Әдетте жырау дегенде елдің есіне Алмас Алматов, ал Алмас Алматов дегенде жырау деген халықтық саф өнер иесі ойға оралады. Бұл жыраудың жырмен біте қайнауынан туындайтын шығар әсілі. Биыл Сыр сүлейлерінің жалғасы алпыстың асуынан асты. Осы орайда ойы оралымды, сөзі сұңғыла Алмас ағамен рухани мәдениеттің дамуы, жыраулық өнердің қазіргі жағдайы турасында аз-кем әңгімелестік.
‒ Алмас аға, 65 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Қалыңыз қалай, денсаулығыңыз жақсы ма?
‒ Аллаға шүкір, бәрі жақсы.
‒ Биылғы пандемия барлық сала мамандарын қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр етті. Десе де бұл жағдай елмен емен-жарқын жүздесуге үйренген мәдениет саласының мамандары үшін оңай тимеген болар…
‒ Қазақ халқының басынан талай тағдырлы сәттер өткен. Ол ‒ кешегі жұт, соғыс, ашаршылық. Соның барлығынан ақылменен ой тауып, Алла сақтап, бүгінгі мемлекеттік дәрежеге жеттік. Қиындық әр заманда, түрлі кезеңдерде болады. Ал пандемия бүкіл адамзатқа келген дерт болған соң, Қазақстан да мемлекеттік деңгейдегі үлкен іс-шаралар ұйымдастырды. Соның нәтижесінде ел арасында вирустың алдын-алу, егу, емдеу және сауықтыру шаралары жолға қойылды. Бірақ бұл жағдайға босаңсымай, әлі де сақ болуымыз керек. Әлемде болып жатқан дерт болсын, түрлі толқу түріндегі қарсылықтың бәрі адамзатқа келген қиыншылықтың нәтижесі. «Өзіңе-өзің берік бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дейді қазақ. Әрбір азамат елдіктің туын көтеріп, бірліктің қосын жегуі керек.
Ал осы тұста мәдениет саласы мен Сыр бойындағы дәстүрлі өнер өкілдері халықпен онлайн форматта үздіксіз араласып, түрлі бағытта бағдарламалар жүргізіп отырды. Тіпті аудандық, ауылдық клубтарға дейін мұндай іс-шараға белсене араласып кетуі ‒ біздің өнер саласындағы азаматтардың заманға сай жетілуінің белгісі. Өйткені онлайн формат деп отырғанымыздың өзі әлемдік деңгейдегі ақпарат ағымдарына ілесу екені белгілі. Сыр елінде Қорқыт ата (ІХғ) мұраларынан бастау алатын жыршылық, жыраулық дәстүр атадан балаға мұрагерлік сипатта дамып, бүгінде ұлтымыздың рухани мұрасына айналды.
Бүгінде Арал ауданында “Нұртуған Кенжеғұлұлы атындағы ақын, жыраулар мектебі” (жетекшісі: А.Тәңірбергенов), Қармақшы ауданындағы “К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі (директоры: А.Бүрлібаев), Шиелі ауданындағы Нартай Бекежанов атындағы ән-жыр мектебінде (директоры: М.Бекпейісов) жүздеген шәкірт жыршылық, ақындық, әншілік өнерге машықтануда. Қармақшы ауданындағы орталық мәдениет үйі жырау Шамшат Төлепованың атына берілсе, “Ақжар” аулындағы жаңадан салынған мәдениет үйі жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының атына, Тұрмағамбет ауылындағы мәдениет үйі жырау Қуандық Бүрлібаевтың атына беріліп, жыршы, жыраулық өнерге талпынған жастар білікті ұстаздар арқылы дәріс алуда. Бүгінде аудан көлемінде арнайы штат бөлініп, Алдашбай ахун ауылында жыр мектебі ашылып (ұстазы: А.Бүркітбаева) талантты жастар қабылданды. Болашағында Т.Көмекбаев, Төретам ауылынан да жыр мектебі ашылмақшы. Өнер ‒ бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең. Жастар ‒ өмірдің, өнердің болашағы.
Пандемия жағдайында жас талап өнерпаздар ұстаздарымен бірге онлайн форматта Сыр бойы ақын-жырауларының шығармаларын халыққа насихаттап, түрлі бағдарлама шеңберінде қызмет жасап, рухани байытып отырды. Бұл ‒ үлкен ізденіс, жастардың азаматтық, халықшылдық көзқарасын қалыптастыратын шығармашылық тәжірибелік зертхана. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп отыруы керек. Әлемдік жаһандану үрдісі ұрпақ тәрбиесін жетілдірудің өзекті мәселеге айналғанын көрсетіп отыр. Сондықтан да біз алдын-ала нақты іс-әрекеттермен оң өзгерістерге жол ашып отыруымыз керек.
