Бала күнімде демалыс бола қалса, нағашымның ауылына асыға жөнелетінмін. Ыстық сүтін сапырған апамның алақанына емірене, пеш түбіндегі мысықтай жайғасып пырылдап ұйықтайтынбыз. Төрт түлікті серік еткен көкемнің де ауылдағы шаруасына қолқабыс ететініміз бар. Жазды күні түтіндік түтеткен атамның жануарларға махаббаты шексіз екені мына маған аян еді. Басынан сипап, асқан мейірімділікпен қарайтын.
Ұлы сәске уақытта жолға шықтық. Көлік алдына көкем жайғасты. Бекту көкеммен жол бойы ананы-мынаны сөз етіп келеміз. Көкем түліктің қай түрін болмасын жақсы көрсе де, түйеге деген көзқарасы ерекше еді.
Жай ғана күрсініп «ой, жануар» дейтін. Содан мазалаған сұраққа жауап алуды жөн көріп, «Көке, сіздің мал-жанға деген махаббатыңыздың ерекше екенін білемін. Бірақ түйені көргенде, оны «ой жануарлар» деп айтуыңызға не себеп?! – деп сұрадым. Шақырымдарды артта қалдырған Бекту көкем жол бойы үнсіз келді. Жеткен бойда аптығын басып, жайланып алған соң ғана әңгімесін ақырын бастады.
«Шиелі өңіріндегі халықтың 20-30%-ы көршілес Өзбек, Тәжік, Қырғыз ағайындар арасынан көшіп келгендер. Кезінде түрлі себептермен келген бұл халық қиыншылықтың дәмін татты. Егінін жинап болған соң бір жерден екінші жерге қоныс аударатын. Неге екені белгісіз араларын 10-20 шақырым етіп айырып, бір жерде топтасып отырмайтын. Түліктің төртеуінде баққан әр шаңырақта 10-15 малдан болушы еді. Бұл халықтың басы сабантойда немесе құрбан айт, ораза айтта ғана қосылып, дидарласатын. Осындай кездесудің бірінде тағы да қоныс аударуға тура келгенін біледі. Айтуға қиын болса да, айтайын деп күрсінген Бекту көкемнің жанарына үңілдім. «Түйеге жол көрсетсең, бармайтын, жетпейтін жері жоқ. Сол кезде қазақтар түйелерді колхозға өткізіп, көшпек болған. Бұл мезгіл жаз айының ортасынан ауған кез. Хабар бір-біріне жетіп, бота тайлақ түйелерді ет комбинатына жөнелтеді. «Жануар» демей не дейін? Әшейінде қайда жетелесең сонда жорта беретін бұл сапардың ажал сапары екенін білгендей, аяқ баспады. Жетектеген жанда да, жетектелген малда да зәре жоқ. Арасы ат шаптырым үлкен қораға жануарларды әрең дегенде кіргізген еді. Цемент қорадан мойынын созып зарлап тұрған бір түйе. Әсіресе біздің қара құнажынның екі көзінен шелектеп аққан жасы мен зарынан қашып кете алмаған-ды. Зарлаған жануарлардың даусы олардың қарасы көрінбей қалғанға дейін құлағымыздан кетпеді. Көкем – көрген-білгенін іште сақтайтын жандардың бірі. Үйге келе теріс қарап жантайған бойы нәр татпастан тура 3 күн жатты. Кейін өз-өзіне келіп, болған жағдайды айта бастағаны сол еді, үйдегілердің көзіне жас алмағаны болмады. Осы кезде Бекту көкемде ұзақ үнсіз отырды. Тіпті оқиғаны көзбен көрмеген мына менің де көңілім босағандай. Арада қаншама жылдар өтсе де қара құнажынның зарлы үні құлағымнан кеткен емес. Ажал неткен қорқынышты еді?! Мал екеш, малдың өзі иіліп, зарлана жылар ма?
Айгерім Әлішер
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!