, оны тілмен жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да балаға музыканы сезіндіру арқылы қабылдатып, музыка өнерінің құдыретін жеткізе аламыз. Өйткені музыкалық шығарманың басқа өнерден айырмашылығы оның мәнерлілігінде. Сол себептен музыканы балаға жай сөзбен емес, өнер тілімен ғана ұғындырып бере аламыз.
Музыкалық білім беру туралы педагогика философиясында әр түрлі пікір бар: алғашқылары, музыканы жеке тұлғаның көркемдік, әсемдік, құндылықтың дамуына әсер ететін құрал ретінде қараса, енді біреулері, музыкалық білім беруде жеке тұлғаны ең алдымен музыка құндылықтарын түсіндіру негізінде тәрбиелеу керек дейді. Сондықтан да бүгінгі таңда музыкалық білім процесінде музыканы жалпы қоғамдағы жеке тұлғаның жан-жақты дамуына мүмкіншілік туғызатын ерекшелік ретінде қарастырады.
Сәби алғаш дүниеге келгеннен бастап музыканың сиқырлы күшіне бөленеді, әуен оның ішкі жан-дүниесіне бойлай еніп, әсер етеді. Музыкамен қарым-қатынас жасау, бір жағынан, жеке тұлғаның рухани дамуын, өзіндік өрістеуін жақсартса, екіншіден, музыкалық қызметтің ұжымдық түрі (хормен және ансамбль құрамында ән айту, бірлескен музыкалық ансамбльде ойнау т.б.) оқушылардың музыкалық-шығармашылық қызметінің дамып, қалыптасуын қамтамасыз етеді, оларды музыканы ұжымдық түрде сезініп, жақындастыра түседі. Музыкалық білім беру жүйесі (тәрбие, оқыту, дамыту) оқушының эстетикалық сезімін, көркемділікті, әсемдікті сезініп, түйсінуін өнер мен қоршаған ортаның бір-бірімен үйлесімділігі арқылы эстетикалық ләззат алуына жағдай жасайды.
Әлия ІДІРІСОВА,
М.Шоқай атындағы №187 IT мектеп-лицейінің музыка пәні мұғалімі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!