Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өкілеттілігі аяқталған VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарын қабылдады.
Кездесу барысында шаһар басшысы халық қалаулысы ретінде тұрғындардың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін атқарушы билікке уақытылы жеткізіп, мәселелердің күрмеуін шешіп, түйінін тарқатуға әрдайым өзіндік үн қосып, билік пен халық арасында алтын көпір болған депуттарға алғысын білдірді.
Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ауқымды жобаларды жүзеге асыруда депутаттар қауымының екіұшты ой, сыңаржақ пікір айтып, кереғар шешімдер қабылдамағанын ерекше атап өткен қала әкімі қай салада болмасын Сырдың бас шаһары игі істердің ұйытқысы, тың жетістіктер мен жақсы көрсеткіштердің локомотивіне айналуына жергілікті билік пен халық қалаулыларының тығыз байланыста, етене жұмыс істеуінің жемісі екендігін жеткізді.
Басқосуда әр саладағы табыстарымыз бен жетістіктерімізді сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі екенін айғақтап, әріптестік байланысты сабақтастыра беретінімізге сенім білдіремін деген шаһар басшысы халықтың әлеуметтік мәселелерін жеткізу мен шешуге белсенді атсалысып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолында еселі еңбек еткен депутаттарды қала әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.
Жиын соңында VI шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаттары Сәрсенкүл Бәйдешқызы мен Шәріп Әкбарұлы және Мұхитжан Исмаилұлы сөз алып, әріптестерінің жылдар ішіндегі нәтижелі әрі табысты жұмыстарына тоқталып, алдағы уақытта да қаланың дамуы жолында аянбай қызмет ететіндерін жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!