Адам баласы ежелден бір сұраққа жауап іздейді, «талант туа біте ме, әлде жүре қалыптаса ма?». Әсіресе өнер мен әдебиетке келгенде бұл сауал тіпті тереңдей түседі. Бір отбасынан бірнеше ақын-жазушының шығуы – кездейсоқтық па, әлде расымен де қабілет қанмен берілетін құбылыс па?

Қазақ әдебиетінің тарихына көз жүгіртсек, әке жолын қуған, ата дәстүрін жалғаған қаламгерлер аз емес. Бұл құбылыс тек биологиялық мұрагерлік емес, рухани сабақтастықтың да айқын көрінісі. Ғылым тұрғысынан қарасақ, адамның мінезі, ойлау жүйесі, сезімталдығы белгілі бір деңгейде тұқым қуалайды. Ал жазушылыққа аса қажет қасиеттер қатарына терең сезіну, байқампаздық, тілге бейімділік, қиялдың ұшқырлығы, осының бәрі де табиғат берген ерекшеліктерге жатады.

Бірақ бір ғана ген адамды жазушы етіп шығармайды. Әдеби орта, үйдегі рухани аура, кітапқа жақын болу, сөз қадірін естіп өсу – міне, қабілетті оятатын негізгі күштер осылар. Сондықтан «қабілет қанмен беріледі» деу біржақты болса, «бәрі тек еңбектен» деу де жүз пайыз шындыққа жанаспайды. Әдеби әулеттер осы екі фактордың тоғысқан тұсы іспетті. Бірі ата жолымен қалам ұстап шығармашылықпен айналысса, енді бірі әке мұрасын жинақтап, зерттеумен шұғылданған. Ендеше, бүгінгі мақаламызда қазақ әдебиетіндегі рухани жалғастық тақырыбына қалам тербеуді жөн санадық.

Қабілет қанмен беріле ме?
Абай және балалары Ақылбай, Мағауия

Қазақ руханиятының темірқазығы, ұлт ойының шамшырағы Абай Құнанбайұлынан тараған ұрпақ – тек бір әулеттің шежіресі емес, тұтас халықтың рухани тарихының жалғасы бола білді. Ұлы ақынның сөзі ғасырдан ғасырға жетсе, сол сөздің шырағын өшірмей, мұрасын аманат етіп жеткізген – оның перзенттері мен немере-шөберелері.

Абайдың сөз өнерін жалғастырған ұрпағы аз емес. Солардың ішінде Ақылбай Абайұлы «Дағыстан», «Зұлыс», «Жаррақ батыр» поэмаларын жазса, Мағауия Абайұлы «Еңлік-Кебек», «Абылай», «Медғат-Қасым» поэмаларының авторы. Ал Тұрағұл Абайұлы – Абай мұрасын алғаш жинап, 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген тұңғыш жинақты шығаруға атсалысқан тұлға. Әубәкір Ақылбайұлы сатиралық өлеңдер мен дастандардың авторы. Уәсила Мағауияқызы жоқтау жыр, өлең жазса, Күлзипа Исрайылқызы ақын, педагог атанған.

Абай ұрпақтарының өмір жолы – қазақ зиялысының тағдыр айнасы. Олар атақ үшін емес, аманат үшін өмір сүрді. Қиындыққа мойымай, Абайдың өлеңін, әнін, қолжазбасын, естелігін сақтап қалды. Абай ұлттың рухани ұстыны болса, оның ұрпақтары сол руханияттың жалғасы.

Қабілет қанмен беріле ме?
Саят Жансүгіров

Қазақ поэзиясының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров те әдебиеттен алыс кетпеді. Оның негізгі мамандығы инженер, кенші, техника ғылымдарының кандитаты болғанымен, келесі бір қырынан аудармашы, әдебиетке жақын тұлға болды. Мәскеу қаласында кеншілер институтын бітірген Саят Ілиясұлы әкесінің көп өлеңін аударды. Әкесі туралы толымды естеліктер де жазып қалдырды. Мұнда тек әке атының демеуі ғана емес, сөзге деген табиғи бейімдік мен бала күннен сіңген әдеби рухтың да ықпалы бар. Ілиястың поэзиясындағы музыкалық ырғақ, бейнелі тіл бала санасына ерте орныққаны анық. Бүгінде Ілияс Жансүгіровтің ұрпақтары шет елде, нақтырақ айтсақ, Хорватияда, Мәскеуде, Белорусияда ғұмыр кешіп жатыр.

Мұхтар Әуезовтің ұлы Мұрат Әуезов көркем проза жазбаса да, әдебиет пен мәдениет кеңістігінде ірі тұлғаға айналды. Ол – әдебиеттанушы, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты. Мұнда қаламгерлік форма өзгергенімен, терең ойлау, ұлттық рухқа алаңдау, сөзге жауапкершілік сияқты іргелі қасиеттердің сабақтастығы айқын сезіледі.

1965 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын филолог-шығыстанушы мамандығы бойынша тәмамдауы – оның ғылым жолындағы іргелі қадамы еді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған тарихи кезеңде ол қоғамдық өзгерістер үдерісіне де белсене атсалысты. Парламент депутаты ретінде заңнамалық жұмыстарға қатысып қана қоймай, ұлттық мәдениет пен әдебиет мәселелерін көтеріп, ғылыми-зерттеу еңбектерін де қатар алып жүрді. Оның қызметі саясат пен руханияттың тоғысқан тұсында өрбіді. Ғылыми салада ол көркемдік процестің теориясы мен практикасына арналған 200-ден астам жарияланымның авторы. Оның «Уақыт байланыстырушы – жіп», «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару», «Қайту үшін кету» атты монографиялары – адамның, ұлттың және мәдениеттің тарихи қозғалысын пайымдайтын терең толғамды еңбектер қатарында.

