Қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, музыка өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар аңыз адам, жазушы әрі этнограф Әбдісаттар Оспановтың есімі жұртшылыққа жақсы таныс.
Ел тарихы, ұлттық өнер туралы қалам тербеп жүрген жазушы ағаның әрбір айтқан сөзі бүгінгі буын, келер ұрпақ үшін құнды. Ұлттық мұра, ұлттық болмысты сақтау арқылы ғана әлем елдерінің арасында өз тіліміз, ділімізді жоғалтпаймыз десек, бүгінде Әбдісаттар аға «ұрпақ үшін, ұлт үшін құнды деректерді кітап қылып, ең болмағанда қолжазба күйінде қалдырып кетсем» дейді. Бұл – әрине, ел таныған тұлғаның туған елге деген құрметі.
Жазушы аға өзін «ақынмын демеймін» дейді бір сұхбатында. Айта кету керек, қаламгердің «Өмір неткен тәтті едің…» кітабы мен «Жанқожа батыр», «Хан Сырлыбай» атты тарихи деректі романдары жарық көрді.
- Ақындық, күйшілік өнер елу тоғыз жасқа келгенде байқалды. Адам алпысқа жақындағанда бес жаман қасиет пайда болады, соның бірі мақтаншақтық болса, жетпіс беске келіп, ақындығымды айта берсем болар, – деген еді.
Иә, қаншама дүлдүлдердің асыл қазыналарынан сусындап өскен, рухани әлемі бай Әбдісаттар аға өнердегі өресі биік дарынды тұлға екендігі, ол кісінің кез келген еңбегінен көрініс табады. Ол халықтық өнердің жанашыры ретінде 1987 жылы Жаңақорғанда Қазақстанның халық ақыны М.Көкенов атындағы, 1996 жылы Қазалы қаласында Нұртуған ақын атындағы ақын-жыршылар дайындайтын мектептер ашты.
Өзі би, өзі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының өмірі мен ерлігін зерттеп, батырдың 240 жылдығына орай үш томдық тарихи-көркем «Наркескен» трилогиясын жазды. Сондай-ақ ағамыз Сыр шайырлары Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Қарасақал Ерімбет поэзиясына терең үңіліп, ұрпаққа құнды дүниелер жазып қалдырды.
Ағаның кең көлемді шығармашылығынсыз Сыр өңірі өнерінің, соның ішінде Арал-Қазалы дәстүрлі мектебінің ұлы көшін елестету оңай емес.
Нұртуған шайырдың мектебінен тәлім алып, ұлттық өнерді дәріптеп жүрген маған, ағамыздың сол ақын атамызға арнаған екі томдық кітабы өмір бойы азық болатынына сенімдімін.
Хасенхан КІШКЕНЕЕВ,
Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Дәстүрлі жыр» мамандығының 4-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!