Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде профессор, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жанбершиева атындағы «Қазақ әдебиетінің тарихы» дәрісханасы ашылды. 

Салтанатты жиында Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Нұрлан Уразбаев ғалымның ғылым мен білім саласына қосқан еңбегіне тоқталды. 

«Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғылым мен білім саласының дамуына зор үлес қосқан ғалымдардың есімін ұлықтауды дәстүрге айналдырды. Бұл – кейінгі үш жылда демеушілер қаржысы есебінен қайта жаңартылған он бесінші дәрісхана. Профессор атындағы дәрісхана бұдан былай университет білім алушыларының сапалы білім алуына қызмет ететін болады»,-деді Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Нұрлан Уразбаев. 

Жиында Ұлжан Нахатқызына Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы алтын медалі» табысталды. 
Профессор 1983 жылдан бастап бүгінге дейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасында ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, профессор қызметтерін атқарып келеді.

Ғалымның 12 оқу-әдістемелік құралы, 2 монографиясы, 4 әдеби-зерттеу еңбегі мен 250-ден астам ғылыми мақаласы жарық көрген. 
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, сапалы кадр дайындауға арнаған ұстаз «Қорқыт Ата атындағы Алтын медалімен», «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» және «ҚР-ның Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 

«Ұлжан Нахатқызы – ұлттық интелегенцияның біраз өкілдерін дайындап келе жатқан ұстаздар қауымының жарқын өкілі. Бізге әрі жетекші, әрі анамыз ретінде жол көрсетті. Ұстазымыздың ағарту саласындағы еңбегі орасан зор»,-деді «Ұлттық кино мен өнерді қолдау орталығы» Акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Абзал Мұхимов. 

Айта кетейік, тұсаукесер салтанатында лента қию рәсімі техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы мен экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенұлына берілді. 

Жиынға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздар, профессор-оқытушылар мен білім алушылар, ғалымның шәкірттері мен замандастары қатысты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!