Иран-Қазақстан. Бұл – тамыз айында атажұртқа көш түзеген ирандық 20 отбасының бағыты. Қазақстанға қоныс аударып, түпкілікті тұрақтау ниетімен шекара асқан қандастарды әуежайдан тұрғындар құшақ жая қарсы алып, ақ тілегін жаудырған болатын. БАҚ пен әлеуметтік желіде қандастарға солтүстік өңірден баспана берілгені сүйіншіленсе, билік жүйелі бағдарлама негізінде жағдай жасалатынын айтқан. Алайда соңғы уақытта олардың кейінгі тағдыры көп айтыла бермейді. Тәуелсіздік қарсаңында атамекенге оралған қандастардың тыныс-тіршілігін білу мақсатында көшті бастап келген Хадиша Адаймен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Хадиша Шаңбайқызы, атажұртқа аман-есен оралуыңыз құтты болғай! Атамекенге оралу бастамасы қалай пайда болды?
– Атажұртқа оралу шалғайда жүрген әрбір қазақтың арманы екені белгілі. Бала кезден маған да Қазақстанға табаным тиіп, құтты қоныс тапсам деген ой маза бермеген. Кейін білім алу, тұрмысқа шығу секілді өмір белестері бұл арманымның орындалуын кешеуілдетті. Алайда Ираннан қоныс аударған қазақтардың тұрмыс-тіршілігінен хабар алып, елшіліктегі түрлі шараларға қатысу арқылы атамекен туралы мағлұмат алуым шектелмеді. Кейіннен атажұртқа көшу өзімнің ғана емес, балаларымның болашағын жарқын етуге мүмкіндік беретінін толық сезіндім. Содан болар, Қазақстанға көшуге ықылас танытқан сәтте бірге сапарға шыққан әрбір отбасы елдің ертеңіне сеніммен қарады. Осылайша тамыз айында 20 отбасы елге келіп, жаңа ортаға үйренісудеміз. Қазір Петропавл облысы Есіл ауданына қарасты Петровка ауылының тұрғынымыз.
– Әрине, атамекеннің әр жері құтты. Бірақ неліктен қоныс аударуда таңдау солтүстік өңірге түсті? Үйреншікті емес климат жайсыздық тудырмады ма?
– Дұрыс айтасыз, табиғат, климаттың күрт өзгеруі адам өміріне әсер етеді. Бізге де солтүстікке қоныстану өзгеріс сыйлады. Дегенмен ол жақсы қалыпта көрініс берді. Мысалы қоныс аударғалы бойдағы көп аурудан айығып, ем қонды. Ғылымда да дәлелденген ақпарат болғанымен, мұндай өзгерістің денсаулыққа пайда әкелетінін күтпегеніміз рас.
Ал дәл осы аймаққа келуіміздің мәні мынада. Бастапқыда қоныс аударуға төрт аймақ ұсынылды. Олардың қатарында Семей, Көкшетау, Петропавл, Павлодар, Қостанай секілді қалалар бар. Кейбірінде баспана әзір болмаса, кейбір қаланың ауа-райы, табиғаты ұнамады. Кейін ойлана келе Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Петровка елді мекеніне қоныстануды ұйғардық. Мұның бір себебі, ауылда мал шаруашылығымен айналысуға барлық жағдай жасалған екен. Ата кәсіпті дамытып, шаруашылық жүргізуге қолайлы боларын есепке алғандай болдық. Оның үстіне Ираннан қойдың жүнін иіретін құрылғы әкелгенмін. Соны кәдеге жарату арқылы мал шаруашылығымен айналысатын халық болса, кәсіп бастап, ел-жұртқа пайда әкелсем деген ниет бар. Қазіргі таңда мезгілге байланысты ойға алған мақсат тоқтап тұр. Келер жылдан бастап аталған кәсіппен шаруа қамдап, атамекенге деген алғысым мен парызымды өтегім келеді. Кәсіп нәтиже беріп жатса, өзіме де табыс әкелетіні белгілі. Соған орай солтүстікке көшуді ортаға бейімделіп, қатарға қосылуыма берілген бір мүмкіндік деп санаймын.
– Сіз арман еткен Қазақстан мен қиялыңыздағы қазақ ұғымы бүгінгі қоғам қалпымен сәйкес келді ме?
– Бұл сауал мені түрлі сезімге жетелейді. Шынын айту керек, кей тұста көңілге кірбің түскен сәт болғанымен, санамдағы қазақ ұғымы еш өзгеріссіз қалды. Әсіресе, қоныс аударған алғашқы айда түрлі қиындыққа тап болып, көмекке мұқтаж кезде күткендей жәрдем болмаған шақта осы ойым беки түскен еді. Әрине, өсіп-өнген орта мен Қазақстандағы мәдени-рухани ахуал мүлде бөлек. Алайда қазақ қоғамының сан түрлі ұстаным, өмір сүру үлгісі мені таңқалдырды.
Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Ираннан алғаш Қазақстанға келгенде Ақтау қаласында болдық. Ол жақта жатақханаға уақытша қоныстанып, ықтияр хат пен туған жерден алған білім, дағдыны растайтын құжаттарды қазақшалау, заңгерлер арқылы бекіту жұмысы тұрды. Сол кезде Ираннан бірге келген 20 отбасының барлығы бірдей ауқатты деуге келмейтін. Арасында 5 отбасы қиындыққа тап болып, қаражаты сарқылған-тұғын. Сол кезде қайдан қарыз аларымызды білмей, сенделдік. Амал құрыған соң Қазақстанның Ирандағы Бас консулы Айтжан Айдашевке хабарласып, ақыл сұраудан басқа жол қалмады. Ол кісі жергілікті дәулетті кісілерге өтініш айтып, қарыз сұрауға болатынын жеткізіп, байланыс нөмірін берген. Осы тұста елге келгелі кезіккен ең жайсыз оқиға орын алды. Біз көмек сұрап байланысқан ауқатты азаматтардың бәрі кері айналып, тіпті кейбірі ауыр сөз айтты. Мұндай жауапқа таңырқаған қандастар қайтып көмек сұрауға бата алмай қалғаны бар. Бірнеше күн өткеннен кейін Ақтаудағы тегі түркімен ирандық саудагермен байланысып, қарыз сұрағанда ол кісі бірден келісе кетті. Осындай қарама-қайшылық санаға сілкініс жасады. Бұл мен үшін қазақ қоғамына берген баға емес, тек қоғамның түрленгенін білдіреді.
Оның үстіне келген сәтте квота бөлу, кәсіп бастауға грант беру, жұмысқа орналастыру секілді шаралар да бәсеңдеп қалды. Қазіргі Петровка ауылында 3, Шал ақын елді мекенінде 5 қазақ отбасы қоныстанғанбыз. Оқу бітіргенін растайтын дипломын әкелмеген немесе заңды маманмен бекітілмеген азаматтар күнделікті жұмыс істеп күн көруде. Қандастардың тұрақты жұмысы болмағандықтан кейде азық-түлікке қаржысы болмай қалады. Ондай сәтте ауыл тұрғындары, әкімдік өкілдері, қайырымды жандар жәрдемдесіп, барынша көмек қолын созып келеді. Дегенмен, жұмыспен қамту мәселесі оңалмай, жағдайдың қалыпқа келмесі белгілі.
Міне, осындай оқиғалар қиялымдағы қазақ кейпін түрлендіріп, жаңа әлемге тап болғандай күйге түсіреді. Алайда бұл Қазақстанға деген махаббатым мен қазаққа деген құрметімді еш аласартпады десем артық емес.
– Иран халқының мәдениеті, діни ритуалдарды ұстануы мен Қазақстанның өмір сүру салтында айтарлықтай айырма бар. Қазақстанда қоғамдық-тұрмыстық өмірге сіңісу қиын болмады ма?
– Бір байқағаным, Еуропа мәдениеті қазақтардың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер еткен. Ирандағы кейбір қалыпты әрекет мұнда басқаша қабылданады. Ал өскен ортасы діни түсінікке жақын болған адам үшін еркін ойлы қоғамның кей әрекеті түсініксіз. Бұл қоғамға бейімделуіме кедергі емес. Оған қоса Иран қазақтары – өз дәстүр-салтын, ата-бабасын, тарихын ұмытпаған орта. Үлкен жиындарда Қазақстан, елдегі өзгерістер жайлы үнемі әңгіме айтылады. Сондықтан жиындарға қатысу елге келген сәтте қазақтармен етене араласуға, қоғаммен сіңісуге көп көмегін тигізді. Бұл үшін Ирандағы ағайын-туысқа айтар алғысым шексіз. Бүгінде айналам қазақ. Жаңа тыныс ашылып, өз үйімде жүргендей сезінемін.
Біз үшін Иранның да өз артықшылығы болды. Сыртқы саяси үгіт-насихат салдарынан елдің ахуалы біршама төмендегені шындық. Алайда Иран қазақтары ол жақта жайлы өмір сүруде. Жұмыста, білім беру ісінде, әлеуметтік көмек тұрғысында ешқандай шеттету болған емес. Оның үстіне жолдасым парсы ұлтының өкілі болғандықтан, балаларым да парсы мәдениетіне жақын. Туып-өскен Боджнурд қаласында тұратын қазақтардың саны да басым еді. Сол себепті екі елдің тәрбиесін қатар алып өстім деуге толық құқым бар.
