Өңірлік коммуникация орталығында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметованың қатысуымен брифинг өтті.

Брифингте Аналар кеңестерінің атқарған ауқымды шаралары және алдағы жұмыс жоспары айтылды.

– Бүгінгі таңда облыста 113 Аналар кеңесі бар. Оның құрамында 1103 адам жұмыс жасайды. 2014 жылы жұмысын бастаған облыстық Аналар кеңесі отбасылық демографиялық саясатын дамытуға, әйел бейнесін қалыптастыру, отбасы мен некенің құндылығын насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ретте «Ақ орамал» жобасының маңызы ерекше. Жоба аясындағы облыстың 7 ауданы, қалаға қарасты елді мекендерде өткізілген әрбір кездесу, акция, сырласу кешінде қыз баланың отбасындағы тәрбиесі, олардың өмірге бейімделуі, еңбекқор, білімді де әдепті, саналы да сезімтал, өресі биік ұрпақ тәрбиелеу жолындағы аналардың рөлі, тәрбиенің маңыздылығы туралы сөз қозғалады.

Ендігі кезекте кеңес «Әке өмір тірегі», «Әке болу оңай ма?» сынды жобаларды жүзеге асыруда. Осы арқылы олардың қоғамдағы беделін, әке мен бала арасындағы байланысты көрсету, үздік әке өнегесін насихаттау бағытында жұмыстарды қолға алуды көздеп отыр, – деді Р. Ахметова.

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы

Ассамблеясының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!