Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылған айдар “Тәуелсіздік қарлығаштарының” бұл жолғы кейіпкері жас ақын – Мақсат Дауылбай.  Ол  – республикалық, облыстық жыр мүшайраларының жүлдегері. “Самғау” жастар сыйлығының иегері. Гуманитарлық ғылымдар магистрі, облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары.

– Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойында мен еліме өрлеу мен өркендеу тілер едім. Әлемдік бедерде өз жолы, өз сүрлеу-соқпағы, өз үні, қолтаңбасы қалыптасқан мемлекетіміздің мәртебесі биіктей бергей! Ордалы Отанымыздың тірлігі татымды, ұрпағы ақылды болғай, – дейді Мақсат.

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді. Біз сол үшін де мақтана аламыз.

– Патриот – борыш пен міндеттің жүгін жүрегімен сезіне алатын, обал мен сауаптың парқын ұжданымен ұғына алатын, Отан мен оттың қадірін бар болмысымен түйсіне алатын ерекше таным иесі, – дейді «Отан оттан да ыстық» деген тәмсілді алға тартқан жас ақын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс.  Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!, – деді Тәуелсіздік бәрінен қымбат мақаласында.

– Тәуелсіздік деп мен Абайын алғаусыз ұлықтай алмаған, Әлихан, Мағжан, Сәкенін амалсыз ақтай алмаған, ділін дәріптей алмаған, ұстанымын ұлағаттай, құн-қасиетін қырағаттай алмаған қасіретті кезеңдерді алмастырған бүгінгі алаңсыз күндерімізді атар едім, – деп кейіпкеріміз ізгі лебізін білдірді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!