Вконтакте желісін жастар жақсы пайдаланады. Күн демей, түн демей осы желінің көркін қыздырып отырады. Айтайын дегенім, бұл желіде әртүрлі парақшалар бар. “Қыздарға кеңес”, “Қыздар құпиясы”, “Жігіттерге кеңес”, т.б. секілді топтарды көзіңіз шалады. Сол топтардың бірінен “Маған өз өмірім ұнамайды” деген жазбаны көріп қалдым. Неше түрлі пікірлер жазылған. Бірі түзу жол сілтеп, енді бірі қолдап жатса, екіншісі келеке етуде. Анығында, жасөспірімдердің кімге қандай кеңес беретіндей қауқары бар?

“Менің әкем қайтыс болған, анам екінші рет тұрмысқа шықты. Өгей әкем маған мүлде ұнамайды. Дастарқанда менсінбей отырады. Мүмкіндік туса кекетіп, мұқатуға әзір. Анама “қайта үйленбеңізші” деп қанша айттым. “Саған өмір бердім, енді өз өмірімді өзім шешемін” деді. Сонда менің болашағым не болмақ? Әкем жоқ, анамның сиқы анау. Кімге сенім артамын, арқа сүйеймін” деген жазба да оқырмандардың қызу талқысында. Одан да адамға ой саларлық бағытты таппайсың. Осындай тығырыққа тірелгендер  не істемек?

“Суицид жиілеп кетті” дегенді естіп жатамыз. Мұның астары неде? Ата-ана балаға жеткілікті түрде тәрбие бере ме? Ата-ана күрделі тақырыптарда баламен қалай сөйлесу керек? Күйзелісте жүрген баламен қалай тіл табысуға, оған қол ұшын созуға болады? Қайтсек жасөспірімдер қоғаммен, ата-анасымен қысылмай сөйлесе алады? Бұл сұрақтың жауабын маманнан сұрап көрдік.

Сымбат Әбдірахманова, психолог:

– Суицидтің астарында көптеген себептер бар. Біріншісі, бұл тұқым қуалауы мүмкін. Яғни арғы атасында немесе әжесінде суицидтен қайтыс болатындар болса, бұл да әсер етеді. Сондай-ақ психикалық бұзылыс болса, тұқым қуалап, келесі бір ұрпақтан шығады. Сонымен қатар бала кезден алған жарақат та әсер етеді. Әртүрлі отбасы бар, қолайсыз отбасылар, күнделікті әкесі ішіп келіп айқай шығаратын, зорлық көретін, баланы күнде ұратын үй іші бар. Бұл отбасындағы шиеленістердің кесірі де тимей қоймайды. Бала жыныстық қатынастан зорлық көруі мүмкін. Бұл өскен кезінде баланың психикасына әсер етеді. Жай ғана мысал ата-анасы баланың көзінше өзара ұрысып жатса, бұл да балаға соққы болып тиеді. Мұның да әсерін жоққа шығара алмаймыз.

Рас, қоғамда болып жатқан жағдайлар елді елең еткізеді. Бұрын тұрмыс құрған қызға ата-анасы “сол үйдің отымен кіріп, күлімен шық” деп қатаң тапсырған. Ал қазір “ішіме сыйған бала,сыртыма да сыяды” деген түсінік белең алып келеді. Осыдан келе шаңырақтың іргесі құлайды. Ең сорақысы, бала анасыз, не әкесіз өседі. Бұл баланың болашағына әсер етеді.

Анасы баласымен бірге тұрады. Далаға ойынға шыққан бала, күнде-күнде балалардан таяқ жеп жылап келеді. Бір күні ашуға булыққан ана: “Сен неге ұрмайсың” деп сұрайды. Көзі жасқа толған бала: “Менен жасы кіші болса да, оның әкесі бар ғой” деп жауап береді. Міне, бұл да біздің қолмен істеп отырған тірлігіміз. Өзге балалардың толыққанды отбасында өмір сүргені, мектепке қол ұстасып апаруы да “менде осылай келер ме едім” деген ойға тірейді. Психологтардың айтуынша, ата-ана баланың жасына мән беріп, әр жаспен әртүрлі сөйлесу керек. Мәселен, сіз кішкентай баламен де, мектеп бітіргелі отырған жасөспіріммен де бірдей сөйлесе алмайсыз. Сіз баланызбен жақын тіл табысу арқылы  қиындықты жеңіп шығуға қолдау білдіресіз. Сосын бір уақыт әлеуметтік желідегі парақшаларына қарап, кімге тіркелгенін, кіммен сөйлесетінін бақылап отырғаныңыз артық етпес…

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!