Жақында ғана Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Алтын Орданың 570 жылдығына орай «Ер Едіге» жырын 42 жырау 60 сағат көлемінде жырлап, күйтабақты музыкалық-эпос күйінде онтологиялық жинақ етіп шығардық.
(Жобаның авторы және жетекшісі: профессор А.Алматов, ғылыми кеңесшісі: ф.ғ.д. Ж.Асанов, музыкалық редакторы: өнертану магистрі К.Түрікпен.) Жырды орындаған 42 жыраудың тең жартысы дерлік Сыр бойынан шыққан, Қорқыт ата университетіндегі “Дәстүрлі музыкалық өнер” кафедрасында (кафедра мең: доцент А.Алматов 1990-2011) білім алған шәкірттеріміз еді. Демек Сыр бойындағы жыршылық, жыраулық өнер тек қана орындаушылық тұрғыдан ғана емес, ол рухани-ағартушылық тұрғысынан да кемелденіп өсіп, жетекші факторға айналып келе жатқанын көруге болады.
‒ Сыр бойындағы жыраулық өнерді насихаттау мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жанынан 1990 жылы дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының алғаш болып негізін қалаған екенсіз. Өзіңіз қызмет еткен 21 жыл көлемінде шәкірттеріңіз де тыңнан түрен салып, топ жарды. Ал бүгінде аймақтағы жыр өнерінің насихаты, кейінгі буынның қызығушылығы жайында не айтар едіңіз?
‒ Жалпы Сыр еліндегі рухани үлкен мұра жыр өнері екенін білесіздер. Сонау Қорқыттан бастау алатын, оның ар жағында Түркі қағанаты дәуіріндегі Күлтегін, Тоныкөкке арнап сына тасқа қашап жазылған жыр тіліндегі баяны, мұның бәрі ‒ адамзатқа ортақ мәдениет. Шәкірттерім: ф.ғ.к. Ұлжан Байбосынова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Францияның мәдениет, өнер саласы орденінің иегері, Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының жыр класы бойынша оқытушысы. Ұлжанның республика көлеміндегі дәстүрлі өнер иелеріне арналған тележобалары мен халықаралық басқосуларға ұйытқы болуы жыраудың азаматтық тұлғасы мен рухани әлеуметтік тұлғасын айқындайды.
Биылғы үлкен жетістік шәкіртіміз, өнертану магистрі, жыршы Күнсұлу Түрікпен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын алып, жыраулық өнерді мұрат тұтқан жастарға үлгі боларлық кәсіби орындаушылық деңгейін дәлелдеді. Еуропа, Американың тыңдарман қауымына өнерлерін көрсеткен жыршы-жырауларымыз Ұ.Байбосынова, Ш.Бимбетова, А.Ноғайбаева, А.Бүрлібаев, М.Сәрсенбаева, Р.Ахметов, С,Жақсығұлов, К.Түрікпен секілді талантты өнерпаздар бүгінде ұстаздық, ағартушылық жұмыстармен айналысуда. Облыстың мәдениет, өнер саласында басшылық қызметте Н.Наурызбаева, Т.Махашов, С.Амангелдиев, Н.Бақтияров т.б. азаматтар абыройлы еңбек етіп отыр. Олай болса Сыр бойының мәдениеті ата-бабадан жеткен жыр мұрасының насихаты барда ұзақ жасайды деп айтуға болады.
