“Тәуелсіздік қарлығаштары” айдарын тұрақты түрде ұсынып келе жатқанымызға үш айдан аса уақыт өтті. Біз осы айдарымыздың ел арасында оқылымды екеніне қуанамыз. Бүгін  Қазалы ауданы, Өркендеу ауылының тұрғыны Талап Алтынбекұлы өзінің Тәуелсіздікке қатысты ойымен бөліседі.

Талап  Өркендеу ауылындағы №104 орта мектебінде оқыған. «Қазақ-Қытай» академиясында қаржы мамандығында білім алған. Өркендеу ауылдық қоғамдық жастар ұйымының төрағасы, Қазалы аудандық «Жастар Парламентінің» депутаты, «Үздік жас депутат» номинациясының иегері. Шымкент қаласындағы Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетін музыкалық білім мамандығында бітірген. «Өркендеу ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнында әдіскер болып қызмет атқаруда.

Тәуелсіздікке жету жолы қаншалықты ауыр болса, тәуелсіздік­пен тыныстаудың баяндылығы да соншалықты жауапты екені анық. Жас ұрпақ тәуелсіздіктің тағылымын танып, қастерлеп, құрметтеп отыруы керек деп түсінемін. Сондықтан бәріміз еліміз үшін еңбектенуіміз, халқымыз үшін қызмет істеуіміз керек.

Тәуелсіздік – қазақтың маңдайына оңай бұйырған олжа емес. Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, егеменді ел болу үшін талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Қазақтың көзін ашып, көкірегін ояту үшін тер төккен, ұлтының бодандықтан құтылуы үшін өз өмірін құрбан еткен есіл ерлердің еңбегі ақталды. Тәуелсіздік еліме қанат бітірді, қадамын қарыштатып, болашаққа сенімін нығайтты. Егемендіктің арқасында алыс-жақын көршілермен тереземіз теңесіп, халықаралық қауымдастықтан ойып тұрып орын алдық.

Тәңірден берілген тәтті сыйдың қазақ  аспанында қалықтап, шуақты күнінің арайлап атқанына 30 жыл толды. Ел үшін айтулы жылды ұлықтау, ащы термен келген тәтті жеңістің салмағын ба­ғамдау, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу барысында өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды. “Тәуелсіздік бәрінен қым­бат!” деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс, – дейді Талап замандас.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!