Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық форумы барысында Қазақстан жастарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

«Бүгін баршамыз үшін ерекше күн. Тәуелсіздіктің торқалы тойы қарсаңында еліміздің білімді де білікті, іскер де белсенді жастары республикалық форумда бас қосып отыр. Баршаңызды тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын. Бұл тәңірдің біздің ұрпаққа берген баға жетпес үлкен сыйы. 30 жыл – халқымыз үшін тарихи белес. Біз осы уақыт ішінде ата-бабамыздың асыл арманын орындап қана қоймай, оны баянды ете білдік. Қазақстанды әлем таныған, жаһан мойындаған іргелі мемлекетке айналдырдық. Бұл барша халқымыздың ортақ жеңісі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы өзінің Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста нені армандағанын айтты.

«Мен Қазақстанды Тәуелсіз мемлекет деп жариялаған тұста елімнің келешегі жарқын, халқы бақуатты, жастары бақытты болсын деп армандадым. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, лайықты өмір сүру жолында аянбай еңбек еттім. Бүгінде сол арманым орындалып отыр. Тәуелсіздік жылары біз дамыған елдермен терезесі тең, бәсекеге қабілетті жаңа буын тәрбиеледік», – деді Елбасы.

Сонымен қатар тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір отызға келгенін айтып, олардың игі істерге бастамашы болатынына сенім білдірді.

«Ардақты менің достарым! Тәуелсіздікпен қатар дүниеге келген ұрпақ қазір орда бұзар отызға толып отыр. Буыны бекіп, қанаты қатайып, талай игілікті іске ұйытқы болар жасқа жетті. Туымызды биік ұстайтын, ұлтымызды ұлы мұраттарға бастайтын – Тәуелсіздік ұрпақтары, сендерсіңдер. Қай заманда да тарихты өздерің сияқты жалынды жастар, білімді азаматтар жасаған. Сендерге айтарым – әр кезеңнің өз қиындығы мен сынағы болады. Қазіргі күрделі ахуалды көріп отырсыңдар, дүние мың құбылып тұр. Осынау аумалы-төкпелі заманда тек білім мен ғылым қуған ел сенімді алға басады. Осы жолдан таймаңдар. Біз текті халықтың ұрпағымыз. Қанымызда қайсарлық, бойымызда батырлық, жүрегімізде жігер бар», – деді Назарбаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық форумында.

Ол Қазақстанды озық отыз елдің қатарына қосу баршамыздың ортақ міндет екенін айтты.

«Осы орайда жастарға зор үміт артамын. Сендерді ұлт мүддесі жолында аянбай қызмет етуге шақырамын. Егеменді еліміздің ең қастерлі құндылығы не екенін ешқашан ұмытпаңдар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деп түйіндеді Елбасы.

Назарбаев Қазақстан жастарына үндеу жасады (видео)

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!