Фото: Коллаж: Tengrinews.kz/ Әлихан Сәриев, depositphotos.com

Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен қайран елім.

Massaget.kz тілшісі бұл әннің шығу тарихына тоқталды. Бір қызығы, әнде айтылатын Самалтаудың орналасқан жері әлі күнге дейін белгісіз. Ауылдың атауы өзгеруі немесе қайта берілмеуі мүмкін.

Самалтау шынымен қайда орналасқан?

Тарихшы-журналист Сәулембай Әбсадықұлы мақалаларының бірінде Жақсыбай Сүлейменұлы есімді туысының естелігін бөліседі. 

«Жақсыбай көкемді тыңдасам, адам нанғысыз аңыздар айтады. «Сендердің Қаратау деп атап жүрген­дерің – Самалтау» деген ол кісі. Сайын далада самал жел соғып тұрғандықтан, біздің елдің жұрты Қаратаудың соңғы сілемін Самалтау деп атаған. Жаңағы жазиралы, көкмайсалы, қараса жұрттың көзі тоятын Сарыарқа жері әу бастан сал-серілердің мекені. Жеті болыстың ұл-қыздары да шетінен өнерлі еді. Бұл өңірден ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы, ғажайып әнші Сапалай Исатайұлы шыққан», – деп жазған тарихшы. 

Әннің тарихы қандай? 

Ән 1916 жылғы оқиғаларға қатысты. 1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасы ІІ Николай патшаның «Реквизициялау туралы» жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі халық арасынан 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алған еді. Бұл – туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған қазақ жігітінің әні. Ол туған елін, жерімен қимай қоштасып, «Самалтау» әні арқылы жан күйзелісін білдірген. 

Бұл әннің авторы кім?

Жақсыбай Сүлейменұлының мәліметінше, әннің сөзін де, әуенін де жазған – Сапалай Исатайұлы.

Әнді кімдер орындаған еді?

Бұл әнді Сырғабек Тазабеков, Ерлан Төлеутай, Бекболат Тілеухан, қытай қазағы Арай Айдархан мен Димаш Құдайберген орындап жүр.

 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!