Өмір мен өлім беттескен сәтте де, қауіп пен қатер қатар төнген кезде де ер білекті, батыр жүректі әйелдер болған. Қазіргі кезде де мұндай жандарды кездестіруге болады. Дей тұрғанмен, қыз баланың жалпы әйел затының нәзік жаратылыс екені әрдайым есте тұрады.

Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін нәзік­жандылар саны артып келеді. Бір ғана Қызылорда облыстық полиция департаментіне қарасты мекемелерде 2198 қызметкер болса, соның 211-і қыз-келіншек. Әрине, олардың арасында ұзақ жылдар бойы осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқандары да, қадамын енді басқандары да бар. Қайбірімен сұхбаттаса қалсаңыз, олар бұл саланың қиын да қауіпті екенін айтады. Жұмысы қиын және өте қауіпті болса да полиция подполковнигі Арай Дюсенаева 15 жылдан астам уақыт аралығында Анықтау басқармасында аға анықтаушы болып жұмыс істейді. Оның басты міндеті шаһардағы шу шыққан қылмыстарды анықтау. Арай Қызылорда қаласындағы №9 мектеп-гимназияны үздік бітіріп, Ақтөбе заң колледжінде заңгер мамандығында оқыды. Білімін жетілдіру мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің заңгер мамандығын тәмамдаған. Қызылорда қалалық ішкі істер басқарамасының анықтау бөлімінде анықтаушы қызметін, Қызылорда облыстық Полиция департаментінің Анықтау басқармасының аға анықтаушысы қызметін атқарады. 2016 жылдан бері Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының жол-көлік оқиғасы және өрт оқиғаларын тергеу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға анықтаушысы. Арайға ҚР ІІМ-нің Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін “Үздік медаль” және 2 дәрежелі «Ішкі істер органының үздігі» медаль табысталды. Бүгінде кейіпкеріміз – екі баланың анасы.

Ол “адам бойындағы қайсарлық қана қиындықты жеңеді” деген ұстанымды ту етіп келеді.

Ерасыл ШӘРІБЕК    

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!