Қаланың басты стратегиялық нысаны әрі тоғыз жолдың торабынан тоғысатын сан түрлі жолаушыларды қарсы алатын бас қақпасы әрі әлеуметтік-экономикалық айнасы саналатын Қызылорда теміржол вокзалы 1900-1905 жылдар аралығында Орынбор – Ташкент магистралы іске қосылғаннан кейін салынған. Биыл вокзалдың салынғанына 118 жыл толып отыр. Қызылорда облысының барлық аудандары теміржолдың бойында орналасқандықтан аудандардағы вокзал құрылысының тарихы да осы жылдармен тұспа тұс келеді.

Тарихи жазбаларға сүйенсек, Қазақстанның, Сібірдің, Орта Азияның жергілікті тұрғындарын өз жерлерінен ығыстыруға ықпал еткен патшалық Ресейдің соңғы императоры Николай Александрович Романов (Николай ІІ) осы вокзалдың салынуына мүдделі болған деген мәліметтер бар. Айтса айтқандай, вокзал жұмысының іске қосылуымен бірге қала халқының саны жергілікті тұрғындардан бөлек жан жақтан ағылған қоныс аударушылар есебінен қарқындап өскен.

Алғаш тұрғызылған кезде вокзал бір қабатты болған. Вокзал үшін қызыл кірпіш арнайы Орынбордан жеткізілген. Кірпіштің беріктігін арттыру үшін аттың қылы қосылған.

1969 жылы үш қабатты жаңа вокзал іске қосылды. Қайта жөндеуден өткен вокзалдың бүгінгі келбетіне қарағанда жаңа ғимарат тәрізді әсер қалдырады.

Үш ғасырда бұл шаһардың атауы үш рет өзгергенін ескерсек, Қамысқаладан – Ақмешіт – Перовскідегі қайнаған қызу тіршіліктің белгісі ретінде бірнеше көне орындарды атап айтуға болады. Мәселен, Қызылордада көпестерден қалған жалғыз үйдің тарихы 1878 жылдан басталады. Бұл үй инженер, генерал Брюноның жобасы бойынша салыныпты. Ертеректе мұнда қыздардың шіркеу училищесі орналасқан. Одан кейін тігін-тоқыма фабрикасы мен баспахана өз өнімдерін осы жерден шығара бастаған. Қазір «сүйегі асыл» бұл ғимарат сауда үйіне айналып отыр.

Сымбат ИМАНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!