Бақытжан АХМЕТБЕК, тарихшы-этнограф:

Ұлттың тарихи танымы мен дүниеге көзқарасы – заманауи қоғамда да ықылас қоятын құндылық. Әр халықтың өзіндік болмысы мен дәстүрі сол ұлттың бейнесін ашуға, мақсатын айқындауға мүмкіндік береді. Сондықтан әр қадамды жөн-жоралғы, наным-сенім, салт тұрғысында бағамдау басты қажеттілікке айналуда. Осы орайда тарихшы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы Бақытжан Ахметбекпен қазақ ғана емес, көптеген шығыс халықтарына ортақ Наурыз мерекесі туралы ой бөлісудің сәті туды.

– Бақытжан Мұқарамұлы, әңгіменің әлқиссасын қазақ ұлтының дамуында Наурыз мерекесінің рөлі қандай деген сауалдан бастасақ…

– Наурыз – рухани мереке. Діни, саяси әсерден ада, ұлттың болмысы мен табиғаттың жаңару мезгілінің тоғысқан тұсы. Сол себепті қазақ халқы Наурыз мерекесін ежелден тойлап келді. Мерекеде ұлттық тағам ұлықталып, салт-дәстүр жаңғырады. Наурыз ерекше бағаланғаны сонша мереке қарсаңында Наурыз, Наурызбек, Наурызбай, Наурызек секілді есімдер пайда болған. Бүгінде мейрамда ойын түрлері жаңғырып, спорт бойынша жарыс ұйымдастырылады. Жаңа серпін алған жастардың наурыз көже мен ән-күйді асыға күтетіні де сондықтын.

Әрине, халықтың өткен тарихы сынаққа толы. Сан алуан идеологияның салдарынан Наурыз мерекесінен қол үзіп қалған шақ та болды. Өткенге көз тастасақ, 1926 жылы Кеңес үкіметі аталған мерекені тойлауға тыйым салып, көптің көңілін күпті етті. Ғасырдан-ғасырға жалғасқан мәдени мұрадан айырылу қай халыққа болмасын оңайға соқпасы аян. Қазақ халқы да амалы құрып, мерекемен қайта қауышар күнді асыға күтумен болды. Тек 1988 жылы қоғам қайраткерлерінің жәрдемімен Наурыз мейрамын қайта тойлау мүмкіндігі туған еді. Қайраткерлер үкіметке шығыс халықтары үшін наурыз мерекесінің қаншалықты маңызды екенін жеткізіп, ұсыныс білдіреді. Ұсынысты Михаил Горбачёвтың өзі қолдап, қазақ ғана емес, көптеген шығыс елдеріне мерекені атап өтуге жол ашылғанын білеміз.

Алайда осы аралықта мереке ресми атап өтілмесе де үй-үйде, ауыл-аймақта атаусыз өтпейтін. Ата-әжелер салт бойынша ұлттық тағам жасау, ұлттық киім кию секілді жоралғы жасап, дәстүрдің ұмытылмауына күш салды. Мысалы, әжем Айым Жүргенбайқызы 1910 жылы өмірге келген. Сол кісі дүниеден озамын дегенше бізге Наурыздың атаусыз өтілмеу керегін үйретумен болды. Мереке қарсаңында таңертең оятып, наурыз көже беріп, тілек айтатынын естіп өстік. Сол кезде мерекенің мәнін білмесек те қуана күтуші едік. Себебі оған дейін мектепте Наурыз мерекесі, ұлттық құндылық туралы айтылмайтын. Араға 60 жыл салып қайта оралған Ұлыстың ұлы күнін тойлауды қазақтың ерекше қадірлеуінің себебі де – жоғалтып, қайта табуында.

Әлемде 5 мыңға жуық ұлт бар екенін білеміз. Алайда мемлекет ретінде орныққаны 200-ге тарта. Көп халық өзге ұлтқа сіңіп, аты-жөні, түр-тұлғасы өзгеріске ұшырады. Ал қазақ халқының сан ғасыр бойы жерін, тұтастығын сақтауы салт-сананың беріктігінен болса керек. Сондықтан Наурыз мерекесі туралы айтқанда оның бізді біріктіретін ұлы күш екенін ұмытпауымыз шарт. Бүгінде ұлттық киім мен ұлттық тағамға сұраныстың молаюы, ұлттық код пен болмыс туралы зерттеу санының артуы сөзімізге дәлел бола алады.

