Облыста «Қайырымды істер» марафоны жалпыұлттық жобасы басталғалы бері 581 іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде демеушілер есебінен республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында 3 322 оқушыға арнайы көмек көрсетілген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аймақтық «Қоғамдық Келісім» КММ орталығының директоры, облыстық волонтерлер фронт офисінің жетекшісі Болатбек Айтбенбетов аталған жоба шеңберіндегі өткізілген шараларды баяндады.
«Қайырымды істер» марафоны басталғалы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Шара аясында жалпы саны 31 215 адам қамтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ және «Бітім» медиация орталығы» ұйымдастыруымен «Мерейлі отбасы» спартакиадасы өткізілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған спартакиаданың мақсаты − дене тәрбиесін насихаттау және ерекше жандар арасында салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады. Сонымен қатар ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі Жалағаш аудандық Иманқұл мешітінің ұйымдастыруымен көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған 34 отбасыға қажетті азық-түлік таратылды. Аудандарда да қайырымдылық марафондары белсенді түрде жүргізілді. Атап айтсақ, Шиелі аудандық жастар ресурстық орталығы “Жасыл Ел” жасағы сарбаздарының ұйымдастыруымен Ыбырай Жақаев саябағында тазалық жұмыстары өтті. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының ерікті жастары бірігіп тыл ардагеріне көмек көрсетіп, олардың ақ батасын алып қайтты. Бұл шаралар әлі де өз жалғасын табады»,- деді Болатбек Серікбайұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!