Қару мен қан майдан барында жазықсыз жапа шегу мен қаза бар. Қазақ халқы соғыстан кейінгі экологиялық, экономикалық, мәдени дағдарысты қалпына келтіру барысында Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының басты кейіпкеріне айналды. Қос ғасырдың куәгері, тыл ардагері әжем Мағруфа Жұбанышқызы – мен үшін тірі аңыздың өзі десем, артық емес.
Уақыт алға жылжып, көкке қол созғандай көрінетін қиын дүниенің бәрі қолжетімді бола түскенде отбасылық құндылық, қарым-қатынас пен мейірім сынды қарапайым қағидаларды жоғалтып алғандаймыз. Интернетте қаптаған психологтар, қалай қарым-қатынас жасауды үйрететін «ақылды һәм ақылы» кітаптар соның дәлелі. Дегенмен біз іздеген көп дүние жанымызда жүр, жаныңа керегін тап басатын психолог та, жол сілтер ұстаз да, парасат толы пайым иесі де. Әулетіміздің «энциклопедиясы» 1936 жылы 18 сәуірде Қазалы ауданы Қожабақы ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ұлы Отан соғысы кезіне сәйкес келген әжем маңдай тердің мерейін биік қойып, еңбек етуді, адал жолмен несібесін табуды алға қойған жан. Тыл игеру кезінде өзі де бала бола тұра ересектерге көмектескенін, ауылдағы ересектер еңбек етуге кеткенде, көршінің он шақты баласын жинап алып, тамақ бергенін жиі есіне алады.
«Ол кезде өзіміз де әлі баламыз. Ауылдың қыз-келіншектері, үлкен әйелдері шаруашылыққа еңбек етуге кетеді. Айлық берілмейді. Азаннан кешке дейін жұмыс. Үйде әйел адам болмаса, берекеті кетеді ғой. Кішкентай құндақтағы сәбилерін, 2-3 жасар балаларын бір үйге жинап, қарап отырамын. Тамақтандыру, солардың жағдайын жасау – міндетім.
Бұл уақытта аты жаман соғыс аяқталған. Қаншама келіншек жарынан, ана жалғызынан, бала әкесінен айырылған. Қаралы қағаздар жеткен. Халық бары мен жоғын түгендеп, енді ес жия бастаған кез ғой. Әке-шешемнің осыған дейін аштық болғанын естіп өскен мен соғыстан кейінгі жағдайды да аштықтан кем көрмеймін. Содан болар, «нан болса, ән болады» деп өстік. Қиын күндер өтсе де, киерге киім, ішерге тамақ табылғанына шүкір дестік. Шешем жарықтық үйде қаншама бала болсақ та, өзі киім тігіп беретін. “Советский” зауыттың киімдерінен еш кем емес. Осылайша 10 баладан аз тумайтын заманда бір-бірімізге сүйеу болып, анамыз жоқта ана, әкеміз жоқта әке болып өскенбіз…» – дейді ол.
Атам Бөкебаймен отау құрған кезде де балаларына еңбек етуді, адал жолмен ақша табуды ұран етуден жалыққан емес. Сондай қиын кезде де өз қолымен балаларына киім тігіп, көрпе құрап, үйге қажетті заттарды тоқып отырады. Құрақ көрпе тігіп, айран-құртымен қоса қашан көрсең де құдайы қонаққа ұсынып жатқаны. Әлі күнге дейін солай. Аққа жарығанның көңілі де ақ болады дейді ме, үйге соққан адамға «ауыз ти» дейтін даладай дастарханы нан мен айран, қатық пен құртқа толады.
«Он үш құрсақ көтердім. Егізім кішкентайларында қайтыс болды. Қазір 5 ұл, 6 қызым қазақтың әр өлкесінде өз әулетін құрып отыр. Көп демедік, аз демедік. Әр баланың өз несібесі бар. Ал немере мен шөбере баладан да тәтті екен.
Сен дүниеге келерде үйде бала жоқ. Сонда бір-екі күн бұрын түс көрдім. Қараңғы бөлмеге ұзын шам жарық шашып тұр екен. Баласыз үйге жарық боп, шуақ шашып тұрған немерем ғой деп жорыдым. Тіл-көзден сақтасын, мен баймын ғой. Ақшаға емес, адамға баймын. Қасымда кілең жақсылар. Сендер сияқты немерелерім де жанымда», – дейді үйде бәріміздің тату боп, алыстағы жақындарымызды іздеп тұратынымызды көріп.
Осылайша 11 ұл-қыздан 26 немере, 16 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжем көпбалалы ана ретінде жыл сайын медаль тағып, марапатқа ие болып жүр. Соғысты, аштықты, тарихи қудалау кезеңін көрген оған тәуелсіз елдің бүгінгі бейнесі шүкірлік пен қуаныштан өзге ештеңе сыйламайды.
Асыл әжем «Адам болған соң сыртыңнан сөз айтуы мүмкін. Ауыр сөз де болады. Соған ашуланып, кек сақтап жүрме. Бәрінің өз қайтарымы бар. Өзің кең бол, кешірімді бол» деп отырады. Келі түю, диірмен тарту, бие сауып, құрт, ірімшік жасау бүгінгінің адамына өнер болғанмен, ол үшін тұрмыстың бір бөлігі ғана. Биыл 87-ні еңсерген әжем қартаюдың ең әдемі үлгісіндей… Мен өзіңдей бола алар ма екем, байқаусызда адассам, бет түзейтін құбылам?!
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!