– Сіздер Ираннан келген алғашқы көш емес екендеріңізді білеміз. Бұған дейін Ислам Жеменей, Нияз Тобыш секілді зиялы қауым елге келіп, ата-баба арманын орындады. Сіздердің алғашқы лекке қосылмай, Қазақстанға кейін келулеріңіздің сыры неде?
– Бұрын да айтып өткенімдей, атажұртқа оралуды бала кезден арман еттім. Алайда алғашқыда білімімді толық жетілдіру үшін көшуді кейінге қалдырсам, артынша отбасылық жағдайға байланысты мүмкіндік болмаған. Алайда Ирандағы Қазақстан елшілігімен тығыз жұмыс істеп, қазақтардың елге оралуына көп көмек бердім. Табаным тимеген атамекенге қандастардың жетуін ойладым.
Ал уақыт өткесін Қазақстанға көшу туралы түпкілікті шешім қабылдау оңайға соқпады. Еңбек демалысына шыққаннан кейін отбасыммен ақылдастым. Балаларым үйде екі елдің мәдениетін қатар сіңіргендіктен қазақы болмысқа да жақындау. Ақылдасу кезінде балаларым Қазақстанға барып, өмір сүруді қалайтынын жеткізді. Мен де мұндай ойдан жігерленіп, қоныс аударуға дайындықты бастап кеттім. Қазір отағасы ғана Иранда тұрады. Қалған отбасы мүшелері толық Қазақстанға келдік.
– Бүгінде Иранда қанша қандас бар?
– Қазіргі таңда Иранда 250-300 қазақ отбасы қалды. Олар да мүмкіндік болса елге келуге асық. Жол шығыны, құжаттарды аудару, бекітуге кететін шығынды көптің қалтасы көтермейді. Билік қанша жерден көмек көрсеткенімен отбасының қаржы қоры жинақталмаса, жаңа ортада өмір сүру жеңіл емес. Оның үстіне Ираннан келген қазақтардың басым дені солтүстік өңірде. Бір-бірімізге жақын қоныстанғанды қалаймыз. Ал ондағы қазақтар суыққа үйренбеген. Климат ауыстырып, науқастанып қаламыз ба деп қауіптенеді. Алайда олармен байланысқан кезде бұл қиындықтан қорықпау керегін, үйренісуге болатынын үнемі айтып жүреміз. Бүгінде солтүстіктегі қандастар қақаған қысқа да үйреніп, тіршілік етіп жатыр емес пе?! Сондықтан жақын арада тағы көш келетіні анық. Қазірдің өзінде келер жылы наурызда Қазақстанға қоныс аударуға 50 отбасы дайындық жүргізуде.
– Балаларыңыздың қазақ тілін меңгеру деңгейі қалай? Оқу қиынға соғып жатқан жоқ па?
– Балаларым оқуға құштар. Екі балам ағылшын, парсы тілдерін жетік біледі. Қазақ тілін де үйреніп келеді. Иранда қазақша сөйлесіп, ой бөлісетін ортаның жоқтығы біршама кедергі келтірген еді. Енді, міне, елге келгесін қатарластарымен әңгіме айтып, тіл үйренуді бір ізге түсірді. Ұлым ЖОО-ға түсу үшін дайындық курсынан өтуде. Ал қызым Петровка ауылындағы орта мектептің 9 сыныбында білім алады. Мектеп директоры мен оқушылар жаңадан келген қызыма ерекше мән беріп, үлгерімі жақсаруы үшін бар күш-жігерін салуда.
– Екі түрлі мәдениет, қос қоғамның болмысын аңдадыңыз. Осы орайда Қазақстанның даму бағытын қалай бағалар едіңіз?
– Қазақстан жыл санап өзгеруде. Мысалы, 2005 жылы алғаш Алматыға келгенімде халықтың тұрмыс-тіршілігі, ойлауы өзгеше еді. Қазір жағдай мүлде бөлек. Көптеген алып ғимарат бой көтеріп, кәсіппен айналысуға мүмкіндік кеңейген. Білім беру ісі, денсаулық сақтау, құрылыс саласы қарқын алған. Иран халқының саны басым болғанымен, экономикалық әлеует тұрғысынан Қазақстаннан алары мол. Мұның барлығы алыс-жақын шетелмен байланыс нығайғанының көрінісі. Өркениет жаңалығы елдегі экономикалық дамуды, азаматтық қоғамды ілгерілеткені де байқалады. Елордадағы жаңашылдықтың өзі неге тұрады?! Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жарқын екеніне сенемін. Осы сенім аяққа тұруыма септесері анық.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен:
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!