Қабілет қанмен беріле ме?
Мұрат Әуезов

Осылайша, Мұрат Әуезов – ғылым, әдебиет, мемлекет қызметі және дипломатия салаларын тоғыстырған көпқырлы болмыс ретінде тарихта қалды. Зерттеуші ғана емес, уақыт пен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінген қайраткер 2024 жылы дүниеден озды.

Алаштың ардақты ұлы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова да – ғылым мен әдебиет, қоғам алдындағы жауапкершілік пен ұлттық рухты сақтау жолына саналы ғұмырын арнаған тұлға. 1939 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген Гүлнәр Міржақыпқызы 48 жыл бойы дәрігер-дерматолог ретінде қызмет атқарып, қазақ медицинасының дамуына сүбелі үлес қосты. Алайда оның ең үлкен еңбегі тек медицинада ғана емес, ұлттық рух пен әдебиет саласынан да ойып тұрып орын алды.

Гүлнәр Міржақыпқызы Алаш арыстарының мұрасын сақтауға және олардың ақталуына ерекше еңбек сіңірді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының тағдырын зерттеп, сталиндік репрессия құрбандары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов және басқа да қоғам қайраткерлеріне қатысты материалдарды саяси ақтау комитетіне алғаш жолдағандардың бірі еді. Ақталғаннан кейін ол Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұражайларға экспонаттар, Алаш арыстары қолданған жеке заттар, кітаптар, хаттар мен құжаттарын тапсырды.

Әкесінің жолын қуып, 1988 жылдан бастап мерзімді баспасөз беттерінде Алаш қозғалысының қайраткерлері мен олардың өмір жолын сипаттайтын мақалалар, очерктер, естелік-эсселер жазды. Оның шығармалары кейін «Алаштың сөнбес жұлдыздары» және «Шындық шырағы» деген атаумен кітап түрінде де жарыққа шықты. Гүлнәр Міржақыпқызы 2010 жылы медицина саласындағы қызметі үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің алтын медалімен марапатталды. Ал 2011 жылы Алаш арысы Әлихан Бөкейханов атындағы тәуелсіз қоғамдық төсбелгісіне ие болды.

Қабілет қанмен беріле ме?
Гүлнәр Дулатова

Алаш арыстарының көзін көріп, олардың ақталуына саналы ғұмырын арнаған, «халық жауының» қызы бола тұра, өз миссиясын абыроймен атқарған аяулы жан 2013 жылы дүние салды. Ол тек дәрігер немесе жазушы ғана емес, сондай-ақ қазақ зиялыларының дәстүрін жалғастырған, ұлт тарихына өзіндік із қалдырған қайраткер ретінде ел жадында қалды.

«Әдеби сабақтастықтың қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді» дейді зерттеушілер. Ең әуелі үйдегі сөз мәдениеті үлкен рөл ойнайды. Көркем сөзді естіп өскен адамда тілге деген нәзік түйсік қалыптасады. Қаламгердің үйінде туған бала үшін әдебиет бөтен дүние емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі. Ол әкесінің кітапханасын ғана емес, дүниені қабылдау тәсілін мұраға алады. Мұндай отбасыларда саясат та, тарих та, өнер де жай әңгіме емес, терең талқыланатын тақырыптар. Бала жастан кітаптың иісін, жазу үстелінің тыныштығын, ойға шомған әкенің күйін көріп өседі. Бұл кейін жазушылық қабілеттің іргетасы болып қаланатыны анық. Қаламгерлік оңай жол емес. Бірақ әдеби ортада өскен адам ой еңбегінен үрікпейді.

Сондай-ақ «ата-анамның атына кір келтірмесем» деген ішкі талап кейде үлкен мектепке айналады. Бұл – талантты ұштайтын моральдық күш һәм жауапкершілік. Дегенмен ақын мен жазушының әр ұрпағынан қаламгер шыға бермейді. Демек табиғат берген қабілет болмаса, орта жалғыз өзі жеткіліксіз.

Сонымен, «қабілет қанмен беріле ме?» деген сұраққа жартылай иә, жартылай жоқ деуге болады. Қанмен сезімталдық, ойлау жүйесі, мінез ерекшелігі берілуі мүмкін. Ал нағыз жазушыны қалыптастыратын рухани орта, еңбек, өмірлік тәжірибе, қоғаммен байланыс. Қазақ әдебиетіндегі әке жолын жалғаған қаламгерлер таланттың тек тұқым емес, тәрбие мен рухани сабақтастық арқылы жалғасатын құбылыс екенін дәлелдейтін тірі мысалдар. Олар арқылы біз бір шындықты көреміз. Әдебиет тек жеке адамның емес, кейде тұтас әулеттің тағдыры.

Қаламгерлер әулеті бізге талант ген арқылы берілуі мүмкін, бірақ оны сақтайтын рухани кеңістік екенін ұқтырды. Егер үйде кітап болмаса, пікір алмасу болмаса, сөзге құрмет болмаса ең мықты геннің өзі өшіп қалуы мүмкін. Ал керісінше, рухани бай ортада өскен балада қабілет ұшқындап тұрады. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі ұрпақ сабақтастығы бұл тек атақ жалғастыру емес. Бұл – ұлттық ойлау жүйесінің ұрпақтан ұрпаққа берілуі. Әдебиет осылайша жеке адамның өнері болып шектелмей, рухани тектіліктің өлшеміне айналады.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!