Ерен ерлікке құрмет көрсету – бұлжымас парыз. Ел еркіндігі, жерінің азаттығы жолында жасалған ерлік өнеге, ұрпаққа ұлағат.
Адамзатты фашистік езгінің қыл бұғауынан құтқарған Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қаһармандығы тағзымға лайық. Бүгінде Сыр өңірінде ерлік пен өрліктің белгісіндей санаулы ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды. Соның бірі – Әбдірахман Бәйтіков. Мереке қарсаңында Отан үшін от кешкен майдангермен өткен күннің естелігі жайлы әңгіме өрбіткен едік.
1943 жылдың жазында болған Курск түбіндегі майдан Екінші дүниежүзілік соғыста орын алған ең қанды шайқас ретінде тарихта қалды. Онда екі жақтың броньды әскери техникасы сынға түсіп, сан мың адам оққа ұшты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы Батыры атағына ие болды. Курск майданында жерлесіміз де болып, қайсарлығымен көзге түскен. Ұлы Отан соғысының ардагері майданға аттанғанда небәрі 18 жасар бозбала еді. 1942 жылы Ашхабад жеріне армияға аттанған сарбаз алдымен офицерлер дайындайтын курстан өтеді. 1943 жылы майдан даласына барып, Курск шайқасына қатысқан. Иығына танкіге қарсы оқ жаудырар қаруды асынған сарбаз майдандастарымен бірге немістердің шабуылына қарсы шықты. Шегініссіз алға басқан жауынгерлердің дені оққа ұшты. Жау тұтқиылынан жараланғандар баршылық.
– Таң алдында дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Оқтың дауысына етіміз үйреніп кеткен. Жалғыз мақсатымыз – жеңіске жету. Соғыс кезінде әрбір сарбаздың бойында осындай сезім болды. Алайда осы шабуылда қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Сүйегім аман екен, тек тамырлары қиылып кеткен. Содан қолыма ота жасалды, – деді майдангер.
Уақыт өз дегенін жасайды. Бұл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өксітіп кетті. Госпитальдан шыққан жаралы сарбазды Новосібір қаласына жіберді. 1943 жылдың желтоқсан айында комиссияға түсіріп, II топ мүгедектігіне байланысты шешім шығарып, елге қайтарады. Соғыс салған ауыр жарақаттан 1944 жылдың басында кейіпкеріміз елге оралды. Туған жерде бейбіт еңбекке араласып, алдыңғы лектен көрінеді.
Ер етігімен қан кешіп, ат ауыздығымен су ішкен Әбдірахман Бәйтіков биыл ғасырға қадам басады. Сұрапыл соғыста кеудесін оққа тосып, бұлт басқан жерге бейбіт өмір сыйлаған ақсақалды қалай ардақтасақ та артық емес.
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!