– Мерекенің қазіргі қалпы мен өткен кезеңінде қандай айырмашылық бар?

– Аса бір айырмашылық орын алды деп айта алмаймын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ресми тойлауға тыйым салынған уақытта да әр қазақ шаңырағы атаусыз қалдырмады. Сол себепті негізгі өзегі сақталды. Ал көпшілік нұсқадағы тойлау жолында біршама өзгеріс бар. Соның бірі – би билеу.

Наурыз мерекесі – көңіл-күйді көтеріп, шабыт сыйлайтын сәт. Әжелеріміз бұл мерекені би билеп, ән салып атап өткен. Ұзақ уақыт кең көлемде аталып өтілмегендіктен Наурыздағы билер ұмыт қалған. Тіпті мерекеде би билегені туралы естімеген қандастарымыз да бар. Бүгінде қазақта би өнерінің тарихи беріден басталады деген жансақ пікірге нүкте қоятын кез келді. Бидің қазақ қоғамымен бірге дамығанын дәделдеу қажет. Өйткені наурыз ұлттық би билеп, көңіл көтеретін мейрам да бола білген еді. Мерекеде «Қара жорға», «Алтынай», «Аю» билері кең танымал болды деген дерек кездеседі.

– Көрісу күнінің шығу тарихы қандай? Сыр еліне бұл мерекенің жақындығы бар ма?

– Орынды сауал. Көбісі көрісу салты батыс өңірде сақталған дәстүр деп біледі. Қызылорда аймағында болмаған деген пікірге жақын көзқарастар да бар. Алайда бұл – қате ой. Бұл салт батыс аймаққа ғана тән емес, біздің Сыр бойында да жүргізілген. Мәселен, шамамен XV ғасырларда Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш өңірлері Ноғайлы жеріне кірді емес пе?! Сол кезеңде облыстың аталған аймақтары көрісу күнін атап өткен. Әрине, қазір ұмыт қалды. Дегенмен аталған салт-дәстүрді алшақтатудың қажеті жоқ. Оған қоса көрісу күні адамзат бойындағы мейірімділік, ізгілік, ілтипат сезімін оятатын құндылық дер едім. Бұл дәстүрді бар қазақ ұстанса, артық етпейді.

– Қазақтың жыл санау, мезгіл айқындау ісінің ерекшелігі қандай?

– Қазақ – табиғатпен біте қайнасқан ұлт. Мезгілдің қалай құбыларын, қауіптің неден келерін дөп басқан. Мысалы, «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген сөз бар. Ауа райына сенбе деген мағынаны білдіреді. «Ақ қар көп болса – ақ нан көп», «Туған ай, тураған етпен тең» деген нақыл сөздер қоршаған ортамен байланыстың ең озық үлгісі екені анық. Одан бөлек жұлдызға, табиғат белгілеріне қарап, келер күнді болжаған оқиғалар да көп кездеседі. Жан-жануардың болмысын терең тану да өз әсерін тигізді. Жыл атауын жануарлармен байланыстыру да көшпелі халықтың өмір-салтынан хабар береді.

Сондай-ақ жыл санау үрдісі де бөлек. Мәселен, мүшел жас та жыл санауға байланысты. Мұндай адам жасын есептеу үлгісі басқа халықта кездеспейтін ерекшелік. Тарихы да тереңде жатыр. Сақ дәуірінен басталған есептеу жүйесі бүгінге дейін жетіп отыр. Сондықтан қазақ халқының таным-түсінігін зерттеу кезек күттірмейтін амал екені даусыз. Сонда ғана болашақ ұрпаққа өткен тарихты риязсыз қалыпта жеткізуге, өзімізді тануға жол ашылады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Берен Шағыров