Сыр елі ‒ фольклорлық, этнографиялық, этникалық тұтастығын жоймаған, атадан балаға мирас үлгі-өнегені ұстанған қасиетті өлке. Тағдыр жазуымен түркі әлемінің талай ойшылы, Асан қайғыдан бастап көптеген ғұламалар байыз тапқан жер. Кейінгі уақытта археолог ғалымдар Сыр бойындағы мәдениеттің Ніл дариясы бойындағы мәдениетпен тетелес, құрдас екенін дәлелдеуде. Сондықтан біздің алдымызда зерттелетін, зерделенетін, болашақта қайта кемелденетін өте ауқымды мақсат-міндеттер тұр. Қазіргі таңда Аралдағы Нұртуған, Қармақшыдағы Жиенбай, Шиелідегі Нартай мектебінде жыр өнерін үйренген жүздеген шәкірт бар. Өкінішке қарай, осындай талантты балалар облыс орталығында немесе аудан аясында қалып қоюда, талантты жастарды қолдау қажетті деңгейде қамтылып отырған жоқ. Себебі оқу орындары заман талабына сай құрылымдық өзгерістер жасап жатқан уақытта біз бұл сала бойынша кешеуілдеп келе жатырмыз. Әйтпесе Қызылорда облысының орталығынан арнайы «Өнер» лицейін ашатын уақыт жетті. «Өнер» лицейін құрып, оған облыс көлемінде өнерге талпынған таланттар тобын топтастырсақ, әрі ол жерде педагогикалық жоғары колледж, музыкалық колледж, Қорқыт ата атындағы университетіндегі дәстүрлі өнер кафедрасының білікті мамандары дәріс берсе, біз дәстүрлі өнердің дамуына, талантты ұрпақтың білім алып, өсіп-жетілуіне жол ашамыз. Өкінішке қарай, біз жылына талантты балалардың бір-жарын ғана оқу орнына қабылдай аламыз, сонда қалған жүз адам қайда қалады? Сол секілді университеттерде талантты балаларға арнап грант бөлу мәселесі әлі күнге жолға қойылған жоқ. Байқап отырсаңыз, аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасының балаларына жеңілдік бар. Алайда талантты топқа жергілікті әкімдіктен грант бөлінбей отыр. Халықтық өнерге ‒ халықтық қамқорлық керек. Сондықтан музыкалық колледжге, Қорқыт ата университеті жанындағы “Дәстүрлі өнер институты”, жанындағы жыр, ән, күй, айтыс, би мамандықтарына арнайы облыстық мәслихаттың шешімімен жыр бөліміне ‒ 10, ән бөліміне ‒ 10, күй бөліміне ‒ 10, айтыс бөліміне ‒ 10, би бөліміне ‒ 10 грант бөлініп, қамқорлыққа алынуы керек. Сонда ғана талантты жастардың жолы ашылып, рухани демеу алады. Халықаралық деңгейде біз үлгі алатын жақсы істер жетерлік.
Осыған дейін біз Ташкентте өтетін 16 жасқа дейінгі балалардың халықаралық фестивальдері мен конкурсына шәкірттерді апарып жүрміз. Әрі өзім сол жақтағы қазылар алқасының тұрақты мүшесімін. Олар 16 жасқа дейінгі балалардың музыкалық мұраларды сарапқа салатын алаңын ашып қойған. Сол тәрізді бізде 16 жасқа дейінгі шәкірттер үшін үлкен бір халықаралық шығармашылық алаң ұйымдастыруымыз керек. Сол кезде өнердің дамуы жоғары деңгейге көтеріледі.
Біз өнердің ертеңіне бағыт-бағдар алып отыруымыз қажет. Өнер мұрагер ұрпақтары арқылы ғана дәстүрлі сипатқа айналады. Олай болмаса өнер ұмытылады. Ал дәстүр ‒ өнер мен мәдениеттің тал бесігі. Сондықтан біз осы ұстанымды берік ұстанып, рухани кеңестігімізде басшылыққа алғанымыз абзал.
‒ Аға, газеттің негізгі аудиториясы жастар екенін ескеріп, сіздің жастық шағыңызға бет бұрсақ. Сол уақытта қандай болдыңыз, қандай жетістіктерге жетіп, кімді үлгі еттіңіз? Сол кездегі қателіктерге қазір қандай ақыл айтар едіңіз?
‒ Біздің шығармашылық даму кезеңіміз 70-80 жылдарға тұспа-тұс келді. Бұл уақытта Кеңестік жүйедегі одақтық құрылым болды. Сол кездің өзінде, яғни 85 жылдары Франция, Италия, Швейцарияда өнер көрсету бақытына ие болдым. Сол тұста Сыр сүлейлерінің шығармалары Париж, Милан, Женева қалаларында қазақ тілінен француз, итальян тіліне аударылып, алғаш рет жыраулық өнер шет мемлекетте кеңінен паш етілді. Одан кейінгі уақытта Ленинград, Мәскеу қалаларында өткен алқалы жиындарға қатысып отырдым. Ленинградта жүріп Сыр бойының жыраулық өнерін зерттеген өнертану ғылымдарының кандидаты Алма Бектұрсынқызы сынды өнер жанашырларының бастамасымен біз жыраулық өнердің адамзатқа ортақ мәдениет екенін насихаттай бастадық.
