Құрметті жерлестер! Қадірлі қызылордалықтар! Баршаңызды ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалып, елдік пен еркіндіктің, егемендіктің, бақытымыздың бастауы болған ұлы мереке – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – шекарамызды шегендеп, ел еңсесінің биіктеуіне, егемендігімізге қолымыз жетіп, туымыз тұғырына нық орнауына негіз болды. Қазақ мемлекетін ұлы болашаққа бастап, тіліміз бен дініміз, дәстүр-салтымыз мен әдет-ғұрпымыздың қайта жаңғырып, халқымыздың теңдігі мен тұрақтылығына жол ашты.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған 30 жылға жуық уақыт ішінде тарихын түгендеп, барын бағамдап, асылын ардақтаған, елдігін талайға мойындатып, ұлтымыздың ұлылығын дәлелдеген халқы біртұтас, бірлігі бекем қуатты да кемел елге айналды.

Халқының береке-бірлігі артып, бір шаңырақ астында сан түрлі «Рухы бір – қандас, жүрегі бір – жандас» ұлт пен ұлыстың тыныштығы мен тұрақтылығын сақтап, Ұлы достықтың ордасы, бейбітшілік пен татулықтың мекені болды. Елімізді бұл толайым табыстарға, мол жетістіктерге жеткізген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты екені сөзсіз.

Елбасының бастамасымен өмірге келген жаңа бағдарламалар мен Мемлекет басшысының тың идеяларының ықпалымен Сыр елінің орталығы – Қызылорда қаласы да өрелі өзгерістердің алдыңғы шебінен көрініп, жарқын жетістіктерімен, жаңашылдықтарға жетіп, көш түзеп келеді.

Тұтас халықтың татулығы мен ауызбіршілігін арттырып, ел іргесін бекемдеп, Отанымыздың айбынын асқақтатып, тұрақты дамуы мен кемелденуінің негізі болған, күллі Қазақстан азаматтары үшін қадір тұтар басты байлығымыз – Тәуелсіздігіміз мәңгі болып, мәңгілік елге бағыт алған сапарымыз сәтті, ел еңсесі биік, болашағы жарқын, еліміз тыныш, Елбасымыз аман болғай!

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!