1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ғылыми ізденушісі болып қабылданып, 1988-1990 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Халық әні» кафедрасын ұйымдастырушылардың бірі және алғашқы меңгерушісі болып сайландым. Сол кездегі шәкірттеріміз Бекболат Тілеухан, Ержан Қосбармақов, Елмұра Жаңбергенова бастаған топ болды. Олардың бәрі қазір Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері сынды үлкен дәрежеде халыққа қызмет етуде. Біздің сол уақыттағы негізгі қызметіміз шәкірт тәрбиелеумен жалғасты. Одан кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасын ұйымдастырып, алғашқы меңгерушісі болып қызмет атқардым. Ал 1998 жылы дәстүрлі өнер-жыр мамандығының мемлекеттік стандартын жасап, осы бағытта жетекшілік еттім. Бүгінде осы мамандықтар бойынша, дәстүрлі өнер түрлері негізінде дәстүрлі өнер ән, жыр, күй, айтыс, би болып бес саланы дамытып келе жатырмыз. Болашақта біз ЖОО-дағы өнерпаздарды кәсіби маман есебінде даярлап, өнердің жаңа деңгейін ғылыми зерттеуіміз қажет. Себебі өнер ғылымға негізделу керек. Сол уақытта ғана Сыр бойындағы өнерді халықаралық деңгейге жеткізіп, насихаттай аламыз. Бүгінде Сыр аймағында дәстүрлі Өнер академиясын ашу керек деген маңызды тақырып көтерілуде. Алдағы уақытта түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін, әдебиеті мен музыкасын орталықтандыратын үлкен рухани орта болу керек. Өйткені қазір түркі елдерінде саяси-мәдени орталықтар құрылып, үлкен қозғалысқа айналды. Осы орайда Қорқыт ата байыз тапқан, ежелгі Тұранның астанасы болған Сыр бойында Түркі халықтарының академиялық орталығын ашу керек деп ойлаймын. Бұл ‒ менің жеке көзқарасым. Сонда біз жыр өнері арқылы басқа елдермен қарым-қатынасымызды жаңа бағытта дамыта аламыз.
‒ Осы уақытқа дейін өзіңізді өнермен биіктеткен халықтың ортасында елге абыройлы қызмет етіп келесіз. Ұлттық мәдениеттің жанашыры ретінде қазір сізді қандай мемлекеттік мәселе алаңдатады?
‒ Әрине ұлт мүддесі жайлы сөз қозғағанда оның тілі, ділі жалпы ел тарихы мен бүгінгі ұлттық ой-сананың өзекті мәселелері кез келген адамды ойлантпай қоймайды. Сондықтан егеменді ел, тәуелсіз мемлекет болған қазіргі уақытта тіл мәселесінің шешілмеген кейбір тұстары шынымен де ой салып тұрған ауыр жағдай. Сондықтан саяси әлеуметтік орта мүддесі тұрғысында ұлтты сақтау үшін тіл мәселесіне аса назар аудару керек деп ойлаймын.
‒ Өмір жолында, еңбек жолында не нәрсеге анық көзіңіз жетті? Осы орайда газет оқырмандарына аталық ақылыңызды айта өтсеңіз…
‒ Жастарға ең бірінші айтарым, өз еліңді, ұлттың өнері мен мәдениетін, тілін, халқын сүйгеннен артық бақыт жоқ. Біз еуропалық не басқа елдердің бұралқы қасиеттерін бойға сіңіру арқылы ешқашан көгеріп-көктемейміз. Сондықтан өз ұлтымыздың рухында бар қасиетті мұраларды зерттеп-зерделеп, рухани қажетімізге жаратпайынша, жарнамадағы сөздерді ғана оқып, соны ғана қайталайтын дәрежедегі топтың тұйықталған кезеңіне келіп тірелеміз. Бұл ‒ үлкен мәселе.
Қазақта 500-ден аса батырлық жыр-дастан бар десек, сол дастандарда тілдің рухани мәйегі, түп-тамырымыздың ағыны жатыр. Соның бәрін тік көтеріп, дұрыс пайдалануымыз керек. Ал жастар соған бастамашыл болып, елді рухани жаңғыртуға үлес қосу керек. Оған жастардың күш-қуаты да, техникалық мүмкіндігі де жетеді. Бір ғана Димаш Құдайбергеновтың бүкіл әлемді аяққа тұрғызуы тектен-тек емес қой. Анығында өнердің әр саласында осындай таланттар бар. Сондықтан жастар ұлт болашағына бекем болу керек. Сонда ғана біз іргелі ел болып қалыптасамыз. Осы орайда, аймақтағы жастар газетінің оқырмандары мен шығармашылық топқа толағай табыс тілеймін!
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!